Қарағанды облысындағы жұмыс орындарының жәрмеңкесінде жастарға 3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды
Қала əкімдігінің қолдауымен «Таир» сауда орталығында, жастарға арналған «бос жұмыс орындар» жəрмеңкесі өтті. Жəрмеңкеде заңгерлер, психологтар, қамқоршылық, жұмысқа орналастыру, білім беру, мəдениет жəне спорт, құқық қорғау органдарының мамандары, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының мамандары кеңес берді.
Шараның мақсаты жұмыссыз азаматтарды, жоғары оқу орындарын, колледж түлектерін жəне жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналастыруға жəрдемдесу болып табылады.
− Бүгін бұл осымен өткізілген 14-ші жəрмеңкеміз. Бүгінгі таңда қаламызда 5 жоғары оқу орнының үш мыңдай түлегі бар, соларды жұмыспен қамту мəселелерін нақты мақсатқа қойып отырмыз. Сондықтан, біз 70 жұмыс беруші сала өкілдерін шақырдық. Оның ішінде, 25 мемлекет орган бар. Жəрмеңке − біздің жастарға үлкен мүмкіндік. Сондықтан, аталған шара əрі қарай да, жалғасын табады, − деді Қарағанды қаласы əкімінің орынбасары Лəззат Ақылжанова.
Бос орындар жəрмеңкесі компаниялар үшін де, жұмыс іздеушілер үшін де ақысыз негізде өткізілді.
− Бүгін іс шараға қаламыздың көп ұйымдары қатысуда. Бірінші мақсат − жастарды жұмыспен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, жастарға арналған көп бағдарламаларды қаржыландыру. Қазір кəсіппен айналысып жатқан жастар көп, соларға агро кредиттік компаниямыз жеңілдікпен беретін несиелерді ұсынады. Мысалы, жылына 2,5 пайызбен, көлемі 5 миллионға дейін баратын несиені рəсімдей алады. Мұндай жəрмеңкелердің көп болғанын қалаймыз. Сондықтан, жастарды осындай жəрмеңкемізге шақырамыз,− деді Қарағанды қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Берметов.
Жəрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар жұмысқа орналасу жəне мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бағытында көптеген консультациялар берілді. Бұл шараны жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір деуге болады. Мұндай шаралардың жемісін көріп, жұмыс тауып, мамандық алған адамдар да жетерлік.
− Бұл жəрмеңкеде облыстағы кəсіпорындар өздерінің бос жұмыс орындарын халыққа ұсынуда. Оның ішінде банк қызметкерлері де келіп отыр. 600- ге тарта бос жұмыс орындары ұсынылып отыр. Жəрмеңкені сауда үйінде өткізіп отырғанымыздың себебі, халықтың көп шоғырланған жері. Қазіргі кезде жалпы облыс бойынша осындай жəрмеңкелерді мəдениет үйінде, арнайы жерлерде өткізгеннен гөрі, осындай халық көп шоғырланған жерде өткізгенді дұрыс деп шештік. Мемлекет тарапынан халыққа кəсіп ашуға, оқу орындарына грант бөлуге, арнайы қолдау шаралары жүргізіледі. Мысалы, айтып өтетін болсақ, биылдан бастап, жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын кредиттер беріледі. Жалпы облыс бойынша қаламыздың басқа да аудандарында осындай жəрмеңкелер өтіп жатыр. Енді мұндай жəрмеңкелер тұрақты түрде өткізілетін болады. Келесі аптада үлкен жəрмеңкені орталық саябақта өткізуді жоспарлап отырмыз,− деді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлеу.
Жəрмеңкеде Қарағанды қаласының білім беру, денсаулық сақтау, өнеркəсіп, қызмет көрсету, сауда салаларындағы ең сұранысқа ие кəсіптері бойынша 314 кəсіпорыннан 2500-ден астам бос жұмыс орын ұсынылды. Жұмысшы мамандықтары оның ішінде, машинистер, слесарлар, жүргізушілер, сияқты мамандықтар сұраныста. Олардың жалақысы 80.000-нан 450.000 теңгеге дейін.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті