Өмірлік маңызды мәртебе
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау тегін. Бұл халықтың осы тобы үшін медициналық көмекке қолжетімділікті арттырып, медициналық көмекті уақытылы алуға және патологияларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңалыққа сәйкес онкологиялық ауруларға, созылмалы В және С гепатиттеріне және психикалық ауруларға күдік болған кезде тегін диагностикалау қолжетімді болады. Медициналық сақтандырудың бар-жоғына қарамастан, науқастар тегін емделе алатын аурулардың тізімі бар. Әлеуметтік мәні бар аурулар тізімінде психикалық және мінез-құлық бұзылулары, балалардың церебралдық сал ауруы, қант диабеті, миокардтің жіті инфаргі, нерв жүйесінің дегенерациялық аурулары, қатерлі ісіктер, орфандық аурулар және басқалары жатады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі аударылған жарналардың көлеміне байланысты емес екенін ескерген дұрыс. Бастысы, олардың аударылуы. Сома аз болса да, аударылған төлемдер сақтандырылған мәртебесіне ие болуға мүмкіндік береді.
Медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін алдымен емханаға тіркелу керек. Содан кейін өз мәртебеңізді еgov.kz немесе fms сайтынан тексеруге болады. Бұдан бөлек, Qoldau 24/7, Damumed және екінші деңгейлі банктердің, Telegram-дағы SaqtandyrýBot мобильді қосымшаларында немесе 1414 байланыс орталығына хабарласып білуге болады.
Медициналық сақтандыру жүйесіне аударым жыл сайын өзгеріп отырады. Жалпы, жұмыс істейтін адам үшін жарналарды жұмыс беруші жалақының 3% мөлшерінде аударады. Бұл ретте салық салынатын айлық табыс 10 ең төменгі еңбекақы деңгейінен аспауы тиіс. 2024 жылы бұл көрсеткіш 850 000 теңгені құрайды. Яғни, жұмыс беруші жарнасының мүмкін болатын ең жоғары мөлшері айына 25 500 теңге шамасында. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмысшылар мен қызметкерлер ай сайынғы табысының 2%-ы мөлшерінде міндетті медициналық сақтандыруға жарна аударады. Салық салу объектісі де барлық жұмыс орындарынан айына 10 ең төменгі жалақыдан аспауы керек. Яғни, қызметкердің ең көп деген жарнасы – 17 000 теңге. Сақтандырылушы бірнеше жұмыс орнында істесе, осы мәселе назарға алынуы тиіс.
Мемлекет медициналық сақтандырылу жүйесі енгізілгелі бері азаматтардың 15 санатына жарналарды аудару жауапкершілігін алған. Бұл санатқа 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті және үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін әйелдер, зейнеткерлер, мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар және басқалары кіреді. Олардың әрқайсы үшін мемлекет тарапынан 5 852,63 теңге аударылады. Сәйкесінше олар барлық медициналық көмекті тегін алады.
Сақтандырылмаған азаматтар алдағы 12 ай ішінде дербес төлеуші ретінде жарна енгізсе, медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола алады. Бұл жағдайда әр ай үшін бөлек төлеу керек. Бірден төлеген жағдайда өткен айларда қарыз болса, жойылады. Сақтандыру мәселесіне қатысты не болмаса, медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, емхананың пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыздар.
Майгүл ТОКУБАЕВА,
«Jysan med» ЖШС емханасының пациенттерді қолдау қызметінің жетекшісі.