Спорт

Үміт зор, мүмкіндік мол

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан XI қысқы Азия ойындарында отандастарымыз жақсы нәтиже көрсетуде. Шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үшінші кездесуін өз пайдасына шешті. Керлингтен аралас жұптық бәсекеде өнер көрсеткен отандастарымыз келесі кезеңге өте алмаса да, шорт-трекшілеріміз ширек финалға жолдама алды.

Сурет ҚР Туризм және спорт министрлігінен

Хоккейден ерлер арасындағы ұлттық құрама екінші ойынды Қытай спортшыларына қарсы өткізген болатын. Нәтижесінде отандастарымыз 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ойынның үшінші айналымында отандастарымыз қатарынан екі шайбаны, яғни, бесінші және алтыншы шайбаны қақпаға тоғытты. 55-ші минутта жерлесіміз Андрей Буяльский шабуыл ұйымдастырып, әріптесі Дмитрий Бреуске пас жеткізіп береді. Осы сәтте ол шабуылшы Вячеслав Колесниковқа пас шығарып, шабуылды нәтижемен аяқтады.

Ал, алтыншы шайбаны салуға қарағандылық клубтың ойыншысы Александр Борисевич ұйт­қы болды. Ол да шабуылды өзі бастап беріп, пасты әріптестеріне шығарып берген. Осылайша, жерлестеріміздің қанжығасында бір голдық пас жазылды.

Ел құрамасының үшінші ойыны Тайвань құрамасына қарсы өтті. Бірақ, отандастарымыз қарсыластарын 17:0 есебімен ойсырата жеңді. Алғашқы айналымда-ақ бес шайбаны қарсылас қақпасына енгізіп, ойын тағдырын шешіп тастады. Екінші айналымда есепті 10:0-ге жеткізіп, мүмкіндік қалдырмады. Осылайша хоккейшілеріміз жарыстың алғашқы күндерінен қарсылас шақ келтірмей жатыр. Қазіргі уақытта отандастарымыз турнир кестесінде көш бастап тұр.

Әйелдер құрамасы да қарсыластарына мүмкіндік қалдырмай келеді. Естеріңізге сала кетейік, әуелі отандастарымыз Гонконг құрамасына – 12, Тайланд құрамасына – 9 шайба салған еді. Әрі екі ойында да өз қақпаларына шайба жібермеген. Ал, үшінші ойында Тайвань құрамасымен кездесіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Отандастарымыз үш ойында да жеңіске жетіп, турнир кестесінде І орынға шықты. Бір айта кететіні, отандастарымыз үш ойында тек бір ғана шайба өткізген.

Керлингтен аралас жұптық бәсекеде сынға түскен отандастарымыз Әмина Сейітжанова мен Әзизбек Надирбаев төртінші кездесуін өткізді. Үшінші кездесуінде Катар құрамасынан – 7:4 есебімен, төртінші кездесуде Қырғызстан құрамасынан 15:5 есебімен басым түскен болатын.

Топтық кезеңдегі соңғы ойыны – Филиппин құрамасына қарсы еді. Отандастарымыз келесі кезеңге өтуі үшін қарсыластарын жеңуі қажет болатын. Алайда, ұлттық құрама ойыншылары 2:11 есебімен есе жіберді. Осылайша, олар B тобында IV орын иеленіп, жарыс жолын аяқтады.

Шорт-тректен әйелдер арасында 1500 метр қашықтықта сайысқа түскен үш отандасымыз жартылай финалға жолдама алды. Атап айтсақ, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбусинова және Ольга Тихонова сәтті өнер көрсетіп шықты. Ал, ерлер арасында 1500 метр қашықтықта өнер көрсеткен Глеб Ивченко, Әділ Ғалиахметов және Денис Никиша бастапқы кезеңнен сүрінбей өтіп, жартылай финалға жолдама еншіледі.

500 метр қашықтықтағы іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжғалиев Азия ойындарының ширек финалына өтті. Ал, әйелдер арасында 1000 метр қашықтықта іріктеу кезеңінде Ольга Тихонова, Малика Ермек және Алина Әжғалиева өнер көрсеткен еді. Алайда, жарыс қорытындысы бойынша Ольга Тихонова мен Малика Ермек 1/4 финалға жолдама алды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button