Моргенштерн, көшірме ән көкейдегі кілтипан
Көшірілген әннен қауіп бар. Өйткені, қазір көрші елдердің музыкалық туындыларының мәтіні сөзбе-сөз ғана аударылады. Әуені де сол қалпы. Әсіресе, өзге елдің эстрада жанрындағы музыкасы осылайша біздің жадымызға орнығуда. Өзгенің қаңсығына бауыр басып барамыз. Көрші елдердің мәдениетімен танысу жақсы шығар. Бірақ, қазақтың ұлттық болмысынан хабар беретін көнеден келе жатқан өз музыкасы бар емес пе? Осы жағын неге ескермеске? Онсыз да дәстүрлі әуендердің тыңдарманы азайған тұста, бұл да бір руханиятымызға жасалып жатқан соққы дер едік. Неге оларға домбыра немесе қобыздың үнін қосып, қазақы қалыпқа түсірмеске?.. Көркем аударма деген әуелден осылай болса керек-ті…
Жуырда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында мемлекеттік сыйлықтың иегері Талғат Теменовтің сахналауымен Шыңғыс Айтмотовтың «Арманым – Әселім» лирикалық драмасы қойылды. Ерекше спектакльден ғажап әсер алдық. Әсіресе, сонда орындалған әннің мына: «Жуынатын кәусар бар ма, Ақ қанатың кірлегенде?» деген екі жолы жатталып қалды. Жүрекке жетті, ойландырды. Бұл тәжіктің халық әні – «Сорбонды» аударған – белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет.
«Сорбон» сынды классикалық әнге осындай деңгейде аударма жасау үшін қандай ішкі ақындық қуат керек десеңізші. Әнге, өнерге деген үлкен махаббат һәм жауапкершілік. Бір елдің халық әнін аударуға деген шынайы көңіл. Бұл әннің тәжікшесі қандай екенін білмедім. Бірақ, аудармасы – шаһқар. Қазақтың төл туындысы сияқты. Оның үстіне Шыңғыс Айтматовтың лирикалық драмасына дәл осы ән таңдалған. Бұл жерде Талғат ағамыздың да терең талғамына таңдай қағасың амалсыз. Бір ән үш елдің жүрегін біріктіріп, махаббатқа адалдыққа жетелеп тұр.
Қазір шет елден көшіріліп жатқан әндерде осындай биік деңгей, сапаның жоқтығы қарныңды аштырады. Тыңдап отырып, іштей ұяласың.
Бірен-саран туындылар ғана көркемдігі жағынан ептеп икемге келеді. Оның өзін сөз танитын ақындар аударған. Мұрнына өлеңнің иісі бармайтын кім көрінген аударған жеңіл-желпі әндер қазақ тыңдарманының өресін төмендетіп, талғамын құлдыратты. Миын ашытып бітті.
Кез келген өзге елдің туындысы аударыларла аударылатын тілдің ұлттық ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Сөзі де, сазы да ұлттық менталитетке сәйкестендірілуі ләзім. Сол ескерілмегендіктен, талғам төмендеп барады. Бұған немқұрайды қарауға болмайды.
Мәселен, өзбектің «Шаршама» деген әні аударылып, хит болды. Той-домалақта ел жаппай билейді. Сөзі жеңіл. Ал, соның әуеніне мән беріп көрдіңіз бе? Тұнып тұрған өзбекі нақыш. Соған неге домбыра, қобыз қоспасқа. Бұл бір ғана мысал. Жиын-тойда қазақтың төл әнін қойсаң менсінбейді. «Шаршаманы» қой дейді. Өйткені, сазы жеңіл әрі ойнақы. Секіріп билейді. Қазір елдің талғамы сол ойнақы әнге ыңғайланып барады. Ойланғысы келмейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оның көбі өзбек, румын, қырғыз, түрік һәм тәжіктікі. Кейбіріне ғана домбыра қосылады. Қалғаны сол қалпы көшірілген. Бұл – өте қауіпті. Осылай кете берсе, дәстүрлі ән мүлдем тыңдалмауы мүмкін. Ал, дәстүрлі әндер елдің есі ғой. Жоғарыда аударылған әндердің сөзінің сапасының төмендігін айттық. Абай Пушкинді, Лермонтовты қалай аударған. Түпнұсқадан артық болмаса, кем емес. Осы биік талапты ұмыттық. Талғамды әлсіреттік.
Кемталанттар ақша табу үшін осылайша өнерді ластап, елдің миын ашытып жүр. Бұған тосқауыл қою керек. Әйтпесе, соңы үлкен мәдени құлдырауға алып келуі әбден мүмкін.
Бұрын қазақтың эстрадасында есті ән көп еді. Қазір еліктеушілер қаптап кетті. Оның мән-мағынасына, деңгейіне, ұлт руханиятына зиянына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Өзге елдің хит әнін әкеледі де, сөзбе-сөз аудара салады. Басты мақсат – танымал болу, табыс табу. Ел мен жердің ертеңіне алаңдайтындары некен-саяқ.
– Бірақ, мәселенің екінші жағы бар. Неліктен, өзбектің әндеріне домбыра, қобыз қосылмайды? Өйткені, көшірілген әннің көбіне өңдеу Ташкентте жасалады. Оларда бізден әлдеқайда арзан. Мәселен, бізде бір ән орта есеппен мың долларға өңделсе, Өзбекстанда 500 долларға қатырып, айтқаныңдай қылып жасап береді. Бізде 1000 доллардан бөлек домбыраның үнін қосқың келсе, қосымша ақы сұрайды. Оған әншілердің кейбірінің жағдайы келмейді. Сондықтан, көшірілген әндердің көбісінің сөзі ғана аударылып, әуені сол қалпы қалады. Ал, сөзінің өзі көңіл көншітпейді. Кәсіби ақындар аударса, сапалы болары анық. Кей әндерді кім көрінген аударады. Сосын ол тарап кеткен соң, тұтас елдің миын ашытады – дейді әнші, сазгер Марғұлан Уәли.
«Өнер – ұлтқа бөлінбейді» десек те, қаптап шығып жатқан әнсымақтарды өнер туындысы деуге аузың бармайды. Оның үстіне, барлығы ақшаға тіреледі. Біздің орындаушылар шет ел әндерін авторына қаламақысын төлейді де, аудара береді. Басты мақсат – ерекше ән орындау, көзге көріну. Ал, біз сөзін ақын жазып, әуенін қазақы нақышта өңдегенін қалаймыз.
Ал, Жақсылық Асқарұлы есімді қала тұрғыны кейбір өзбек, қырғыз, түрік әндеріне домбыра мен қобыздың үні үйлеспей жататынын айтады. «Мұндайда сөзіне қазақы менталитетке жақын қылып қайта жазу керек. Ең болмаса сөзі есті болсын. Бірақ, қазіргі Ресей эстрадасына қарағанда біздікі тәуірлеу. Олардың жастары Моргенштерн сынды рэперлердің соңынан еріп барады. Сөзге мән бермей, ойнақы екі нотаның арбауына түсті. Мұның соңы – шыңырау. Бізде де сол Моргенштернге еліктейтіндер қаптап келеді. Оған жаңағы сапасыз аударылған әндердің әсері бар. Себебі, екуеуінің жетісіп тұрғаны шамалы. Енді біз тұтас ел болып қайтадан елдің талғамын көтеру үшін бірігуіміз керек» дейді ол.
Байқасақ, ән өнері, оның ішіндегі көп тыңдалатын эстарада жанры ұрпақ тәрбиесіне қатты әсер етеді. Өнердің қадірін, ұлт рухының құнын түсінбейтіндер әр дәуірде болады. Біз осы жазбамыз арқылы эстрада жанрында ән шырқап жүрген орындаушыларға аз да болса ой тастауға талпындық. Егер, осыдан кейінгі көшірген әндерден қазақы бояудың иісі шығып, талғамға сай болып жатса – мақсаттың орындалғаны. Ән – ұлттың рухын көтеретін күш болғандықтан, немқұрайды қарай алмадық. Өйткені, немкеттілік – тығырыққа апарады. Алаң көңілден туған жолдар – бұл. Ендеше, орындап жатқан әннің сапасы мен қазақы болмысқа үйлесімділігіне баса назар аударар уақыт жетті.
Жәлел ШАЛҚАР.