Үміт пен мейірім мекені
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында еліміздің әр өңірінде түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Осыдан бір ай бұрын қаламызда «Бізбен бірге бол» атты әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсететін интеграциялық орталық ашылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін көмекті үнемдеуге болмайды. Бұл – біздің азаматтық борышымыз әрі қоғам алдындағы парызымыз», – деген еді.
Президенттің осы сөздері бүгінде шынайы іспен дәлелденіп келеді. Қарағанды қаласында 16 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығы жұмыс істейді. Жоба Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен құрылып, бір айдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп үлгерді.
Жалпы, орталық үш негізгі жоба бағытында жұмыс атқарады. Атап айтқанда, әлеуметтік-еңбек бағыты ас үй студиясы мен қолданбалы өнер арқылы еңбек дағдыларын меңгеруге үйретеді. Нақтыласақ, аспаздықты, қамыр илеуді, жартылай фабрикаттар дайындауды, одан бөлек тоқыма және кестелеуді, ұсақ моториканы дамытуды көздейді.
Ал, әлеуметтік-мәдени бағыт спорттық және шығармашылық іс-шаралар арқылы тұлғалық дағдыларға машықтандырады. Жалпы, дене дамуы, би, инклюзивті театр қарастырылған.
Үшінші, кеңес беру қызметтерін көрсету. Бұл бағытта заңгер, психолог, әлеуметтік жұмыс бойынша мамандардан кеңес алады.
Орталықтың Ә.Бөкейхан ауданы, Магнитогорск көшесіндегі 2-үйде ашылуының өз мәні бар. Себебі, сол маңайда мазмұндас үш бірдей мемлекеттік мекеме (балалар үйі, психикалық дамуы тежелген балалар үйі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтар) орналасқан. Бүгінде интеграциялық орталық ашылғалы бері отызға жуық тәрбиеленуші келсе, олардың басым бөлігі ілгеріде атап өткен мекемелерден. Интеграциялық орталықтың басшысы – Әсел Бекбаева.
– Біздің орталық жаңа форматтағы пилоттық жоба есебінде. Мақсатымыз – ерекше қажеттіліктері бар жандарды қоғамға бейімдеудің тиімді моделін жасау. Ашылғанымызға бір айдың жүзі ғана болды. Қазір бізде 11 маман жұмыс істейді. Психолог, заңгер, кеңес беруші, әлеуметтік қызмет көрсетушілер. Айта кетейін, олардың ішінде мүгедектігі бар бес адамды және екі зейнет жасындағы тұрғындарды жұмыспен қамтып отырмыз. Менің өзім де осындай мүмкіндікті талап ететін ерекше баланың анасымын. Сондықтан да, бұл жоба мені алға қарай жетелеп, жігерлендіреді. Сонымен қатар, мамандардың ішінде мен секілді ата-аналар да бар. Оларды өз қатарынан қалдырмауға біз ұжым болып бар күшімізді саламыз, – деді Әсел Шаймұратқызы.
Орталықтың аумағы 200 шаршы метрді қамтиды. Сан түрлі кабинеттерге бөлінген ғимаратта мамандар түрлі қызмет бойынша жұмыстар жүргізеді. Дататека, компьютерлік сауаттылық, сәндік-қолданбалы өнер студиясы, кофехана, т.б. сынды бағыттарға бөлінген.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»