Өмірдің өзі – энергия
Қарағанды құю-машина жасау зауытындағы электрбайланыстың желілік құрылымдарын желіде таратушы электр жөндеуші Руслан Қасымжанов – көпке үлгі жас маман. Ол Президенттің жұмысшы мамандарды қолдау жөніндегі бастамасының маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны жастарды техникалық мамандықтарға тартуға септігін тигізуде. Бұл бастама кәсіпке баулып, оның жолын табуға, еңбекке деген құрметті арттырады, – дейді Руслан Ерболұлы.
Белсенді жастың айтуынша, әріптестері оның жұмыстағы бастамашылық қасиеті мен кәсіпқойлығын бағалайды. Сонымен қатар, жұмысшы жастар дамуына қолдау білдіріп, еңбек жолында жігерлендіреді. Дәл осы қасиеттер зауыт жастарының өз саласында көшбасшы болуына ықпал етуде.
– Таңмен зауытқа келіп, медициналық тексерістен өтеміз. Басшылықтан тапсырма алып, жұмысымыз бойынша жөндеу жүргіземіз. Байланыс құралдарынан ақау шықса дереу жөндеуге кірісеміз. Жұмысымның ең қызықты тұсы әрбір телефон аппараты, модем, сымдардың ақауларын түрлі тәсілмен іздеп табу. Әрине, қиындығы да бар. Мәселен, ауа райына қарамастан жұмыс істеуіміз қажет, – дейді Руслан.
Біздің кейіпкер басты жұмысы ең алдымен қауіпсіздікпен байланысты екенін алға тартады. Өзі айтып өткендей, электр энергиясымен жұмыс істеу барысында қауіптерді болдырмау үшін мамандар арнайы қауіпсіздік шараларын үйретеді. Электр соғуынан, қысқа тұйықталуынан, өрттен және басқа да төтенше жағдайлардан қорғану үшін олар техникалық құрылғыларды дұрыс пайдаланып, жүйенің жұмысын қадағалауды да үйренеді.
Оның сөзіне сүйенсек, электрмен жұмыс істейтін кез келген маман үшін қауіпсіздік – бірінші орында. Электр жөндеушінің жұмыс күні әрқашан қауіп-қатерге толы. Электр тогымен байланыс жасау, оның ақауларын жөндеу – зор шеберлікті, білім мен жауапкершілікті талап етеді. Олардың жұмысы бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне жауапты. Сондықтан, олар қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтайды.
Электрмонтерінің жұмысы сондай-ақ адамның күнделікті тұрмысымен тығыз байланысты.
– Негізі бағдарламашы-техник мамандығы бойынша білім алдым. Бұл салада байланыс жағынан электрмонтерінің де үлесі бар. Зауытқа байланыс жүйесін алып келу, интернетке қосуды жетік меңгердім.
Бұл мамандыққа қызығушылық танытқан адам алдымен электр жүйелері мен құрылғыларын терең меңгеруі қажет. Бұл мамандық көптеген техникалық білім мен дағдыларды талап етеді. Мамандар арнайы оқудан өтіп, сапалы теориялық білім мен тәжірибе алады. Сонымен қатар, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін үнемі жаңашылдықты қабылдай алатын, инновациялық технологияларға бейім болған жөн. Тереңірек үңілсек, өмірдің өзі энергиядан тұрады, – дейді Руслан.
Қазіргі заман талаптарына сай, электромонтерлер тек қарапайым электр құрылғыларын орнатып қана қоймай, заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Кәсіби білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, электрмен жабдықтаудың болашақтағы тұрақты дамуына үлкен үлес қосады. Энергетика саласындағы кез келген жетістік – бұл ең алдымен, мамандардың еңбегі мен шеберлігінің нәтижесі.
– «Жұмысшы мамандықтарының жылында» жастардың еңбегі еленіп жатқаны қуантады. Оған қоса жастардың үйлі болуына жеңілдіктердің жасалуы, жұмысқа орналасуына қатысты мәселелер көтеріліп, шешімін табуда. Қоғамда жұмыссыз жүрген жастар саны азайып, іскер әрі белсенді замандастарымыздың саны артуда.
Қабілет пен қызығушылыққа сәйкес мамандық таңдау өте маңызды. Еңбекқорлық пен нақты кәсіби дағдылар бағаланса, қоғамда бұл идея насихаттала береді.
Осы орайда Қарағанды құю-машина жасау зауыты өндірісте еңбек нарығына қажетті кәсіби мамандар даярлауға бар күш-жігерін салып келеді. Теория мен тәжірибені тиімді үйлестірген жастар көп, – дейді Руслан Қасымжанов.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz