Руханият

Музыка ізгі ойларға тәрбиелеуі тиіс

Бізде миссионерлік идея деген тек дінде ғана болады деген бір салғырт түсінік бар. Ал шынтуайтына келсек, миссионерлік дегеніміз тек дінде ғана емес, ол тіл менен үнде де бола береді ғой. Былай деп түсіндіріп көрейікші. Сіз бәленше тұлғаны пір тұтамын деп айттыңыз делік (Бәстесуге бармын, жұрттың бұл сөзіңізге іштей мырс етіп күлетіні анық). Керісінше, мен түген деген адамды идеал тұтамын десеңіз мұныңыздың енді әлде қайда әдемі естілері анық. Бақсақ, екі сөздің де түпкі мағынасы бір. Ал, бірінші сөзді қор, екінші сөзді соншалықты зор санауымыздың сыры неліктен деп ойлайсыз. Біздіңше осы жердегі пір сөзінің «рухы» шоқынды сөздің санатында тұр. Өз болмысынан жеріндіріп бөгде ұғымдарға бой ұрғызған мұндай мысалдарды әрине, көптеп келтіре беруге болады. Ал осы жердегі «өз сөзін қор, өзгенікін зор санататын» бұл тенденция миссионерлік идея емей немене енді. Айтқымыз келгені қазақ эстрадасы да дәл осы тәрізді өзінің тектік түсінігінен, дәлірек айтсақ төл әуеннің құнары мен түйіршігінен күн санап алшақтап барады (Құрметті қауым, бұл бит шаққанды ит қапқан қылып ұлғайтып көрсету емес, шынтуайтында біздің эстрада «шоқынып» кетудің аз-ақ алдында тұр).


Дыбыстың да тектік әулеті болады. Төл дыбыс – аристократ. Ол тағынан тайған күні кембағал, етегі елпек есер дыбыстардың әулеті әуенге өз әмірін жүргізіп билеп-төстей бастайды. Біздегі төл дыбыстың мұншалықты табанға тапталуының басты себебі музыкалық иммунитетіміздің тым әлсізігінен болып отыр. Тәттімбет пен Қазанғап әуендерін қанып ішіп Мәдимен мәйектенген, қала берді әлем музыкасының алыптар шоғырымен етене таныс ұрпақ қалайша әлжуаз болсын. Қысқасы мектепте әдебиет пәні қаншалықты оқытылса, ән мен күй (əлемнің классикалық музыкасы да) дәл солай оқытылып ұлт ағзасына рухани ваксина егілуі тиіс.
«Сен не жейтініңді айтсаң, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген тәмсілді бәріміз де білеміз ғой. Адамға тек тән тұрғысынан ғана баға берген бұл пәлсапаға біз рухтың «көру» мен «есту» ұғымдарын да қосанжарлаған болар едік. Сонда бұл ұғымның мағынасы: «Сен не жейтініңді, және не көріп не еститініңді айтсаң, мен сенің кім екеніңді айтамын» болып түзіліп шыққан болар еді. Сөзсіз ұлттың ойлау танымы оның естіген сөзі мен тыңдаған сазының негізінде қалыптасатыны анық. Ал тексіз, мауыққан музыканың этностың идентификациясын тым төменге құлдыратып, тобырға айналдырып жіберетіні бесенеден белгілі ғой. Музыканың ең басты мандаты көрермен көңілін көтеру (яғни секірту немесе билету) емес, оны ізгі ойларға тәрбиелеу.
Осы орайда біз мына бір мәселені де қосақтай айта кетсек деген ниеттеміз. Л.Н. Гумилев «Этносты қалыптастыратын маңызды фактордың бірі табиғат аясы. Себебі этнос та табиғаттың тура өзі секілді» дейді. Ғалымның пікіріне илансақ, кез келген адам баласы өзі өскен топырақтың ет пен сүйек нұсқасындағы бір бөлшегі екен. Расында музыканың лексиконына қарап отырып, ол адамның өскен өңірі мен ішкі табиғатын барынша бағамдауымызға болады. Мысалға Мұхит әндерінің өн бойында ен жазық пен тарғыл құмның суылы сезіліп тұрса, Естай әуендерінде Ертіс өзенінің «исі» бар. Мұндай иірім мен қайырым тек музыкада ғана емес көрнекті жазушылардың жеке стилінен де аңдалып тұрады. Мәселен, Оралхан Бөкей жазуында орманды алқаптың әуезі бар. Ондағы аң мен құс көне Алтай тауының бағзы бір сарыны секілді.
Демек, адамның үні мен жазуынан сол табиғаттың шөбі мен суының, желі мен нуының уілі «естіліп» тұрады.
Кісінің төл табиғатында жоқ дүниенің көбіне қондырмалы жасанды көрініп қалатыны да бәлкім осыдан болса керек (Айталық, өскен өңірінде жалбыз шөбі өспейтін адамды қанша жерден жалбызбен емдегенмен оның еш дауасы болмайды). Музыка мамандары мен оқытушы тәлімгерлер осыны бек ескеруі керек деген ойдамыз. Алдыңдағы отырған адамның ішкі табиғатын етене танып алмастан, оған тәжірибе жасау қиянаттың зоры (Жас шәкіртіне өзін, я болмаса бөгде біреуді айнытпай қайталаттыру оны өз қолыңмен өлтіргенмен пара-пар болар еді). Ең өкініштісі талай таланттардың түбіне осындай «мамандардың» теріс методикасы жетті. Консерватория мен түрлі өнер ордаларын бітірген «инкубатор түлектердің» өз ұстазынан аумаған дауыс мақамдары мен күй шалыстарын көріп талай мәрте пұшайман халге түскеніміз бар.
Талантты адамның өз табиғатындағы ерен қазынаны танымай, біреудің сәтсіз мәтіндік көшірмесі мен мақамдық пародиясы болуынан артық нендей енді өкініш болуы мүмкін…
жалғасы бар…

“Еркін ойлау немесе көне қағидаларды қирату “мақаласынан үзінді

Ықылас ОЖАЙ

Басқа материалдар

Back to top button