Ресми

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ: Реформа – сот тәуелсіздігінің кепілі

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сот жүйесін жүйелі түрде жаңғырту жалғасуда. Атап айтар болсақ, жыл сайын сот жүйесі мен судьялардың тәуелсіздігіне қатысты іс-шаралар жалғасып келеді. Осылайша – кез келген даудың нүктесін қойып, әділ үкім шығару болған судьяның шешіміне ешкімнің араласуына, не пікірін тықпалауға жол берілмейді. Адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта істің ақ пен қарасы айқындалып, ақтық үкім шығарылатын жер де осы – сот. Демек, әділ сотқа деген халық сенімінің күшеюі, ел кемелдігінің көрінісі сот төрелігін жүргізетін судья жұмысының мінсіздігіне тікелей байланысты. Ал, бұл мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – сот саласындағы реформалар. Оның жүйелі түрде жалғасуы. Себебі, Президент айтпақшы, «Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат». Осы орайда Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің құрылуы зор қадам деуге болады. Себебі, әкімшілік – сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуші бірден бір орган. Ал, бұл – Президент қадап айт­қан маңызды басымдықтың бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызыловпен сұхбат құрып, әңгіме барысында реформалар сот жүйесін қалай өзгерткені жайлы білдік…

Сурет сайт мұрағатынан

– Мирлан Ахмедияұлы, жүргізіліп жатқан сот реформалары арқылы маңызды өзгерістер орын алғанын білеміз. Соның бірі – Сот әкімшілігінің құрылуы. Аталған орган қашан құрылды және қандай қызмет атқарады?

– Сот әкімшілігі – сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуші орган. Оның негізгі бастамасы – 2021 жылғы 15 қазанда сот жүйесіне қатысты, яғни, сот әкімшілігін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы Президенттің Жарлығы. Соған байланысты «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, «Сот әкімшілігі» деген жеке тармақ пайда болды. Содан кейін, 2023 жылғы 19 қаңтарда Жарлық шықты. Яғни, Сот әкімшілігі туралы рес­публикалық дәрежеде ереже қабылданды. Сөйтіп, облыстарда, Астанада және республикалық маңызы бар қалаларда Сот әкімшіліктері пайда болды. Оған дейін бұл Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың жұмысын қамтамасыз ету департаменті болған. Жалпы, мемлекеттік мекеме ішіндегі бір құрылымдық бөлімшесі деп айтуға болады. Енді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін жеке мемлекеттік институалдық органға айналып, соттың жұмысын қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Сот төрағалары әкім­шілік-бюрократиялық, оның ішінде кадр жұмысы, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, ұйымдастыру-талдау жұмыстарын өзі басқаратын. Бұл елімізде сот саласында жүргізіліп жатқан реформалардың желісі бойынша келген кезде, Төрағалардың конституциялық тағайындауларына қайшы келді. Осылайша, жаңадан пайда болған орган оның бәрін өзіне алды. Енді Төраға Конституциялық заңға сәйкес, сот төрелігін жүзеге асырушы тұлға ретінде ғана қызметін атқарады. Бұл – судья тәуелсіздігінің кепілдігі. Атап айтқанда, өзгеріс аппараттық жұмысты жетілдіруге бағытталған. Қазір республикада осындай 22 әкімшілік бар.

– Қазақстан Республикасы Сот әкім­шілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің міндеттеріне тоқ­талсаңыз, қарамағыңызда қанша қызметкер бар?

– Департаменттің 27 филиалында мың­ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Жалпы, облыста штат бойынша 230-дан астам судья қызмет етсе, қалғандары – мемлекеттік қызметшілер мен техникалық қызметшілер. Жаңа департамент осы үлкен аппараттың жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Департаменттің бірнеше міндеті бар. Оның біріншісі – ұйымдас­тырушылық-құқықтық жұмыс. Екінші – ақпараттық-талдаушылық. Үшінші – материалдық-қамтамасыз ету.

Жеке-жеке талдасақ, ұйымдастыру­шылық-құқықтық дегеніміз – облыстағы соттардың құрылғанынан бастап, барлық өту сатыларына департамент жауап береді. Яғни, бір жерде сот ашылуы керек болса, жоғары жақтан ұсыныс бізге келеді. Кадр әлеуеті, судьяларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру, жұмысқа тағайындау, еңбек демалысын беру, жалақысын төлеу, барлығы біздің құзыретімізде.

Ақпараттық-талдау жұмысын жүргізу барысында сот жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың жұмысына статистикалық бақылау жасаймыз. Мәселен, қанша іс қаралды, қаралу мерзімі бұзылды ма, азаматтар шешімді уақытылы алды ма, орындаушылық талаптар, арыздар қалай қарастырылуда? Соттардың жүктемесі қандай? Соның барлығына талдау жасалады. Қазақта «Құлақпен естігенше, көзбен көрген артық» деген сөз бар. «Әр ауданның соты қандай жағдайда, материалдық-техникалық түрде жабдықталған ба? Не жетіспейді?» деген сұ­рақтарға жауап алу мақсатында аудандар мен қалаларды араладық. Тіпті, басшылар аяқ баспаған жерлер де бар екен. Барған кезде жұмыстағы кемшіліктер назарға алынып, жетілдіру жолдары талқыланады. Бұл жұмыс бағытымызға серпіліс беру үшін қажет. Келгеннен кейін өзара талқылап, қандай да бір нәтиже шығаруға тырысамыз.

– Демек, сот төрелігінің әділ атқары­луы тікелей сіздердің жауапкершіліктеріңізде…

– Әрине. Солай деуге де болады. Осы орайда айта кету керек, біздің міндетімізде сот тәжірибесін талдау деген бар. Яғни, қандай да бір істі қарастыру кезінде кеткен олқылықтар, немесе, қайшылықтар болса, алдымен, соның барлығына талдау жасалады. Кейін оны жоғары тұрған Сот әкімшілігіне жібереміз. Сол жақта зерделеніп, басқа облыстық соттардағы тура осындай жағдайлардың барлығы салыстырылып, кейін ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы болып шыға келеді. Ол заңнаманың құрамдас бөлігі ретінде кейін соттың жұмысында пайдаланылады.

Сот практикасын қорыту (талдау) өте маңызды. Мақсаты – сот практикасының проблемаларын зерделеу, заңнаманы біркелкі қолдануды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды анықтау болып табылады.

Сот практикасын зерделеу және қорыту (талдау) соттардың қызметін жақсарту құралдарының бірі болып табылады, алынған нәтижелерді іске асыру үлкен практикалық мәнге ие. Қорыту (талдау) барысында істерді қарау кезінде заңдылықты бұзу не соттардың заңнаманы әр түрлі қолдануы туралы мәліметтер не қорытындылар алынуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қорыту (талдау) ден қою шараларын қабылдай отырып, тиісті соттың жалпы отырысында міндетті талқылауға жатады.

Бірақ, Сот әкімшілігі департамен­тінің сот төрелігіне араласуға құқығы жоқ. Оған процестік тұрғыда тыйым салынған.

Сурет М.Ахмедияұлының жеке мұрағатынан

– Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Солай бола тұра, соттағы істердің дені орыс тілінде қаралатыны жасырын емес. Мұны немен байланыстыруға болады? Сот жұмысын қамтамасыз ететін орган ретінде бұған не дей аласыз?

– Өте орынды. Осы орайда департаментке жүктелген бір міндет тілге қатыс­ты екенін айту керек. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардан сотқа түсіп жатқан материалдар зерделенеді. Статис­тикаға сүйенсек, 2022-2023 жылдардағы статистика бойынша облыс соттарында жалпы сот істерінің небары 8,84 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралған. Ал, тұрғындардың басым бөлігі – қазақтар. Олай болса, «Сотқа неге орыс тілінде жүгінеміз?» деген сұрақ туады. Азаматтардың өздері құқық құрғау органдарына жүгінген кезде арызды әуелі ресми тілде береді. Немесе жәбірленуші қазақ азаматы құқық қорғау органына келгенде тергеуші орыстілді болғандықтан, істі орыс тілінде қарауға келісемін деген қағаз жаздырып алады. Яғни, адамның конституциялық құқығы бұзылады. Одан бөлек, сотқа келіп түсетін істердің 10 пайызы қазақ тілінде, ол бойынша тағайындалған сараптамалардың барлығы орыс тілінде. Неге? Осыған орай, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы Сот сараптамалары орталығында қазақ тілінде неге мамандар жоқ?» деген мәселені көтергіміз келіп отыр. Одан бөлек, бейресми деректер облыстағы 500-ден астам қорғаушының 10 пайызы ғана қазақ тілінде қорғай алатынын көрсетеді. Бұған да мемлекеттік тұрғыдан серпіліс керек. Біз де істердің қазақ тілінде жүргізілуіне мүдделіміз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 30-бабында: «Сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» делінген, яғни бұл заң талабы.

Ал, сот саласын қазақшаландыру үшін «Мемлекеттің қайрағы – ұлттық намыс» деген ұранмен жұмыс істеу керек сияқты. Сондай-ақ, қазақтардың өздері арызды қазақ тілінде жазуына деген ынта-ықыласы пайда болуы керек. Өкінішке қарай, халық мұны түсінбей келеді. Сот осыған қадам жасауда. Сондықтан, құжат айналымы бойынша жұмыс ауқымды. Мысалы, Қарағанды облысы әкімдіктерінен 226 іс келіп түссе, оның 87-і ғана қазақ тілінде. Білім басқармасынан келген 157 істің 17-і ғана қазақша. «Мемлекеттік тілдің қайрағы – ұлттық намыс». Намыс болмаса, айғайымыз бос әуре. Бұл үшін жасымайтын жігерің, уәжді сөзің болуы керек. «Шешеннің сөзі – мерген, мергеннің көзі мерген». Судья шешен болса, сот әкімшісі департаментінің басшысы ретінде мен – мерген болуым керек.

– Еуропалық комиссияның зерттеуі бойынша Қазақстан соттарында IT-технологияларды пайдалануда 47 елдің ішінде төртінші орында. Цифрландыру сот жүйесін, оның ішінде облыстың сот жүйесін қалай өзгертті?

– Иә, қазір бәрі автоматтандырылған. Бұрын әр судья өзі қалаған істі ғана қараса, қазір істерді автоматтандырылған бөлу қағидаларымен компьютерде жүргізіледі. Арыз тіркелгеннен кейін судьяның жүктемесіне, кім қандай істі қарап жатқаны, қай тілде қарайтынына орай беріледі. Одан бөлек, сот шешімі шыққаннан кейін электрондық цифрлық қолтаңба қойылады. Содан кейін ғана ол бірден азаматқа қолжетімді болады. Егер цифрлық қолтаңба қойылмаса, рейтингте электрондық қолтаңба қойылмады деп шыға келеді. Бұл бағыттағы жұмысты Сот әкімшілігі департаменті күнделікті өз бақылауында ұстап отырады.

Бүгінгі күні сот жүйесінде азаматтардың жедел ақпарат алуы үшін соттардың чат-боттары да енгізілген, олардан кез келген ақпаратты лезде алуға болады, сот жүйесі қызметкерлері үшін «Сот тәжірибесі» және «Сот талдауы» сервистері пайдаланылады. Бірінші және апелляциялық инстанциялардың судьялары бойынша сер­вис миллионнан астам сот актілерін қамтиды және іс бойынша жан-жақты сот ақпаратын береді (талаптың мәні, санаты, нәтижелері және басқасы). Сервис жасанды интеллект енгізу арқылы мәтінді өңдеу технологиясын (мәтінді талдау және іздеу) қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Жетілдірілген ІТ-технологияларды ке­ңінен енгізу және ақпараттық жүйелерді біріктіру сот төрелігінің ұтқырлығы мен ашықтығын айтарлықтай арттырады және сонымен бірге сот ісін жүргізудегі сыбайлас жемқорлық әлеуетін азайтады.

Сот төрелігіне қол жетімділіктің артуын біз, ең алдымен,қарапайым пайдаланушы үшін, яғни Қазақстан Республикасы халқы үшін сотпен кедергісіз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін ыңғайлы және түсінікті құралдарды жасаудан көреміз.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз бұл құралдарды Жоғарғы Соттың www.sud.gov.kz интернет-порталына шоғырландырдық.

Сонымен, сот төрелігінің ашықтығын арттырудағы маңызды қадам барлық соттардың Интернет-ресурстарының жұмысын аудандық деңгейге дейін жаңғырту болды.

Жасанды интеллект біраз жерде қолданылады. Мысалы, біраз істерде қолданылуда Жол-көлік оқиғалары бойынша «Еурохаттама» бар. Екі тарап өзара келісіп, толтырып, ол бірден сотқа түседі. Сот үш күнде шешім шығарады да, шешімін қолға береді. Бұрынғыдай 15-20 күндей күтудің қажеті жоқ. Әлбетте, келтірілген шығын мөлшері белгілі бір шектен аспауы керек. Бірақ, жасанды интеллект қанша болжам бергенімен, соңғы шешімді қабылдайтын адам – судья.

– Статистикалық деректер бүгінде азаматтық талаптардың 90 пайыздан астамы электронды түрде берілетінін көрсетеді. Сот процесіне қатысушылар сотқа өтініш беруден бастап, істі түпкілікті шешуге дейінгі барлық процесті «цифрлық бақылауда» ұстай алады. ІТ-технология сот жұмысын қаншалықты жеңілдетті?

– Бұған дейін сот талдауы және сот ісінің нәтижесін болжау бойынша бағдарлама әзірленген болатын. Судьялар өзге әріптестерінің осындай істер бойынша шешімдерін көре алады. Бұл дұрыс емес сот актісін қабылдаудан аулақ етеді. Тағы бір қызықты сервис – жасанды интеллект алгоритмдеріне негізделген істің нәтижесін болжау. Процеске қатысушылар бастапқыда өз ісінің нәтижесінің ықтималдығын түсінеді. Түпкі мақсат – сот төрелігін болжамды ету.

Жалпы, белгілі бір құқықтық дауға байланысты қалыптасқан тәжірибе болады. Сол тәжірибені республика деңгейінде көре аламыз. Мұнда бағдаршам негізгі өлшем ретінде алынған. Яғни, қызыл түспен шешімі жоқ даулар көрсетіледі. Мысалы, азамат жер дауы бойынша сотқа жүгінгісі келді делік. Ол осы жағдайға қатысты республика бойынша қаралған істердің шешімін көре алады. Яғни, цифрлық талдау бөлігіне жазған кезде осындай істердің бірнешеуі көрсетіледі. Үш түс­те пайыздарын көрсетеді. Жасыл болса, жеңіп шығуға үміт бар. Қызыл болса, үміт жоқ. Істің шешілу болжамы пайыз түрінде. Пайыз төмендеген сайын ұқсас іс бойынша оң нәтиже болмайды.

Болашақта тұрғындар осы бағдарламаны пайдалану арқылы өнбейтін дау үшін сотқа жүгініп, уақытын алмайды. Тағы бір тиімді тұсы – құқықтық көзқарасы қалыптаспаған адамдар істі оның пайдасына шешіп беремін деп, ақша алуды көздейтін адвокаттарға алданудан сақтандырылады. Бұл – болжам. Келешекте бағдарлама қолжетімді болса, азаматтар соттың есігін қағып жүрмейді. Сондай ұстанымымыз бар.

– Мирлан Ахмедияұлы, әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік ті­лейміз!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button