Ақтоғай

Өмірі өнеге болған

      Безимени-2Кеңестік дәуірдің 62 жылында Ақтоғай ауданында 24 білімді, қабілетті азамат аудандық партия комитетінің бірінші секретары қызметін атқарыпты. Солардың ішінде 13 жыл үзіліссіз ауданды іскерлікпен басқарып, әлеуметтік-мәдени салаларында өрлеу туғызып, халықтың рухани санасын игілікті жетістіктермен байытып, ізгілікті қадамдар жасап, жұртшылықтың жүрегіне сенім ұялатқан тұлғалардың бірі – Жаманқұл Шайдарұлы болатын. Ақтоғайлықтар үшін тіршіліктің рухани тынысының бір тамырына айналып, елу жылға тарта үзіліссіз аудан сахнасында мәдени мұралық шара ретінде өткізіліп келе жатқан сенбілік демалу кешінің мазмұнын байыттырған да бұқаралығын арттырған да Жәкең екендігін сеніммен айта аламыз. Сенбі сайын кешкі сағат жетіде Мәдениет үйіндегі бағдарламалық шараларды жұбайымен келіп жұртшылықпен бірге тамашалау Жәкең ауылда барда аудан орталығындағы барлық басшы қызметтегі азаматтар үшін дағдыға айналған болатын. Аудандағы барлық мекеме ұжымдарының қатысуымен апта сайынғы сенбілік кештердің, тұрғындардың демалыс уақыттарын тиімді өткізудің себепкері болуымен қатар тәрбиелік маңызы мен өнер таланттарын танып, көбейтудегі ықпалы мен ролі жоғары болды. Аудан орталығындағы жүз орындық шағын клуб үйі бірте-бірте мұндай ауқымды шараларды өткізуге таршылық ете бастағандығын 1968 жылы ауданға келген сапарында өте тартымды концертті көріп шыққан сәтінде Қарағанды облыстық советі атқару комитетінің председателі Жақыпбек Жанғозиннің назарына салып, типтік мәдениет үйін салғызуды шешіп алып, жаңа құрылысты бір жарым жылда бітіртіп, В.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арнап драма үйірмесінің күшімен дайындалған драматург З.Ақышовтың «Жаяу Мұса» спектактлімен ашқызған болатын. Сәтті қойылып, көрермендердің бағасына ие болған үйірме спектаклі Жәкеңді тез арада халық театры атағын алуымыз керек деген ұйғарымға келтірді. Жәкеңнің қатаң талапшылдығы мен шапшаң шешімділігінің арқасында келер жылы, яғни, 1971 жылдың қыркүйек айында мәдениет министрі Мүсілім Базарбаевтың қол қойған қаулысымен драма үйірмесіне халық театры атағы берілді. Жәкеңнің нұсқауымен енді ауданның әр түкпірінде әр салаларда еңбек етіп жүрген өнерлі жастарды мәдениет бөліміне топтастыру ісі қолға алынды. Сондай-ақ, аудандағы мәдениет ошақтарының басшылығына тек өнері бар азаматтарды тағайындау туралы тапсырма берілді. Бұл өзекті жұмыспен аудандық партия комитетінің идеология саласын басқаратын қабілетті, іскер хатшысы Дәркен Жұмағұлова пәрменді шұғылданып мұғалім, дәрігер, механизатор, веттехниктердің ішіндегі әнші, өнерлі жастар мәдениет үйіне шақырылып, олар жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етіле бастады. Аудандық комсомол комитетіндегі қызметімді режиссерлыққа ауыстырып келіп Жәкеңнің қамқорлығын көріп, өнегесінен үлгі алғандардың ішінде мен де бармын. «Толқынды толқын жалғайды» дегендей ендігі кезек ән-би ансамблін құруға тірелді. Аудан өнерінің қара шаңырағының тұғырлы тұтқасын ұстап жүрген дарын иесі Дартай Садуақасовтың арнайы мамандарға дайындатайық деген ұсынысы аудандық партия комитетінде бірден қолдау тауып, Алматыдан өнер жұбын құрған сазгер Е.Хасанғалиев пен ақын Б.Тәжібаев арнайы шақырылып, ансамбль құру ісі қызу қолға алынып кетті. Осылайша берісі Қазақстан, әрісі Одақтан асып, шет елдерді қазақтың ұлттық өнерімен тамсандырған «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің негізі де Жәкеңнің алғыр идеясы мен қамқор қанатының қуатымен құрылған болатын. Тағы да бірін-бірі жалғастырған жетістіктердің куәсі болдық. 1975 жылдың сәуір айында «Тоқырауын толқындары» ансамбліне халықтық ән-би ансамблі атағы берілген сүйінші хабарды ел-жұрт толық естіп үлгермей жатқанда сол жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 30 жылдығы мерекесінің құрметіне «Тоқырауын толқындары» ансамблі Одақтың астанасы Мәскеуде өнер көрсетеді деген жолдаманы алғанда облыс жұртшылығы таң қалысты. Ал, біздер Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жәкеңнің кірісуімен тарихи сапарға шығып, Мәскеу сахнасында талғамы жоғары көрермендерге өнер көрсететіндігімізді мақтан тұттық. Мәскеу көрермендері жылы шыраймен қабылдап, қошемет көрсетті. Театр мен ансамбльдің қыран құстың қос қанатындай жұптасып, бәйгелер сапында жарыса жүріп бірін-бірі алмастырып өнер жолында биік белестерді бағындырып көрермендердің көзайымына айналуы Қазақстаның халық жазушысы Әлжаппар Әбішовтің “Найзағай” романы бойынша сахналық жүйе жасалып қойылған «Найзағай» спектаклінде тағы да көпшіліктің назарын аударды. Осы 1976 жылы ауданымыз бесжылдықтың тапсырмасын орындаудағы жоғарғы көрсеткіштері үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Алтын Құрмет» кітабына жазылып, естелік құрмет дипломымен наградталды. Драматургтермен кездесу өткізіп шығармаларын бірге тамашалау пайдалы рәсімге айнала бастады. Жәкеңнің таң қалдырмай қоймайтын тағы бірнеше қасиеттері ауданның өнеріне қатысып жүрген азаматтардың барлығын жазбай танитын. Оларға ілтипатпен назар аударатын. Ақтоғай өнерінің көш тізгінін ұстаған арда тұлғалары Тұрған мен Оралтайды, өнер тарландары Дәртай, Шопыр, Дариға, Қуаттарды, театр әртістері мәдениет бөлімінің бастығы Бектұрсын мен кино торабының директоры Шәпибайды, автоколонна бастығы Қайырқұлды, радиотехника инженері Сердәліні, жанына жақын тартып, өнердегі басқа азаматтарды да арқасынан қағып еркелетіп, өнердің бапкер бағбанындай болып жүретін. Әрдайым алаңда өтетін мерекелік шаралар басталмас бұрын Жәкең ертерек келіп қасына балалары Төреғұлды немесе Салтанатты ертіп алып, жиналған жұртшылықты аралап жүріп, көңіл-күйін аулап сәлемдесіп шығатын. Небір жақсылығына куә болған адамдарға сол сәтінде ризашылығын білдіретін. Қызметтен қолы босағанда кешкі кинодан, спектакль мен концерттерден қалмайтын. Бірде ауданға іс сапармен келген Жезқазған облыстық советі атқару комитетінің председателі Қамза Бижанұлын ертіп мәдениет үйінде Ш.Құсайыновтың екі сағатқа созылған «Алдар Көсе» спектаклін тапжылмай отырып тамашалағандары соның айғағы. 1977 жылы ауданда мал қыстату науқаны өте ауыр жағдайда өтті. Көктемде облыстық Мәдениет басқармасынан «Тоқырауын толқындары» ансамбліне жаңа бағдарлама дайындау туралы тапсырыс түсіп, бұл мәселені бюро мүшелерімен кеңескенде кейбір азаматтар қыстан қысылып шығып, ес жия алмай отырғанда концерт дайындаттырғанымыз сөкет болмас па екен дегенде Жәкең бірден «жұтаса ауданның малы жұтады, өнері жұтаған жоқ» деп режиссер С.Елеусізов пен балетмейстр З.Райбаевты шақыртып, «дайындықты жедел бастаңдар» деп тапсырма бергені есімде.

Аудан орталығынан алғашқы шыбығын өзі шаншып отырғызған паркі бүгінде сәулетті де саялы көгілдір баққа айналып, 1979 жылы Мәдениет министрлігінің шешімімен «Мәдени демалу паркі» деген атау беріліп, содан бері өз алдына жеке мәдени ошақтың міндетін атқарып келеді. 2001 жылы қоғамдық ұйымдар мен жұршылық өкілдерінің ұйғарымы бойынша бұл саябаққа «Жаманқұл Шайдаров атындағы саябақ» деген ат берілді. Жәкеңнің есімі өзі ұзақ жыл қызмет атқарған жерінде ардақталып, көрікті мекен жайда рухани ескерткіш ретінде сақталып, алыстаған сайын рухы жаңғырып, биіктей түсуде.

Тұңғышбай МҰҚАН,

зейнеткер.

Басқа материалдар

Back to top button