Үмітті сенім жетелеп…
Адамзаттың өз басына түскен қиындықты жеңбеген кезі жоқ. Коронавирус инфекциясы – соның алғашқысы да, соңғысы да емес. Сабырлылық пен төзім, жақсы күндерге деген сенім қашан болсын жақсы нәтижеге жеткізетінін көзіміз көріп келеді. Облысымызда covid-19 індетінен жазылып шыққан бір науқас – соның дәлелі. Әлбетте, жеңістің оңай келмесі анық. Дегенмен, індетпен күрестегі дәрігерлердің еңбегі мен ауруды жеңіп шығамын деген науқастардың сенімі – ерлікке пара-пар.
Вирус мойынсұна бастады Осыдан бірнеше күн бұрын «облысымызда бір адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты» деп, сүйіншілей жаздық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да вирустан жазылған адамның денсаулығы екі мәрте тексеріліп, бойында ауру белгілері жоқ екенін қуана хабарлады. Жазылып шыққан науқас – облыста COVID-19 дертін алғаш жұқтырған адам. Ол вирусқа қарсы препараттар пайдаланып, симптоматикалық терапияның толық курсынан өткен. Демек, медицина қызметкерлерінің қатаң қадағалап, уақытылы әрі тиісті жасаған емі өз нәтижесін берді. Дәрігерлер де аурумен бетпе-бет келіп, оның «осал тұсын» білген соң, жазылып шығатындар саны, тіпті, еселене түседі деген сенім бар.
Өзге облыстарда да күн сайын жазылып шыққандар саны артып келеді. Сoro na virus2020.kz мәліметінше, ел аумағында ауруды жеңгендер саны – 99.
Айта кету керек, жазылып шыққан нау қас 14 күн қатарынан үй карантинінде болады.
Еңбек еленді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі сыйақы мөлшері мен оны алатын қызметкерлердің тізімін бекітті. Өңірлердегі тиісті комиссиялардың шешімі бойынша үстемақыны елімізде 30 мыңнан астам дәрігер алатын болса, оның 1 349-ы – қарағандылықтар.
Қосымша төлем – жұқпалы провизорлық және карантиндік госпитальдердің, жедел медициналық көмек қызметінің мамандарына және карантиндік блок-бекеттердегі дәрігерлерге тиесілі.
1 349 медицина қызметкеріне берілетін сыйақы мөлшері олардың атқарған жұмыстарының сағат санына және қызметкерлердің біліктілігіне сәйкес төленеді.
Дәрігерлердің еңбектерін облыста елеусіз қалдырған жоқ. Облыстық бюджет қаржысы есебінен 1 677 дәрігер республикадан бөлінген сыйақыдан бөлек, айлық еңбекақы мөлшерінде қосымша сыйақы алды. Оған бөлінген қаржы көлемі – 197 млн. теңге.
Ескерту – үркіту емес вирус жұқтырудың жаңа оқиғалары бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. 13 сәуірдегі эпидемиологиялық жағдай тағы 11 адамнан коронавирус инфекциясының анықталғанын көрсетті. Оның ішінде, 10 науқас – COVID-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған, бұған дейін карантиндік ауруханаларда жатқандар. Ал, 1-і пневмония диагнозы мен пульмонологиялық орталыққа жатқызылған.
Облыс бойынша инфекция жұқтырғандардың жалпы саны – 76 адам. Стационарлық карантинде 725 адам бақылауда болса, үй карантинінде – 1 643 адам. Көңіл көншітерлігі – вирус жұқтырғандардың бұған дейін де дәрігерлердің бақылауында болуы. Бұл, әлбетте, жаңадан жұқтыру жағдайының жолын кеседі. Одан бөлек, облысымыздың бірқатар қалаларындағы қатаң карантин шаралары инфекцияның таралуын тоқтатады деген сенім бар.
Салтанат ІЛИЯШ.