Моноқалалардың шарапаты мол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалалардың экономикасын әртараптандыру маңызды екенін айтқан. Осы орайда басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындары ашу аса өзекті мәселе әрі моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір керек екенін атап, моноқалалар экономикасын әртараптандыру жөнінде тапсырма берген.
Бүгінде индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескерілуде. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктелді, олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Осы орайда Премьер-Министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. Премьер-Министр төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндама жасаған семинарға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.
Премьер-Министр Екібастұз қаласы экономикасын көтерудің және әртараптандырудың орнықты серпінін атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ, индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды.
– Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, Премьер-Министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды.
– Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз, әрине, әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ, жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан, инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасалуы тиіс. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сол себепті ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ, бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл ретте бизнесті қолдау жүйесінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Семинарда Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндама жасап, өңірде мемлекеттің қолдауы арқылы кәсіпорындардың даму барысына тоқталды. Қарағанды облысы әкімінің сөзіне сүйенсек, аймақта жақын арадағы үш жылда моноқалаларда 6 трлн теңгеден астам өнеркәсіптік өнім өндіру және 2,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4%-дан, инвестиция 5%-дан асады деп күтілуде. Бұл облыстың өңдеу өнеркәсібін 9 пайызға, жалпы өңірлік өнімін 7,6 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.
– Қарағандыдағы 4 моноқалада облыс халқының 30 пайызы тұрады. Өңірде іскерлік және инвестициялық белсенділік артып келеді, бұл жалпы экономикаға оң әсерін тигізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсу қарқыны 11,3 пайызға жетті. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 9 трлн теңгеден асты, 45 пайызын өнеркәсіп құрайды. Сол өнімнің жартысынан көбі моноқалаларда (51,2%) шығарылады. Өткен жылы экономикаға 1,4 триллион теңге инвестиция құйылды, оның 40 пайызы моноқалаларда. 90 пайызы – жеке инвестициялар. Биыл облысқа 1,5 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз.
Моноқалаларды әртараптандырудың бірінші кезеңінде өңірдің жетекші экономикалық және техникалық университеттерімен бірге ғылыми зерттеулер өткізіліп, олардың даму перспективасы әзірленді. Нәтижесінде «Qarmet» өндірісі бар 3 моноқала Қарағанды агломерациясын дамыту құрамына кірді.
«Қазақмыс» өндірісі бар Балқаш қаласын жеке кешенді жоспар бойынша дамытуды қолға алдық, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысының әкімінің айтуынша, Үкімет тұрақты жұмыс орындарын және салық түсімін қамтамасыз ететін жобаларды қолдады. Сол арқылы моноқалалардың әлеуметтік бағдарламаларын іске асыру мүмкіндігі артты. Осылайша, істеп тұрған және жаңадан салынып жатқан өндіріс орындарын қолдаудың, индустриялық аймақты дамытудың арқасында Саран экономикасы әртараптандырылды және моноқалалар санатынан шығарылды. 6 жылда қалаға 430 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өнеркәсіптік өндіріс 6 есеге, құрылыс 10 есеге, қаланың өзіндік бюджет кірісі 5 есеге өсті. Осы орайда моноқалалардың бәсекелестік басымдықтарын ескеріп, олардың қарқынды даму «нүктелері» мен құралдарын анықталды.
– Қарағанды агломерациясының мүмкіндіктері, әсіресе, оның көлік-логистикалық маңызы мен кадрлық әлеуеті толықтай ескерілді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы бағыттарға баса назар аударды. Биыл Қарағанды және Саран қалаларында 3 шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы аяқталады. Теміртауда «Қармет Сервис» базасында 20 мың шаршы метр аумаққа шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарда. Биыл Шахтинск жылуэлектр орталығы базасында 240 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін жаңа бу-газ қондырғысын салу бойынша ГЧП жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба қала экономикасының құрылымын өзгертеді. Қуаттылықты арттыру арқылы жаңа жобаларға инвестор тарта аламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, «Qarmet-пен» бірге моноқалаларды одан әрі дамытуға бағытталған құны 218 млрд теңгені құрайтын 22 жоба анықталды. Оларды іске асыру мақсатында жер телімдері беріліп, инфрақұрылым тартылады. Бұл жобалар 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жүйелі трансформацияны қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырма берді. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетуі тиіс, Ұлытау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақтарды іске қосу бойынша жұмысты күшейтуі қажет.
Облыс әкімдіктерінің алдына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасын іске асыру үшін дайын өндірістік алаңдарды айқындау міндеті қойылды.
«Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін моноқалаларда, оның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттарды кеңінен таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Туризм және спорт, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен облыс әкімдіктері биылғы 1 желтоқсанға дейін нақты инвестициялық жобаларды ескере отырып, моноқалалардағы экономика өсімінің жаңа драйверлерін айқындау бойынша шаралар әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалалардағы техникалық мамандар тапшылығын азайту мәселесін пысықтауы керек.
Сондай-ақ, Көлік министрлігіне өңір әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін ірі көлік дәліздерінің бойында орналасқан моноқалалардағы сервистік қызметті дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»