Өмірлік миссия
Судья және сот қызметкері күні – заңдылық пен әділдік жолында қызмет етіп келе жатқан судьялар мен сот қызметкерлеріне, сондай-ақ, өз өмірін осы іске арнаған құрметті отставкадағы судьяларға деген қоғамның ерекше құрметінің көрінісі.

Судья – ел сенімі мен әділет жүгін арқалаушы. Судья болу – тек мамандық емес, бұл – өмірлік миссия. Судьяның әр шешімі адам тағдырына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан, бұл мамандық иесінен тек құқықтық біліктілікті ғана емес, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерді талап етеді.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі бүгінгі таңда заманауи технологияларды енгізу, процестің ашықтығы мен жеделдігін арттыру бағытында тұрақты дамып келеді. Электрондық сот төрелігі, автоматтандырылған жүйелер, бейнеконференц-байланыс мүмкіндіктері – сот қызметінің сапасын арттыруда үлкен рөл атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті.
Осы уақытқа дейін сот саласы заман талабына сай дамып, қоғам сұранысына толық жауап береді.
Осы ретте, сот жүйесінің бүгінгі жетістігі – құрметті отставкадағы судьялардың еңбегінің жемісі. Олар еліміз тәуелсіздігін енді алып жатқан кезде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарды. Жас судьялар үшін олардың өмір жолы – өнеге, ал кәсіби ұстанымдары – бағыт-бағдар.
Судьялармен қатар, сот отырыстарының үздіксіз өтуіне жағдай жасап жүрген кеңсе қызметкерлерінің, сот отырысы хатшыларының, мамандарының еңбегі де зор. Олар – мемлекеттік қызметтің мәртебелі әрі жауапты буыны.
Осы мерейлі күні сот жүйесінің барлық өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық береке, еңбектеріңізге абырой мен табыс тілеймін! Халық сеніміне лайық қызмет ету – әр судья мен сот қызметкерінің басты парызы!
«Сот әділ болса – ел төрелі болар» дейді дана халқымыз. Сіздердің еңбектеріңіз – сол төреліктің негізі.
Бақытбек ШАЙЗАДАЕВ,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы №2 сотының төрағасы