Музыкалық мол мұра
Биыл туғанына 180 жыл толатын Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев соңында өлмес өлеңдерін ғана емес, музыкалық мол мұрасын да қалдырған. Осы мерейтой қарсаңында оның сол асыл туындыларын ұлықтау мақсатында Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ән мен күй кешін өткізді.

Аудан орталығы Ботақара кентіндегі Шамшырақ алаңында өткен “Құлақтан кіріп, бойды алар – Әсем ән мен тәтті күй” деп аталатын кештің көрігін қыздырған жергілікті өнерпаздар бірінен соң бірі сахнаға шығып, халықты Абайдың музыкалық шығармаларымен сусындатты.
Ұлы Абайдың өз өлеңдеріне ән шығарып, қиялынан күй тудырғаны да белгілі. Міне,осы кеште сол туындыларының біразы орындалып, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды.Атап айтқанда, Қазбек Талашев пен Зәуре Төлеубаева “Айттым сәлем,Қаламқас”, Азамат Амантайұлы “Өзгеге көңілім тоярсың”, Уаш Темірбек “Көзімнің қарасы”, Қали Еркебұлан “Желсіз түнде жарық ай”, Рымбала Нұрасыл “Бойы бұлғаң”, Қуандық Төкен “Сегіз аяқ”, Сауытхан Фарида “Домбыраға қол соқпа” әндерін әуелетсе, Арайлым Төлеубаева “Абай” операсынан Ажардың ариясын тамылжыта шырқады.Ал Диас Ғабдолла Абайдың “Торжорға” күйін төгілте тартса, Алтынгүл Бердімұрат Абай әндерінен қылқобызбен попурри жасап, Сая Халидолла да “Бойы бұлғаңды” өзінше мәнерледі.
Жұртқа рухани ләззат пен көңілді күй сыйлаған кештің соңында Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шәменов барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен Абайдың қара сөздері кітабын табыс етті.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы