Аймақ

Муралда мән бар

Бұған дейін металлургтер қаласы Теміртауда «Qarmet» компаниясының стелалары жаңартылып, бұрынғы Ғылыми-техникалық ақпарат үйінің ғимаратының қабырға суреті жасалған болатын. Енді, міне, шаһарда тағы бір мурал салынды.

Сурет ekaraganda.kz

Қабырғадағы мурал бір аптадан астам уақытта дайын болды. Нәтижесінде «Qarmet» компаниясы жариялаған байқауға қатысып, елдің ықыласына бөленген композиция осында орналастырылды. Муралда металлургтің каскасын киген өнертапқыш қыз бала бейнеленген.

Урбанистика орталығының суретшілері Теміртау қаласын ажарландырып, үйлердің сә­нін келтіретін тұтас композиция құрас­тыруда. Бұл – соның бір бөлігі ға­на. Мурал екі үйдің біріккен қас­бетіне жұртшылыққа көрінетіндей етіп салынған.

Урбанистика орталығы сәулетшілер тобының жетекшісі Алексей Волошиннің айтуынша, мұндай тәжірибе – панорамалық көрінісі бар кітап түріндегі қабырға суреті – орталық ұжымы үшін бірінші жұмыс болып отыр. Жұмыстың атауы – «Жарқын болашақ» деп аталады.

– Әрине, біз жарқын болашақты муралдың өн бойынан, табиғатынан зер салып қарасақ, көре аламыз. Бастапқы идея тапсырыс берушіге, яғни, кәсіпорынға тиесілі болды. «Qarmet» компаниясы балалар суреттерінің байқауын өткізіп, 10 үздік жұмысты таңдап, бізге табыстады. Ал, біз сызбаларды қабырға суретіне эскиз етіп өңдеп, барлық бөлшекті ғимараттардың қасбетіне қолдануға болатындай етіп бейімдедік. Шығарманың тақырыбы – Теміртаудың болашақта қандай болатыны жайлы. Яғни, балалар өз қаласын алдағы уақытта қалай елестететінін салған суреттерінде көрсетті. Қабырға композициясының ортасында – қолына шыны шар ұстаған қыз және болашақ Теміртау. Металлургтер қаласы да бойжеткеннің айналасында, қазірдің өзінде бар жаңалығымен көз тартады. Сонымен қатар, муралдан қалалық орта мен онда тұратын адамдарға көңіл бөліну қажеттігі және Теміртаудың қазіргі кездегі шешілуі тиіс мәселелерін көре аласыз, – деп түсіндірді Алексей Волошин.

Сондай-ақ, биыл Қарағанды қаласында да жаңа қабырға суреттері пайда болғанын атап өткен жөн. Урбанистика орталығының жоба жетекшісі Рүстем Қожабаев қазір Бұқар жырау даңғылында тағы бір муралдың жобасы дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта Гоголь көшесіндегі ғимараттардың бірінен де осындай көрер көзге ой салатын мурал салынбақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button