Өмірі – өлең, болмысы – білім
Мейрам Кеңесұлын сонау студент кезінен білемін. Бәріміз түлеп ұшқан ҚарМУ-дың филология факультетіндегі орыс бөлімінде оқыды. Жақынырақ танып, араласқаным – 2005 жылдан бастап. Осынау жиырма жылдың жүзінде ағалы-інілі болып, сый-құрметпен келе жатырмыз.

Мейрам Кеңесұлы Жұмабеков – 1975 жылы 28 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасындағы бастауыш сынып мұғалімі Зинаида Шмейлинаның арқасында кітап оқуға құмарлығы артқан. Ортаңғы сыныптарға өткенінде өлең жазуды бастаған. Алғашқы жауқазындай балаң жырлары сол оқушы дәптеріне қонған екен. Осы кезде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Раиса Колосованың көп көмегі тиеді. Балауса жасқа өмірлік бағыт беріп, арман-қиялына қанат байлаған. Әрине, оған дейін де бала Мейрамның әдебиетке деген қызығушылық сезімі қалыптасып қалған еді. Оған әкесі – актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков, анасы – ұлағатты ұстаз Майра Ержанованың әсері мол болды.
Мектеп бітірісімен сол арманын арқалап, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсуге келеді де, бағы жанып, студент болып қабылданады. 1992-1996 жылдар аралығында осы оқу орнында оқып, ойдағыдай аяқтап, сосын магистратурасын жалғастырған. Филология магистрі болып шыққан. Бакалавриатта да, магистратурада да көптеген көрнекті ғалымдар, ұлағатты ұстаздар дәріс беріп, арманшыл жастың білім мен ғылым көкжиегін кеңейте түсіп еді. Магистратурада жүргенде ғылымға түбегейлі бет бұрып, болашақ кандидаттық диссертациясының тақырыбын дайындап, ғылыми жетекшісі ретінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Бралина (Сихымбаева) бекітіледі. Мейрам Кеңесұлының зерделі ғалым болып шығуына осы Сәуле Жәлелқызының еңбегі ерекше болды десек, артық айтқандық емес. Сәуле апайдың үнемі қадағалап, көп тапсырмалар беріп, оны орындатудың нәтижесінде 2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының жанындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында филология ғылымдарының кандидаттық дәрежесін алуға диссертация жазып, соны сәтті қорғап шыққан. Сол қорғаудағы Ғылыми кеңесте Қазақстанға белгілі марғасқа ғалымдар: С.Қирабаев, Ж.Ысмағұлов, С.Қасқабасов, Б.Құндақбаев, Ә.Нарымбетов, А.Ісмақова және тағы басқалар пікірлерін білдіріп, жас ғалымға сенім артып, жауапкершілік жүктеген. Мейрамның орысша жазып, қорғаған ғылыми тақырыбына қызыққан белгілі қазақ фольклортанушы ғалымы Едіге Тұрсынов та қатысқан. Бұл ғалым Ғылыми кеңестің мүшесі болмаса да, өз тарапынан қызығушылық танытып, диссертантқа тақырыбына байланысты сұрақтар қойып, жылы пікірін білдірген екен.
Ғылыми еңбегін қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алғаннан соң Мейрам Е.Бөкетов университетінің Ғ.Мейрамов атындағы орыс тілі және әдебиеті практикалық курсы кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент болып қызмет атқарды. 2005-2007 жылдар аралығында филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
2007-2018 жылдары 11 жылдай журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметінде жемісті еңбек етті. Осы мерзімде журналистика кафедрасы үлкен жетістіктерге жетті. Мейрам Кеңесұлы әдеби шығармалардың авторы және Абай, Шәкәрім, Қасым Аманжолов, Серік Ақсұңқарұлы және басқа да қазақ ақындарының поэтикалық шығармаларының аудармашысы ретінде танымал. 2003 жылы Қарағанды қаласында өткен Қасым Аманжолов атындағы бірінші облыстық поэзия байқауының лауреаты атанды. 2012 жылы Арменияның Ереван қаласында өткен Сильва Капутикян атындағы халықаралық әдеби байқауда үшінші орынға ие болды. 2015 жылы Алматыда өткен «Алтын көпір» деп аталған халықаралық аудармашылар байқауында екінші орын алды. 2016 жылы Калининград қаласындағы «Алыстан – алысқа» дейтін халықаралық байқауда екінші орын иеленген. 2016 жылы «Ұлы Жеңіс батырлары – 2016» деп аталатын Екінші Бүкілресейлік әдеби байқауының жеңімпазы болды. 2017 жылы Мәскеу қаласында өткен XVII Халықаралық Пушкин байқауында Аустралия, АҚШ-ты қоса алғанда, жақын және алыс шет елдердің қатысушыларының арасында лауреат атанған.
Өзінің жеке шығармашылық әлемінде «Көк гүлдер» (2015 жыл), «Өмір сүру бақыты» (2018 жыл) кітаптарының авторы.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы біздің Мекең осы сәуірде ердің жасы елуге толды. Ұрпақ қызығы мен еңбек жемісін көріп, ғұмырлы болыңдар!
Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы