Үміткерліктер үйлі болды
Биыл “Ауыл–ел бесігі” бағдарламасы бойынша Бұқар жырау ауданының Үміткер аулында салынып біткен үш үй пайдалануға беріліп, бүгін әлеуметтік кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы адамдарға пәтер кілті табыс етілді.
Бұл екі пәтерлі үш үйді жеке меншік құрылыс компаниялары осы жаз бойы салып, бітіріп, оны аудандық әкімдік сатып алған еді.
Енді осы пәтерлердің кілтін жоғарыдағы санаттағы мұқтаж жандарға тапсыру салтанатына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Бейсембайұлы Құсайын мен аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Сағадиұлы Әли арнайы келді.
Үміткерде болған салтанатта сөйлеген сөзінде Ерлан Бейсембайұлы:
– “Жақсылықты бөліссең, көбейеді” дегендей, сіздердің қуаныштарыңызды бөліскелі келіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің тапсырмасымен қазір ауылдарымызда емдеу мекемелері мен спорт, мәдени ошақ ғимараттары көптеп салынып, ауыз су құбырлары тартылуда. Ауылдарымыз өркендесе, еліміз де дамиды. Өйткені бәріміз де ауылдың ала шаңына аунап өскенбіз. Ауыл – ат байлар қазығымыз, қазағымыздың қара шаңырағы. Қоныстарыңыз құтты болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! – деді.
Өз кезегінде Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Сағадиұлы да ауыл халқын осынау қуанышты оқиғамен құттықтап,мемлекет ауыл келбетін ажарландыруға қаражат аямай,бұл іс алда да жалғаса беретінін айтты.
Осы жолы пәтер алғандардың қатарында көпбалалы аналар Нұрсәуле Нұртазина, Айнұр Әбілғазина, мүгедек Сейсенбек Шохшин, үйлері апатты жағдайдағы Ерлан Қазыбеков пен Владимир Путятин, жалғызілікті ана Айтжан Айнашева бар.
Пәтер кілтіне ие болғандардың арасынан Ерлан Қазыбековтің жұбайы Жұлдыз бен ауыл ақсақалы Қайыр Әбілғазин алғыстарын айтып, мемлекетіздің жасап отырған қамқорлығына ризалықтарын білдірді.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушыдардан