Ресми

Үмітсіз – шайтан ғана

Мына жалғанда кімге барып мұң шағасың? Біреуді әңгімеге тартсаң, өз мәселесін айтып әлек. Болмаса, көктен қол жайып, көптен көмек күтеді. Әйтеуір, жер мен көктің арасында өміріңнің өтіп жатқаны ғана – ақиқат. Жалғанның мұң шарабынан ұрттап, өмірден баз кешкен жандардың жарасын кім түсініпті? Мұны – Алланың берген сынағы демей ме? Алла пендесіне өзі көтере алмайтын ауыртпалық бермейді. Мұны неге айтып отырмын?! Нұрмағамбетовтер отбасы ерекше қажеттілігі бар ұлы Дамирді тәрбиелеп отыр. Алайда, бұл отбасы ешкімнен көмек сұрамай, тапқан-таянғанын бәріне жеткізіп келеді. Nur Otan партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Жібек КАМАЛИ осы отбасыға арнайы барып, жағдайын сұрап қайтты.

– Мен Шынармен біраз жылдан таныспын. Ұқыпты әрі еңбекқор жан. Қаншама көпбалалы ата-ананы көрсем де, мұндай отбасын бірінші көруім. Ешкімнен көмек сұрамай, жары екеуі бала-шағасын жеткізіп келеді, – дейді Жібек Камалиқызы.

Ақ пейілімен дастарқан жайып, құрақ ұшып қарсы алды алдымыздан. Ананың көңілшеңдігі, ниеті – бұл. Алайда, көздерінен айтылмай жатқан әлде бір сыр ұққандай болдық…

– Ерекше қажеттілігі бар балаларға емдік шараларын тегін көрсетіп, әрі мемлекет емге кеткен шығынды төлеп беруі керек. Барлық отбасының жағдайы қаржыға келіп тіреледі. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу жолдары қарастырылады, – деді Жібек Камалиқызы.

Иә, шындығында солай! Шынар Амантайқызы – 4 баланың анасы. Басына сынақ түссе де, жары екеуі балалары үшін барын салып келеді. Дамир 1 жасқа жетер-жетпес шағында басынан қатты соққы алып, осы халге түскен. Қазір ол 6 сыныпты үйден оқиды. «Үміт» оңалту орталығында тегін ем қабылдауда. Сондай-ақ, үйге арнайы маман шақырып, ақылы негізде физиотерапиялық жаттығуларды үзбей қабылдап жүр.

– Балам жүреді, бірақ тепе-теңдікті сақтай алмайды. Тамыз айында 13 жасқа толады. Сол уақытқа дейін аяққа тұрып, жүріп кетсек деймін. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, – дейді көпбалалы ана Шынар Нұрмағамбетова.

Дамирден кейінгі Нұрдәулет 5-ші, қызы Даяна 2 сыныпта оқиды. Ал, кенже ұлы балабақшаға барады.

Дамирдің диагнозы бойынша шет елде ота жасайтын мамандар жетерлік. Алайда, онда бару үшін қалтаңда едәуір қаражат болуы керек. Отбасының табысы, бөлінген жәрдемақы күнделікті емі мен тамақтан артылмайды.

– Дамирге мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны мектеп әкімшілігі табыс көзіне қосып отыр. Жәрдемақыны қосқанда табыс көзі жеткілікті екен. Сол себепті, мектеп тарапынан ешқандай жеңілдіктер болмай тұр. Тағы бір мәселе, медицина орталықтарында жағдайы біз секілді жандарға арналған аппараттар жеткіліксіз. Тіпті, мүгедектер арбасы да тапшы. Мамандар да жеткіліксіз. Көбі шет елге барып ота жасатады екен. Ал, бұл біз үшін есебі жоқ шығын. Егер, елде кәсіби мамандар жеткілікті болса, шекарадан шығудың да қажеті жоқ. Ақылы негізде болса да барамыз. Қыруар қаржы шашып шет елге кеткенше, осы жақта емделген әлдеқайда тиімді – дейді Шынар Амантайқызы.

Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының

Қарағанды облысы Қарағанды қаласының

Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button