Спорт

Өмірге құштар жүрекпен…

Қарағандыда трансплантациядан өткен және диализдегі адамдар арасындағы республикалық турнир ұйымдастырылды. Оған еліміздің 13 өңірінен команда келіп, бес күн бойы волейбол, жүзу, боулинг, дартс және үстел теннисінен сынға түсті.

Суреттерді түсірген автор

2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл республикалық сайыстың географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Егер өткен жылы қатысушы командалар саны 11 болса, биыл бұл көрсеткіш 13-ке жеткен. Қатысушылардың қатары ғана емес, жарыстың маңыздылығы да артып отыр. «Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов бұл бастаманың басы-қасында жүрген жан. Турнирге облыс басшылығы тарапынан қолдау­дың зор екенін баса айтты.

Трансплантациядан кейін де, диализге тәуелді науқастар үшін де спорт – қалпына келудің бірден-бір жолы. Себебі дәрі-дәрмектің дұрыс сіңуі, ағзадағы зат алмасудың реттелуі үшін қозғалыс аса маңызды. Бірақ, диализдегі азаматтар үшін бұл оңай емес. Олар аппаратқа белгілі уақытпен байланып, үйінен жыраққа шығуына мүмкіндік бола бермейді.

– Осыны ескере отырып, Қарағандыдағы диализ орталығымен келісім жүргіздік. Сырттан келген қатысушылар жарыс кезінде уақытылы ем қабылдай алды. Бұл үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысымыз шексіз. Ақ халаттылар сайыс бойы жанымызда жүрді. Ең бастысы – ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Келешекте турнирдің ауқымын кеңейтіп, әр өңірдегі диализ орталықтарымен жүйелі жұмыс жолға қойылады деген үмітіміз бар, – деді Жәнібек Оспанов.

Ақтөбе облысынан келген команда бұл жолғы жарыста айрықша көзге түсті. Сайысқа 8 ер, 4 әйел қатысып, командалық есепте топ жарды. Қатысушылар спорттың үш түрінен – І орын, екі түрінен – ІІ орын иеленіп, жарыстың «Ең үздік командасы» атанды. Ақтөбелік делегацияның арасында 79 жастағы Ескак Сдиков те болды. Ұзақ жылдар бойы спортпен шұғылданып келе жатқан Ескак қария биыл дартс, боулинг және үстел теннисінен бақ сынап, «Ең үлкен қатысушы» номинациясына ие болды.

– Спортпен өмірбақи айналысып келемін. Өзім 20 жыл бұрын трансплантация жасатқанмын. Жас кезімде еркін күреспен айналыстым. Ал, трансплантациядан кейін жеңіл атлетикамен үзбей шұғылданамын. Облыс әкімдігінен бізге тұрақты қолдау бар. Нәтижесінде, командалық есепте топ жардық. Өзім 2022 жылы Ақтөбеде өткен дәл осындай турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінгенмін. Жүзуден – ІІ орын, дартстан – І орын, үстел теннисінен – ІІІ орын иеленіп едім. Биыл жүлдегерлер қатарына іліне алмадым, – деді Ескак Сдиков.

Қарағанды облысының құрамасы биылғы жарыста командалық есепте жүлдегерлер қатарына іліге алмады. Алайда, бұл олардың бәсекеге бәсең дайындықпен келгенін білдірмейді. Құрамында небәрі 7 спортшы болғанымен, әрқайсысы өз спорт түрінде үздік нәтиже көрсеткен. Нәтижесінде, боулингтен әйелдер арасындағы жарыста – І орын, дартстан 60 жастан асқан спортшылар арасында – І орын иеленген. Одан бөлек, әйелдер арасындағы дартстан – ІІІ орын, жүзуден де ІІІ орын еншілеген.

Бұл құраманы жарысқа бастап келген – «ХПН Жизнь» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдос Серіков. Спортшының айтуынша, 20 жылдан бері диализде жүрген көрінеді. Соған қарамастан спорттан қол үзбей, өзгелерге де мотивация беріп, сенім сыйлап жүр.

– Команданы биыл алғаш рет жинап, жарысқа қатыстық. Әзірлікке уақыт аз болды. Өңір спортшыларын толық іріктей алмадық. Дегенмен, алғашқы қадам жасалды. Келер жылы қатары толыққан, жақсы дайындықпен келген мықты команда жасақтаймыз, – деді Айдос Төлегенұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Ақтөбе облысының командасы топ жарды. Ал, ІІ орынды астаналықтар иеленсе, үздік үштікті шымкенттіктер түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button