Саран қаласында жыл сайын осы уақытта мотомаусымның ашылуы дәстүрге айналған. Биыл Саран қаласы әкімдігінің қолдауымен, «KINGS OF ROAD» мотоклубының ұйымдастыруымен кезекті ашылу рәсімі өтті. Ол осы елдімекен құрылуының 70 жылдығына арналды.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қаладағы «Сұңқар» стадионына 50-ден аса мотоциклші келіп, жиналған жұртшылықтың да қарасы көп болды.
Бағдарлама аясында «KINGS OF ROAD» мотоклубының мүшелері бөшкелерді мотоциклмен домалату, ең қатты дыбыс шығару, кедергілі жолдан жүріп өту бойынша конкурстар өткізіп, көрермендерді тәнті қылды. Сайыстар арасында «Realize» клубы мен «Амадеус» ансамблінің бишілері, «Спарм» рок тобы мен «Креатив» шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, мотомаусымның ашылу мерекесі жастардың би кешімен аяқталды.
Ержан ИМАШ,
САРАН
Ortalyq.kz