«Моласындай бақсының Жалғыз қалдым – тап шыным!..»
Бақсы дегеніміз – тылсым әлеммен байланыс жасай алатын сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық, тағы басқа ерекше қасиеттері бар адам. Кәдімгі адам, жан иесі, пенде. Алайда, жаңағы аталған ерекше қасиеттері оған қайдан келген, кімнен дарыған? Неліктен, мұқым қазақтың Абайы өз жалғыздығын «бақсы моласына» ұқсата бейнеледі? Бұл не, өнер ғажабы ма? Әлде, хакім мен бақсы ұғымына тән, ортақ негіз, ғылым бар ма? Абай ғылым ұғымына қатысты «ғалами ғылым» және «адами ғылым» ұғымдарын пайдаланады. Ғалами ғылым – Алла тағала. Қазіргі ресми ғылым тілінде – жаратылыс заңы. Адами ғылым – ескі һәм дәстүрлі діндер, кәдімгі ғылым. Бұл үштіктің бірлікте табылар ортақ орны – жаратылыс заңы. Көзге көрінбесті танып-білетін, ұғатын сезім, сенім, сана. Ескі дін, дәстүрлі дін, ресми ғылым – жаңағы үштіктің сұлбасы, сырт пішіні. Үшеуінің айырмасы тек әдіс-амалында. Біріншісі – түйсік, екіншісі – жаратушының жарлығы, үшіншісі – эксперимент. Түйсік дегеніміз – адамның және басқа жан иелерінің жан қуатынан туындаған танымдық сезімі. Ақыл-ойы, сезімі, зейіні, көңіліне түйгені. Алғы, ескі дін жеке тұлғалардың танымдық сезімінен жаралған тума, таза ілім. Кейінгі дәстүрлі дін өзіне дейінгі ауызша, жазбаша жеткен бар білімді қорыта отырып, бүкіл ақыл-ойды көктен түскен көп кітап – жаратқанның жарлығы деп жария еткен. Кәдімгі ресми ғылым өндіріс дамыған кезеңде анық еместі, көмескі көрінбесті сараптаудан өткізіп барып табиғи заңдарды тану жолын ұсынды. Көру, сезу, сену, ақылмен білу – бәрі келіп қалай болғанда да ең ақыры адамның түйсігіне тәуелді. Абай айтпақшы, «ғылым, рахым, ғадаләтт, құдірет әр адамның бойында өз халінше бар қылып жаратылған». Бойындағы барды кемеліне жеткізбек үшін ынта-жігер, таза ниет керек. Ыстық ықылас, шын көңіл қажет. Оның бәрі қайдан келмек? Абай айтады: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы біле-тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді». Ғұмырды ақиқат санап, ғадалләттің алды-артын байқарлық білім іздегендер әр елде болған, атауы әрқилы, тағдыр жазуы бір. Білуге ықылас танытқан ынтық адамның бірі – бақсы. Өмір сырына жету жолында өзін пида қылып, бойын жеңіп, өз менінен бас тартушы. Араб жұртында мұндай құбылысты – битұл деседі. Битұл-бақсы құдайға құлшылық қылу үшін таза, киелі жерді іздеп жиһан кезген, жол көрген, жоба білген. Бітік тастағы тарихи таңба тіліне қарасаң, алғашқы бақсының жолы түскен жер – бұрынғы атом полигоны алып жатқан аймақ, ол – әлемдік географикалық картада «Конечная» – «соңғы аялдама» деп аталады. Қазақы атауы «Молдары». Көне ирланд тілінде «moladh»- [mold] – мадақ айту. Түбірі – «mol». «Moladh le Dia!» – бар мадақ бір Аллаға. Қазақтың қара өлеңінің көне атауы – молқы, яғни, мадақ әні. Орыстың молить сөзі біздің дәуірімізге дейінгі III-мыңжылдықта өткен хетт тіліндегі malta сөзімен бірдей – сұрау, тілек айту. Соңғы хеттік maltai қазақтың малтаңды езбе дегендегі малта – сөз. Шоқан Уәлиханов «Мола нақты тұжырымдасы жоқ атау» деген. Негізгі түбі – мол, яғни, жер. Бұрын жер мағынасын беретін сөздерді «Құдай тағалаға дұға оқу, құлшылық етуге арналған орын» деп діни рәсімдік мағынада қолданыпты. Сонымен «мол», «мола» – Құдайға құлшылық ететін орын. «Молдары» – қос сөз. Мол – құлшылық қылар мекен. Дарымшы емші, ем-дом жасаушы. Дару – ем. Мол – тілек, дұға, ән. Ескі тілде Дат – тілек, өтініш. Этруск тілінде ser – мола. Лидиялық идеограмма Sir – ән. Ежелгі Сыр елі, Сары Арқа, Ақ мола – Құдайға құлшылық қылған киелі жер. Бұрынғылар бір дін, бір рәсімді ұстанғаны белгілі. Мысалы, рим елінің ата-жұрты христиан діні жеңгенге дейін қазақ сияқты ағаштардың бұтағына ақтық байлап өткен. Бұл – құдайға құлшылық ету, мойынсұну көрінісі, табиғатпен кемел келісімде болу ишараты. Табыну емес. Таза тану, санасу, сенім белгісі. Тіпті, санасыз дейтін саңырау құрдың өзі таң бозында әрқашан шығысқа басын бұрып құдайдың көлеңкесі – Күнге қарап мадақ әнін салады. Себебі, барша тіршілік иесіне жерді мекен қылып берген, халық қылған – Алла тағала. Сондықтан да, адам балғын шағынан жерді ең әуелі Құдайға мадақ айтар киелі орын ретінде қадірлеген, Құдай құқығын таныған. Латынша «Fas» – Құдай құқығы. «Fari» – әулиелік ету, пайғамбарлық, сөйлеу, «fasr» – түсіндіру, тафсир. Түсінгенді түсіндіру Тәңір түсінігін тудырды. Сонымен, Молдары молқы айтушы, дарымшы, қадым заманғы ғалым – Бақсы. Абайдың «Бірінші сөзінде» ең көп аталатын сөз – бағу, түбі – бақ. Тура 18 рет. Біз 18 мың ғалам дейміз, 18 бақ – ғалами ғылым. Абай: «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» деп дін мен ғылымды екеуіне де ортақ парадигма – жаратылыс заңына байлайды. Дін – ғылым. Ғылым ешкімге өмірден безіп, бұзыл демейді. Дін сөзін ғылымсыз сөйлеу – надандық. Абай ескерткен еді: «Әрбір наданның бір тариқатқа (діни ағым, дін жолы) кірдік деп жүргені – біз бұзылдық дегеніменен бір болады». Мына заман – ақыл бірлігінен бас тартқан бұзық заман. Софылық қылып, дін бағу үшін тыныштық қажет. Абайдың «екі жағы» – ғалами ғылым және адами ғылым. Бақсы да сол ғалами ғылымның соңына түскен, табиғи ортақ заңға бағынған есті жан. Бақсы – арты хабарсыз қараңғылықта қалған замандардың алғы ғалымы. Көрінбегенге көңіл көзімен жетуге, көрінгеннің сырын ашуға тырысып, ой бірілігін аңсаған жетелі жан, қамқор, ділмар. Көк Тәңірімен тілдескеніне маңайын иландырып, өз ырқына көндірген, тірлік етуге баулыған, біліммен билік еткендер тобы: балгер, құмалақшы, тәуіп, балшы, жауырыншы, құшнаш, диуана, шайқы. М.Әуезов «бақсылық – ескі діннің сарқыты» деп бағалаған. Байырғы бақсы болса сипат та жоқ, сурет те жоқ, көк тұманнан көрінбес болашақты болжап бағып, адамзатқа жол ашқан. Бақсы – моңғолша мұғалім. Бақсы – ұстаз, құт. Оқымысты, абыз, пір. Ұғу, ұғым – әрбір жеке адам санасының ісі. Саналы жан өзіне-өзі сұрау салар, есеп берер ерік-жігері бар тұлға. Абай қазақтың ата заңдарын «Ескі сөз» деп атайды, сол сөздің түбі – ес, жад. Бар ғылым, хабар-ошар тілде сақтаулы тұр. Тіл – адамның ойын, ес-жігерін, санасын қалыптастырушы сабақ, құрал. Дін де, діл де, білім де тілден соң дүниеге келді. Ұйыту, үйрету, сендіру, иландыру, дегеніне көндіру – тіл ісі. Таза араб тілінде түскен Құранның Ибраһим сүресінде: «Біз барлық пайғамбарды аяттарымызды түсіндіру үшін сол қауымның ішінен, солардың тілінде сөйлейтіндерден жібердік» деп бекер айтылмаса керек. Көп кітаппен бірге көп пайғамбар келген. Қазақ – есте жоқ ескі заманғы халық, жетелі пайғамбары да жеткілікті еді. Абай ол жайында еске салуды жөн санаған: «Біздің қазақтың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді ұнатқандай, онысы ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырғандықтан, діндестерді жақын көрсеткендіктен болған іс». Қазақтың Ескі тілі – ата-бабаның ескі дінінен, ділінен хабар жеткізуші. Тіл – тәлімгер, тәрбиеші, ақыл бірлігіне үндеуші, үйлестіруші. Тек, сөйлете біл тілді. Шал ақын сияқты: «Сөйлеп қал, сөйле, тілім, Арыс келді, Алдыңа сөйлейтұғын намыс келді. Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындай да, Қысқарып ұзын дүние қарыс келді. Сөйлеп қал, сөйле тілім, иең келді, Алдыңа сөйлейтұғын жүйең келді. Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындай да, Қысқарып ұзын дүние сүйем келді». Ескі қазақ тілінде Арыс – алты алаштың жиын-тойы өтер жер. Латын тілінде Ars – ғылым. Ханты тілінде – «ар» сөзінің мәні «ән», хет халқында – «жету». Ескі сөз, ескі дін, ескі тіл – алғы ғылым, көне заң. Бақсы – қазақ тілінде сөйлеген ескі діннің пайғамбары, елші. Тәңір елшісі. Адам мен ғалами ғылымды жалғаушы көпір, арыс, тілші. Тіл – қан. Тіл – мінез. Тілсіз ғұмыр да жоқ, Құдай да жоқ. Сондықтан болар, «моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным», – деп аяқталатын Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі Тілмен тікелей тілдесуден басталады: «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған; Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған – Толғаулы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл».
Марат АЗБАНБАЕВ,
Қарағанды облыстық сотының судьясы.