ЖаңалықтарТұлға

«Өмір – қысқа, жол – ұзақ»

Екеуміздің қысқа амандықтан кейінгі әңгімеміз осы бір пәлсапалық тұжырымның түйінін тарқатуға арналды. Жасы үлкен ағаға деген ілтипатыма ырзалық танытқан күйі ұсынған орынға жайғасып жатып:

Өмір – қысқа, жол – ұзақ, бауырым, – деді. Белгілі марафоншы Төлеутай Жаманбектің кезекті сапардан оралғанын бірден түсіндім. Түйсігім алдамапты. Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Ленинградтың фашизм құрсауынан азат етілгеніне 73 жыл толуына арналған 48-ші Халықаралық қысқы марафоннан оралған беті екен.

…Сөзуар, денесі жеңіл, қимылы шапшаң адамның ойға шомып кеткен сәтіне куә болудың өзі – ғанибет. Төлеутай ағам – ой орманында. Бір сәтте ағытыла жөнелді.

Жүгіріп жүріп, 65 жасқа да келіп қалыппыз. Адамның өмірі де – марафон ғой. Әркімге әртүрлі қашықтық бұйырады. Қас-қағым сәтте жүгіріп өтеміз. Осы жолы – Санкт-Петербургте 42 шақырымдық дәстүрлі қашықтықты 4 сағат 53 минутта бағындырдым. Небір ұзақ деген жолыңызды осылай жүріп өте береміз-ау, – деді. Қарапайым спортшының пәлсапа сабақтап отырғаны сүйсіндірмей қоя ма?!

…Иә, Төлеутай Жаманбектің есімі мен бұқаралық спортты насихаттаудағы елеулі еңбегін біреу білер, біреу білмес. Біліп, құрметтеп жүргендерге ырзалық танытқанымызбен, білмегендерге өкпелей алмаймыз. Өйткені, әркім өз «марафонында» жанталасып жүрген заман болды ғой. Тіпті, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып жүрген біздің өзіміз Төкеңнің осы жолғы Санкт-Петербург сапарынан бейхабар отырмыз. Айтқандай-ақ, халықаралық деңгейде 48-ші рет ұйымдастырылған бұл марафон «Өмір жолы» деп аталады екен. Өте күрделі марафон. Ылдиынан өрі көп. Бұралаң-бұлтарысы тағы бар. Дәстүрлі түрде қыста ғана өтеді. Осы ерекшеліктері Төкеңнің өмір жолына қатты ұқсайды.

Төлеутай Жаманбек 1952 жылы 17 ақпанда Шет ауданында дүниеге келді. Әкесі Жаманбек марқұм көрік соққан ұста еді. Діндарлығымен ел ішінде «пірәдәр» атанған. Үнемі көрік жалынына шарпылған адам төзімді, діндар адам адал келеді ғой. Әкеге тартып ұл туған. Әке ұлға сенім артты. Сенімді ақтады. Қыста шаңғымен, жазда шалғымен дос болған Төлеутайдың өмір салты әу бастан салауатты еді.

Бір жерден оқығаны бар. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деген қанатты қағиданы. Осы қағида оның өмірлік ұстанымына айналған. Мақсаты биік еді. Жеткен жетістігі де аз емес. Осы жолғы марафон – Төкеңнің 59-шы марафоны. Әлемдік деңгейдегі көптеген ірі марафондарда Қазақстанның есімін әйгіледі. 2006 жылы Үндістанның Бангалор қаласында өткен XIV Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанып, халықаралық дәрежедегі «Мастер-Атлетик» атағын иеленді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Қарағанды-Мәскеу» (қашықтығы – 3700 шақырымдық) супер-марафонына қатысты. Тізе берсек, толып жатыр.

Негізгі мамандығы дене тәрбиесі пәнінің (академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі) мұғалімі бола тұра, 25 жыл шахтада істеді. Маңдай тері жердің үстіне де, астына да сіңген. Бүгінде зейнеткер. Зейнетақысы бейнетақысын өтей алмайтын болған соң, Қарағанды технология және сервис колледжінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп жүр. Жастарды спортқа баулып, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауды, Елбасының спорттың бұқаралық сипатын арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға үлес қосуды азаматтық парызы санайды. Арасында сауын айтылып жатқан марафон болса, жүгіріп қайтады. Жүлде үшін емес, жұмыр жердің картасында Қазақстан деген ел барын таныту үшін. 65 жастағы ардагер үшін 40-50 шақырымға жүгіру еріккеннің ермегі емес, әрине.

Ай сайын марафон ұйымдастырылып жатса, қатысуға ықтияр. Әттең, қаржы қолбайлау болып жүр. Демеушілік жасай қоятын Атымтай-Жомарттардың мырзалығына зәру.

Санкт-Петербургте өткен марафонға қатысуыма демеушілік жасаған «Карат» ЖШС директоры Валерия Алексеевна Нефедоваға және Қарағанды технология-сервис колледжінің директоры Жұмағали Мағзиев мырзаға алғысым шексіз. Осындай азаматтардың арқасында марафонға қатысқан 2500 желаяқтың ортасында жүгіріп, зейнеткерлер арасында 20-шы көрсеткішке қол жеткіздім, – дейді Төлеутай аға.

…Пендешілігіміз шығар, өмірден ақиқат іздейміз ғой. Ақиқаттың қайда екенін жобалап меңзейтініміз де бар. Түпкі түйініміз – ақиқат ақыретте дейміз. Оған дейінгі ақиқат қайда болды? Ділмәрдің тілінен, әншінің үнінен, ақын мен жазушының қаламынан, арудың жанарынан іздедік… Меніңше, ақиқат тура осы Төлеутай ағаның аяғында жүргендей көрінеді. Желаяқ. Аяғына ақиқатты іліп алып, жүгіріп жүр. Ол ақиқат – сөре мен мәренің арасындағы өлшем. Тек марафоншылар ғана емес, бәріміз де жүгіріп жүрміз. Бесік-сөре мен табыт-мәренің арасындағы марафонда. Төкеңнің аяғына шырмалған ақиқаттың астарында осы пәлсапа жүр. Өзі айтқандай: «Өмір – қысқа, жол – ұзақ».

59-шы марафонмен қарсы алған 65-ші белесіңіз құтты болсын, аға! Өзіңіздей ақсақалдар 60 шақырым тұрмақ, 6 адым жерді сүрінбей аттай алмайды. Ал, Сіз 60-шы марафонға қатысу үшін демеуші іздеп жүрсіз… Жолыңыз да, ғұмырыңыз да ұзақ болғай!

Ерсін МҰСАБЕК

Фотолар спортшының жеке мұрағатынан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button