Өмірдің өзі – тригонометрия
Қыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Саябақтар мен балалар алаңдарында сырғанақтар қойылады. Бірақ, олардың биіктігі мен көлбеулігі дұрыс есептелмесе, балалардың жарақат алуына қауіп бар. Бұнда тригонометрияның көмегі зор. Мысалы…

Ұзындығы 7 метрлік сырғанақтың ең қауіпсіз биіктігін анықтау үшін көлбеулік бұрышын 35° деп алайық. Биіктікті есептеу үшін тригонометриялық синус функциясын қолданамыз:
**H = 7 * sin(35°) = 7 * 0.5735 = 4.01 м**
Бұл есептеулерден сырғанақтың биіктігі 4 метрден аспауы тиіс екенін көреміз. Егер бұрыш одан аз болса, сырғанақ қауіпсіз. Бұл мысал мектепте алған білімнің өмірдегі маңызын көрсетеді. Тригонометрия сәулет және құрылыс салаларында кеңінен қолданылады.
Қазақстандағы ең ірі аттракциондардың бірі – «Ailand» шолу дөңгелегі (колесо обозрения) Астананың көрікті жерлерінің біріне айналды. Оның биіктігі – 65 метр, диаметрі – 55 метр, салмағы – 270 тонна, кабиналардың саны – 36. Бұл аттракционға байланысты бір сұрақ туындайды: кабиналар бір-бірінен қандай қашықтықта орналасқан?
Кабиналардың орналасу бұрышын анықтаймыз:
360° : 36 = 10°
Диаметрі 55 метр болғандықтан, шеңбердің радиусы R = 27,5 м. Осы мәліметтер арқылы кабиналар арасындағы қашықтықты анықтауға болады. Бұл тригонометрияның сәулет пен инженерияда қалай қолданылатынын көрсетеді. Мектеп оқушылары үшін тригонометрияны меңгеру – ҰБТ және мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырудың маңызды бөлігі. Көптеген оқушылар бұл тақырыпты күрделі деп есептейді, алайда, оны нақты өмірмен байланыстыра отырып, игеру әлдеқайда жеңіл. Тригонометриялық функциялар тек математикада ғана емес, физика, география, астрономия, тіпті, медицина салаларында да қолданылады. Функционалды математикалық сауаттылық – бұл тек формулаларды жаттау емес, оларды өмірде қолдана білу.
Тригонометрия арқылы біз көпірлердің беріктігін есептейміз, ғимараттардың төбесін дұрыс жобалаймыз, жасанды серіктердің орбитасын анықтаймыз.
Тригонометрия тек мектеп бағдарламасының бір бөлігі ғана емес, ол – өмірдің ажырамас бөлігі. Қауіпсіздік, сәулет, құрылыс, техника, инженерия, күнделікті өмірдің қарапайым мысалдары да тригонометрияның қажеттілігін дәлелдейді. Сондықтан, бұл ғылымды игеру – тек емтихан үшін емес, өмірде дұрыс шешім қабылдау үшін маңызды.
Ақзер ӘЛМҰХАНБЕТ,
Жамбыл атындағы мамандандырылған
мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы
ҚАРАҒАНДЫ