Жаңалықтар

Қарағанды мен Майқұдық арасындағы стадионның іргетасы аяқталуға жақын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі футбол клубтарының бәсекеге қабілетті болуы үшін оларды жекешелендіру қажеттігін атап өткен болатын. Осыдан кейін елдегі бірқатар клубта нақты өзгеріс орын ала бастады. Сол өзгерістің алдыңғы легінде көпжылдық тарихы бар қарағандылық «Шахтер» футбол клубы тұр. Уақыт өте клуб жекешелендіріліп, оны белгілі кәсіпкер Тимур Турлов 55 млн теңгеге сатып алды. Бүгінде инвестор клубтың басқару құрылымын қайта қалыптастырып, инфрақұрылымын да түбегейлі жаңғыртуды бастап кетті. Сол бастамалардың ішіндегі ең ауқымдысы – жаңа футбол академиясының құрылысы.
Қазіргі уақытта академия құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі мен Майқұдықтың арасындағы 9,6 гектар аумаққа үш корпусты әкімшілік ғимараты, жабық манеж және 3500 орындықты стадион салынуда. Аталған нысандардың іргетасы құйылып, негізгі құрылыс кезеңіне өту жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарын көзбен көру үшін сол аймаққа арнайы барып қайтқан едік. Толығырақ тарқаталық…

Суреттер QOFA

Қазіргі таңда 9,6 гектар жердің төрттен үш бөлігінде жұмыс жүріп жатыр. Үш қабаттан тұратын үш корпусты (А, Б, С) әкімшілік ғимараттың іргетасы толық құйылыпты. Ал, болашақ стадион трибунасының іргетасы жақын арада аяқталмақ. Бір сөзбен айтқанда, жер қазу және да­йындықтың алғашқы кезеңі толық аяқталған.

Үш әкімшілік корпус бір-біріне қатарласа орналасады. Құжат бойынша олардың әрқайсысы үш қабатты. Әрі үшеуінің де аумағы әрқилы. Бірақ, үш қабаттың біреуі – жертөле. Қазіргі уақытта үшеуінің де іргетасы толық құйылған. Іргетасы жер астына 3,6 метр тереңдікке түсіріліпті. Кей тұстары жердің ой-шұқырына байланысты 4 метрге дейін төмендетілген.

Ғимараттарда тәрбиешілер мен жаттықтырушыларға арналған жеке бөлме болады. Жаттығу залы мен массаж бөлмесі де қарастырылған. Сонымен қатар, 25 орынды қыздар мен ұлдарға арналған жатақхана ашылмақ. Әр бөлменің сыйымдылығы екі баладан. Дәретхана мен жуынатын аймағы әр бөлмеде жеке. Сәйкесінше, қыздар жатақханасы да дәл осындай талапта.

– Шілде айында аумақты қоршап, құрылыс жұмыстарына кірістік. Оған дейін бұл жерде геологиялық жұмыстар жүргізілді. Қорытындысы шыққан соң ғана жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Құжат мақұлданғаннан кейін барып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жер жұмыстары жүріп жатыр. Қазір үш ғимараттың іргетасы бекіді. Іргетастың сапасын арнайы сараптама тобы тексерген. Әдетте бетон құю кезінде сарапшылар үш кезеңде тексеріс жасайды. Біз қазір бірінші тексеріс кезеңінен өттік. Дегенмен, біздің құйған іргетасымыз талапқа сай деп танылды. Енді жертөленің бағаналарын тұрғызып, қабырғаларын көтеруге кірісеміз, – деді құрылыс учаске бастығы Тахир Ходжамбердиев.

Қысқы маусымда да құрылыс тоқтамайды. Қазір уақытша электр желісі тартылған. Одан бөлек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дизельді генератор да дайын. Егер жұмыс барысында электр жарығы өшіп қалса, генераторды қосады. Ал, қабырғасын көтеру кезінде ауа райы қиындық тудырса, жылыту әдістері қолданылмақ.

Жер жұмыстарының екінші кезеңінде шұңқыр қазылып, құбырларды орналастыруға арналған траншеялар әзірленген. Ғимараттың қабырғасы көтерілген уақытта оған кәріз жүйесі, су ағызу және су жабдықтау құбырлары салынады.

Қазіргі таңда аталған әкімшілік ғимаратының іргетасы үшін 350 маркалы бетонның 1550 текше метрі құйылған. Бұған қоса, фундаменттің астыңғы қабаты үшін 150 маркалы бетонның 1200 текше метрі пайдаланылды.

9,6 гектар аумақта аталған үш негізгі нысаннан бөлек, балаларға арналған сауна, воркаут алаңының да құрылысы жоспарланған. Жобаға сәйкес бүкіл аумақ толық абаттандырылып, серуендеуге қолайлы саябақ салынбақ. Сонымен қатар, техникалық және сырттан келетін көлікке арналған 400-ге жуық орынды автотұрақтың жобасы бар. Ал, осы құрылыс жұмыстары құжат бойынша 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

– Қазіргі уақытта құрылыс алаңында төрт бригада ауысыммен жұмыс істейді. Қазу және топырақ тасымалдау жұмыстарына жүк көтергіш тракторлар жұмылдырылыпты. Әзірше осы техника жеткілікті. Бірақ, алдағы уақытта көтергіш крандар мен өзге де арнайы техникаларды шақыртамыз. Жұмысты тоқтатпай, үздіксіз жалғастыру – басты мақсат. Құрылыс материалдары дер кезінде жеткізіледі, – деді учаске бастығы.

Сөз басында балалардың қыс мезгілінде жаттығуына арналған манежді сөз еттік қой. Сол манежге «А» корпусы арқылы қатынайды екен. Яғни, «А» корпусы мен манеждің арасына жерасты өткелі салынады. Алайда, манеждің құрылысы әзірге басталмаған. Жоспар бойынша алдымен әкімшілік ғимараттың қабырғасы құйылуы шарт. Содан кейін барып жерасты өткелінің, артынша манеждің негізгі құрылысы іске қосылады.

Әкімшілік ғимарат пен жабық манеждің жоғарғы жағында 3500 көрерменге арналған жаңа стадион бой көтермек. Яғни, бұл стадион Қазақстанның төртінші санаттағы стадион талаптарына сай. Келешекте түрлі деңгейдегі турнирлер дәл осы алаңда өтеді деп күтілуде. Көрермендерге қолайлы жағдай жасау мақсатында стадионның «Батыс» және «Шығыс» трибунасы бой көтереді. Ал, жасыл алаң дәл осы екі трибунаның ортасына төселмек. Жалпы, әр трибунаның ұзындығы 100 метрден асса, ені 17 метрден жоғары. Оның төменгі қабаты – жертөле. Онда қызметтік бөлмелер, командаға арналған киім ауыстыратын орын, душ кабиналары мен қажетті техникалық жайлар ашылады.

Дәл осы трибуналардың құрылысы «Нұр-Қазақелі» ЖШС-нің еншісіне берілген. Қазір нысанда компанияның 20 адамнан жасақталған бригадасы жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін олар әкімшілік ғимараттың іргетасын құйған көрінеді. Енді трибунаны қолға алған. Жоба талаптарына сәйкес, трибуналар төрт қабатты. Сол себепті олардың іргетасы да жер астына 3,6-4 метр тереңдікте түсірілмек. Әр трибунаның іргетасы үш бөлікке бөлініп құйылуы шарт. Қазіргі таңда «Батыс» трибунасындағы іргетастың бір бөлігі толық құйылыпты.

– Біздің міндет – қос трибунаның құрылысын толық аяқтау. Ең әуелі іргетастың астын тегіс­теп, арматурасын берік байлап шықтық. Қазір трибунаның бір бөлігінің іргетасын құйып болып, екіншісіне кірістік. Жобада көрсетілгендей, әр іргетастың арасында температуралық жік орналастырылады. Үшеуін толық аяқтаған соң қабырғасын көтереміз. Әдетте, бір іргетасты құюға шамамен 12 күн кетеді. Бірақ, өткен жолы ауа райының қолайсыздығына байланысты кідіріп қалдық. Іргетаста мұз қатып қалмас үшін алдымен кептіріп алуға тура келді, – деді прораб Өміржан Кәкібаев.

Құрылыс қарқынды. Алда атқарылар әлі талай іс көп. Күні кеше кенді өлкеде заманауи академияның бой көтеретінін сү­йіншілеп едік. Енді, міне, сол игілікті бастама нақты іске асып, іргетасының құйылғанын көргенде, көңіл қуанып қалады екен. Келешекте дәл осы академиядан небір әлем жұлдыздары шығады деген сенім мол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button