Жаңалықтар

Мың алғыс сіздерге, абзал жандар!

Әлемді жайлаған індетке қарсы күш салып, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертпен алысқан ақ халаттылар кез келген құрметке лайық. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болған медицина қызметкерлеріне кәсіби қызметі мен көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс айтамын.

Мен өз тарапымнан дертке шалдыққандарға жедел түрде көмек көрсетіп, жанын аямай жанкештілікпен жұмыс жасап жатқан денсаулық сақшыларына жүрекжарды лебізімді білдіремін. Приозерск қаласының орталық ауруханасының жан сақтау бөлімшесіне қатты ауырып түстім. Жедел жәрдем бригадасының фельдшері алғашқы көмек көрсетіп, аурухананың фильтр бөліміне жеткізді. Фильтр бөлімінде дәрігердің қарауынан кейін аса ауыр дәрежеде сырқаттанып қалғаным анықталып, жедел түрде ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер мен медбикелер өте мейірімді болды. Олардың тарапынан ешқандай шағым естімедім. Бір де бір дөрекі сөзін құлағым шалмады. Сонымен қатар, дәрігерлердің қолдау сөздері көмектесті. Алапат дерттен әлемді тазарту жолында, халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ халатты абзал жандарға алғысымды жеткіземін.

Сіздерге мың алғыс, абзал жандар!

Жәмилә СЕЙДІЛЛАҚЫЗЫ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button