Өмірзақ Алтайбеков – көркем келбеті әркімнің жүрегінде сақталар аяулы тұлға
Адамды бір көргеннен де тануға болады екен. Адамдық биіктікті, азаматтық тұлғалықты сақтай білетін, сол биігінен еш аласармайтын. Сондықтан да, біз оның парасатын бірден аңғарған едік. 1959-1960 оқу жылында мектептің интернатында жатып оқитын әр колхоздан келген ауыл балалары бір кісінің баласындай тату да ұйымшыл едік. Бізбен бірге жатып оқитын Өмірзақ Алтайбеков өзіне тән ерекшелігімен көбімізбен етене араласып, жақындас болдық. Бос жүріп, уақыт өткізуге бейім кейбір балалардай емес, ол сабаққа зейін қойып, озат оқушы екенін бірден аңғартты.

Ерке боп туып, еркін жүруге үйренген маған бағыт-бағдар сілтеді. Менің қабілет-қарым, бейімділігімді аңғарып: «сен қабілетіңді кітапқа, оқуға арнауың керек» деді. Ол кітапты өте көп оқитын және оқыған кітаптарын насихаттап отыратын. Міне, осыдан бастап, кластағы «тентек» атағым бар мен жүз сексен градусқа бұрылып, мінезімде адам сенбейтіндей өзгерістер пайда болды. Бізден үлкендердің, біздің қатарымыздағы жастардың ол кезде жазулары өте әдемі болатын. Ал, Өмірзақтың жазуы тайға таңба басқандай анық та көркем еді. Маған талай кітаптарға қолтаңбасын жазып, сыйға тартқан еді. Әлі күнге дейін сол кітаптар өзімнің жеке кітапхана қорында сақтаулы.
Жаны жайсаң, сегіз қырлы бір сырлы Өмірзақты класымыздағы жиырма бес ұл мен қыз тегіс жақсы көретін. Өйткені ол бәрімізбен тіл табысатын еді. Мектепте барлық сабақты жақсы оқыды. Әсіресе, физика, математика, химия пәндерін жетік меңгерді, үздік болды.
Бір ғана мысал келтіре кетейін. Бізге химия пәнінен университет бітіріп келген жоғары білімді мұғалім сабақ берді. Қызығы – сол ол кісі өз пәнін толық түсіне меңгермеген. Химия кітабын ашып, тақтаға химиялық реакцияларды көшіріп жазып, тақта мен өз столы арасында жалтақтап жүретін. Бойым аласалау мен мұғалім столының алдындағы партада отыратындықтан, ол тақтаға жазуға кеткенде кітап беттерін ауыстырып қоюшы едім. Қайта келіп реакция жалғасын жазуға кітапқа үнілетін де, таба алмай, сасқалақтап берекесі кететін. Бәріміз осы кезде ду күлетінбіз. Әрине, мұның бәрі де балалық. Осыдан кейін сабақты Өмірзақ жалғастырып, бізге түсіндіріп, қоңырауға жеткізетін.
Өмірзақты жоғарыда сегіз қырлы, бір сырлы дедік қой, оқуда жүріп сурет түсірумен әуестенді. Бәрімізді суретке түсіріп, балалық бал дәуренімізден ескерткіш белгі жасаушы еді. Сол суреттер жастығымыздың, оқушы кезеңдеріміздің куәсі ретінде күні бүгінге дейін үйімізде сақтаулы. Майда қоңыр дауысты үнімен сыпайы сөйлеп, еш уақытта дауыс көтермей, аузынан бөтен сөздер шықпай жымия, күліп жаныңа келіп, қолын иығыңа арта тұрып, сөйлегенде кім болса да, оған майдай еріп, бар ынтасымен құлақ түруші еді.
Біздің класта оқыған жиырма бес ұл мен қыздың жиырмасы жоғары оқу орнында оқып, диплом алып шықтық. Соның бірі – Өмірзақ. Ол – физика-математика факультетін бітіріп, қабілетті мамандық иесі бола білді. Жоғары білімді Өмірзақтың қызмет кезеңдері басталып, аупарткомда істеп, өз мамандығы бойынша мектепте мұғалім, бірнеше мектептерде директор болып қызметтер атқарды. Мінезі жайсаң, адал жүректі Өмірзақ өзіне тән ерекше мінезді-тін. Шындық үшін айтқанынан қайтпайтын, өзінен жоғары дәрежедегі басшылардың ығына жығыла бермейтін. Өз айтқанын дәлелдеп, шындықтың салтанат құруына құштар-тын. Мұндай бір беткей қарсы мінез жоғары лауазымды көкелерге әсте ұнай қоймайтын. Өмірзақтың аудан
көлемінен әрі қызметке жоғарлауына көп кедергі етті. Әйтпесе, ол аудан тұрмақ, облыс, республика деңгейіндегі қызметтерде жүретін қабілетті болды. Мектеп бітіргенімізге қырық бес жыл толғанында бәріміздің басымызды қосып, ұйымдастырған Өмірзақ еді. Бәріміз, яғни, бірге оқыған кластастар, 2005 жылы отбасымызбен бас қосып, мұғалімдерімізді қоса шақырып, бір марқайып қалғанбыз.
Сол жиналғандардың арасында қайтыс болып кеткен 5 сыныптасымыз жоқ еді. Міне, сол бесеуге алтыншы болып, Өмірзақ қосылды. Қандай қиын, қандай өкінішті десеңізші! Арда бауырымызды, Өмірзақты бұл тіршілігімізде біз қалай ұмытпақпыз?! Өйткені ол үнемі биіктетін. Ол есімі елге әйгілі қоғам қайраткері емес, мәлім ақын-жазушы емес, оған елде ескерткіш орнатылған жоқ. Алайда, оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі ескерткіш боп сақталады. Соңында еске салар ізі бар, ұлы бар, қызы бар, ұрпақтары немере, шөберелері бар. Олар оны ешуақытта ұмыттырмақ емес. Оның есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Ол – көркем келбеті әркімнің жүрегінде сақталар аяулы тұлға.
Командир АБАҚОВ



