Жаңалықтар

Аймақта кәмелетке толмағандарға қатысты 2 263 азаматтық іс қаралды

Әр қоғамның болашағы – оның ұрпағына деген қамқорлығымен, әділет пен адамгершілікке негізделген көзқарасымен өлшенеді. Бұған биылғы кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы тоқталды. «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін
бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет», – деді Президент. Аймақтағы Қарағанды облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты – жаза басқан жасөспірімнің тағдырына төрелік айтып қана қоймай, оған ертеңгі күнге үміт пен екінші мүмкіндік сыйлайтын әлеуметтік әрі құқықтық институт.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Ювеналды сот – тәрбие институты

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында барлығы 2 867 азаматтық іс тіркеліп, оның 2 263-і қаралып үлгерген. Ең қуаныштысы – бұл істердің 91 пайызы тараптардың татуласуымен аяқталыпты. Яғни, ата-аналар арасында да, баланың тұрмыс жағдайына қатысты дауларда да, сот арқылы мәмілеге келуге тырысатын оң үрдіс қалыптасып келеді.

Азаматтық істердің жартысына жуығы – некені бұзу туралы арыздар болса (50%), 15%-ы – алимент өндіру талаптары. Мұндай істерде моральдық тұрғыда ең көп зардап шегетін бала екені анық. Сондықтан, сот мамандары баланың жағдайына жіті мән беріп, ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шешімдер шығарады.

– Отбасылық даулар бойынша тәрбиелеу, баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-анамен қарым-қатынас тәртібін белгілеу мәселелерінде психологиялық зерттеу міндетті түрде жүргізіледі. Баланың эмоционалдық күйі, ата-анамен қарым-қатынасы, стрестік факторлардың әсері толық ескеріледі. Мұнда психолог мамандардың қорытындылары өте маңызды, – дейді облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Динара Мутубаева.

Динара Маратқызының айтуынша, бүгінгі ювеналды сот тәрбие институты ретінде қалыптасып келеді. Басты мақсат – жазалау емес, жасөспірімді түзету, қоғамға бейімдеу.

Тәрбие арқылы түзеу қажет

Жасөспірім анасынан қылмыскер болып тумайды. Бірақ, тарауы көп өмірде қателесуі, жаңылысуы мүмкін. Облыстың ювеналды сотында қаралған істердің мазмұнына үңілсек, бұл ойымыз растала түседі.

Мәселен, 2025 жылдың алғашқы алты айында 8 іс – ата-аналар тарапынан жасалған алимент төлеуден жалтару (ҚК 139-бап), 7 іс – қасақана ауыр дене жарақатын келтіру (заңды өкілдер мен кәмелетке толмағандар жасаған), 4 іс – ұрлық, 4 іс – бопсалау ісі бойынша қаралған.

Яғни, қылмыстық істердің де басым бөлігі әлеуметтік себептерге, отбасындағы тәрбие деңгейіне, баланы қоршаған ортаның әсеріне тікелей байланысты.

Сот мұндай жағдайларда жаза қолдануға асықпайды. Керісінше, баланы түзетуге бағытталған балама шараларды қарастырады.

– Ең алдымен, баланың жасын, отбасы ахуалын, психологиялық жай-күйін, істеген ісіне деген көзқарасын ескереміз. Егер оны қоғамнан оқшауламай түзету мүмкін болса, сол жолды таңдаймыз. Көп жағдайда шартты жаза, қоғамдық жұмыс, ата-анасының қарауына беру, психологпен сабақтар, профилактикалық бағдарламаларға қатыстыру сияқты тәрбиелік сипаттағы шаралар қолданылады, – деп атап өтті Динара Мутубаева.

Байқасақ, бұл бағыттағы маңызды істерді қарағанда әлемнің дамыған елдері де осындай ұстанымды басшылыққа алады екен. Мәселен, Норвегияда бала жасаған әрекетінің салдарын өзі түсініп, түзетуге ұмтылуы үшін ресторативтік әдістер, медиаторлар көмегі, арнайы «Бала үйі» (Barnahus) сияқты орталықтар арқылы кешенді қолдау көрсетіледі. Ал, Германияда ювеналды юстиция жүйесінде шартты жаза мен қоғамдық жұмыстар басты құрал ретінде қарастырылады. Жасөспірімнің әрекеті үшін ата-анаға да жауапкершілік жүктеледі.

Ал, Канадада арнайы заң арқылы кәмелетке толмағандар үшін балама жазалар бар. Атап айтсақ, ескерту, кешірім сұрау, медиация, қоғамдық жұмыс секілді жолдар қарастырылады. Әлемді аузына қаратып отырған Жапонияның «отбасы соттары» да, баланы жазаға тартудан бұрын психоәлеуметтік жағдайына терең талдау жасайтын көрінеді.

Тентек қоғамнан шеттетілмеуі тиіс

Ювеналды полиция – тәртіп бұзудың алдын алса, мектептер – тәрбиелік жұмыс жүргізіп, тәуекел топтарын анықтайды. Ал, ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес) – кешенді зерттеу жүргізсе, әлеуметтік қызмет ұсынатын мекеме өкілдері – отбасы жағдайын зерттеп, қолдау шараларын ұсынады.
Ресми дерекке зер салсақ, осындай үйлесімді жұмыс нәтижесінде аймағымызда соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеген.

Соттан кейін де балалардың қараусыз қалмайтынын атап өту керек. Олар үшін патронаж, тәлімгерлік, психологиялық және әлеуметтік қолдау, спорттық, шығармашылық үйірмелерге тарту, кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – баланың қоғамнан шеттетілмей, қайта бейімделуіне үлкен мүмкіндік.

Білікті маман Динара Мутубаева да, бала байқамай сүрінген жағдайда оған міндетті түрде екінші мүмкіндік беру керек деп есептейді.

– Әр істің арғы жағында адам тағдыры, баланың болашағы тұрғанын естен шығармаймыз. Әділ сот – әділетті үкім шығарумен қатар, баланы дұрыс жолға салатын әлеуетті алаң. Сондықтан, соттың жұмысы тек құқықтық емес, гуманистік сипатта болуы қажет, – деп толықтырды ол.

Әділдік пен адамгершілік – ұлттың рухани тірегі болса, ювеналды сот – осы құндылықтарға ден қоятын бірегей институт. Болашақ ұрпақтың тағдырына бейжай қарамағанда ғана ол әділетті қоғамның адал азаматы болып қалыптаспақшы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button