Жаңалықтар

Үміт сәулесі

Мүмкіндігі шектеулі жан­дарды ынталандырып, биіктерді бағындыру­ға  жетелейтін даңқты пара­дзюдо шебері, Париж Олимпиадасында күміс еншілеген Ерғали Шамей туралы «Үміт сәулесі» фильмін енді тифлотүсініктеме арқылы тұрақты тамашалауға қолжетімді болады.

Сурет  кітапханадан

Осы уақытқа дейін елімізде зағип және нашар кө­ретін азаматтарға арналған ти­флотүсініктемелі фильмдер жоқ еді. Бұл тәжірибе шет мемлекеттерде жақсы дамығанын айта кету керек.

Жуырда осы олқылықтың ор­нын толтыру мақсатында облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық зағип және на­шар көретін азаматтарға арнал­ған арнайы кітапхананың басшысы Ғалым Нұрланов пен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Жұмағали Құрманбек тиф­лотүсініктемелі қазақстандық фильм­дерді дайындау, заманауи экрандық мәдениетке баулу мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумын бекітті.

Меморандум аясында «Қолжетімді кино» жобасы жүзеге асырылып, тиф­лотүсініктемелі фильм­дер дайындалып, кітапхананың ұйымдастыруымен ол фильмдер көрсетілімі өтеді. Ұсынылатын  фильмдердің кезегінде Серік Сәпиев туралы «Боксер» фильмі, құқық қорғау органдарының көзсіз ерлігін дәріптейтін «Бүркіт» фильмі тұр.  Алдағы уақытта өзге де тифлотүсініктемелі фильмдер оқырмандарға жол тартатын болады.

Облыстық арнайы кітапхананың осындай алғашқы жобасы Ш.Айманов киностудиясымен бірлескен «Менің атым – Қожа» фильмі болатын.  Біртуар жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай және «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында осы фильм тифлотүсініктемесімен №1 арнайы мектеп-интернатында көрсетілген болатын.

Қол қойылған екі жақты меморандум сол игі бастаманың сәтті жалғасы және мемлекетіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлығы һәм қолдауы.

Айжан ИСИНА,
оқырмандарға қызмет  көрсету бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button