АймақБалқаш

Музейге көне Құран тапсырылды

Жақында Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қоры құнды мұралармен толықты. Бұл жолы музейге атадан балаға асыл мұра болып сақталып жеткен қасиетті Құран кітабы табыс етілді.

Суреттер музей басшылығынан

Сондай-ақ, 1902 жылы Татарстан астанасы – Қазан қаласының баспасынан шыққан, қасиетті Қағбаның сол замандағы суреті басылған және Қағбаға зиярат етуге барғанда оқылатын дұғалар жазылған көлемі шамаман 50х80 см болатын плакат музей қорына өтті. Келесі бір мұралар – Қазан университетінен 1880-1990 жылдар аралығында басылып шыққан дұғалар кітапшасы және діни оқулық. Бұл туралы белгілі журналист Қуандық Сәденов жазды.

Бабалардан жеткен асыл мұраларды көзінің қарашығындай сақтап келген ақы иесі Жанат Әсержановаға қасиетті көне Құран кітабы қайынатасы Қасенхан Алтынбековтің үлкен атасы Әбітай деген кісіден жеткен. Әбітай ақсақал өмірден өткеннен кейін баласы Алтынбектің қолына өткен. Біздің қолымыздағы мәліметке сүйенсек, Әбітайдың әкесі Рүстем мен Әлихан Бөкейхановтың атасы Мырзатай бірге туған ағайынды кісілер, екеуі де Батырдың ұлдары. Батыр сұлтан – Бөкейдің тоғыз ұлының бірі. Музей қорын толықтырған бұл мұраларды Бөкейхан әулетінен қалған құнды жәдігерлер деп айтуымызға толық негіз бар.

Жанат Әсержанованың айтуынша, Алтынбектің баласы Қасенхан, Қауаз, Серіктердің есімдері елге жақсы таныс. Хасенхан Алтынбеков оқу-ағарту ісінің үздігі, 40 жылдай Ақтоғай ауданында мектеп директоры болған. Ұлы Отан, Жапон соғыстарына қатысқан, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері. Баласы Қырым – Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, реставратор, суретші. «Алтын адам» мен «Аттың», қазақтың ескі Ту белгілерінің авторы. Ал, Серік Алтынбеков те – білім саласының үздігі. Шығыс Қоңырат кентіндегі №18 мектеп директоры, поселкелік кеңестің төрағасы сияқты жауапты қызметтер атқарған.

– Мен осы әулетке келін болып түскенде, атам 80 жасқа келген ақсақал еді. Үш жылдан кейін қайтыс болды. Атам Құран кітабын, діни оқулықты, дұғалар кітапшасын қолына алып, зуылдатып оқып отыратын. Өте тақуа, таза кісі еді, – деп еске алады келіні Жанат Әсерқызы.

Айта кетейік, музейге өткізілген дүниелердің барлығы Қасенханның (ел іші «Қасқа» деп кеткен) одан кейін үлкен баласы Нұраштың, келіні Жанаттың қолына өткен. Міне, осылайша Жанат Әсерқызының жақсы күтіп сақтауының арқасында құнды мұралар қалалық музейдің қорына сақтауға алынды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button