АймақШет

Өмір Кәріпұлының 85 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Қазақ әдебиетінің көрнекті сөз зергері Өмір Кәріпұлының 85 жас мерейтойына арналған «Бозторғайша шырылдап бұла таңнан, Даладан қаламына қуат алған» атты сазды әдеби кеш сол күні әдеттегі мәдени жиындардан өзгеше өзінің ішкі лебі, даланың иісі сіңген тынысы, жүрекке жетер жылы үнiмен дараланды. Залда тылсым тыныштық орнап, сөз өнерінің сиқыры сахнаға қонған сәттен бастап, көрермендер жүрегін жылытып, көңілін елжіретті. Арқа топырағына тән қоңыр салқын самалдай ескен әдеби атмосфера тыңдарманын бірде ойға жетелеп, бірде шабытқа бөлеп, бірде сағынышқа шомдыра берді…

Сурет Шет ауданы әкімдігінен

Керімсал кештің тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қойлыбай Асан ұстап, шараның рухани салмағын одан әрі арттыра түсті. Сахнаға шыққан әр тұлғаның сөзі ондағы жұрт назарын бір сәтке де босаңсытпай, кеш мәртебесін биіктетіп жіберді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ақжарма құттықтауы мен ыстық лебізін аймақ басшысының орынбасары Ораз Тәуірбеков жеткізген-ді. Мемлекеттік деңгейдегі ықылас пен құрмет абыз жазушының әдебиет кеңістігіндегі орнын айрықша айқындап, мерейтой салтанатына салмақ қосты. Содан соң сахнаға Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров көтеріліп, өңір халқының атынан Өмір Кәріпұлына деген алғаусыз алғысы мен ризашылығын білдірді. Абай атындағы мемлекеттік сыйлық иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбайдың жылы лебіздері көрерменді тағы бір толқытып, әдеби қауымның құрметін айқын көрсетті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, жазушы Алмаз Мырзахмет, прозаик Толымбек Әбдірайым, жазушы Қуандық Түменбай, сыншы-ғалым Раушан Әбдіқұлова сахна төріне шығып, әрқайсысы Өмір Кәріпұлы шығармашылығының қыр-сырына терең бойлаған әсерлі сөздерін, жүрекжарды құрметін жеткізді. Жазушы Қуандық Түменбай Қазақстан Жазушылар басқармасының өкімімен Өмір Кәріпұлына «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағын табыстады.

Сахна төрінде жазушының сөзіне жазылған сырлы әндер шырқалып, тыңдарман жүрегін тербеді. Әдеби туындылары негізінде дайындалған театрландырылған қойылым ақынның сөз әлемін сахна кеңістігіне көшіріп, көрерменді бірде толғанысқа, бірде тебіреніске бөлеп, салтанатты кештің шырайын аша түсті. Ел газеті «Egemen Qazaqstan», «Ana tili», «Ortalyq Qazaqstan» сынды беделді басылымдардың қаламгер шығармашылығына арнайы айқарма бет арнауы да мерейтойдың қоғамдық маңызын айқын көрсетті. Сондай-ақ, облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап кітапханасының өкілдері жазушының әр жылдары жарық көрген кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларының кең көлемді көрмесін дайындап, меймандардың зор қызығушылығын оятты. Құнды мұраға толы сырлы сөрелерден қабырғалы қаламгердің шығармашылық жолы, ізденісі, әдеби эволюциясы айқын аңдалды. Ұлт ұясы Ұлытаудың қасиетті топырағынан, Жезқазған шаһарынан арнайы келген Алашқа танымал өнер майталмандары әншілер Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, Ардақ Мұқышев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев, белгілі қаламгер Ахат Құрмансейіт, қоғам қайраткері Ізтілеу Түсіпов сахнаға көтеріліп, мерейтой иесіне жүректен шыққан ізгі тілектерін, шынайы ықыластарын білдірді. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Төрехан Майбас, арда азамат, кәсіпкер Ұлан Әбдіхан, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Елеужан Серім, Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов пен қарымды қаламгер Мағжан Садықановтың сахнаға шығып айтқан лебіздері де кештің көркін кіргізіп, Өмір Кәріпұлына деген ел құрметін айшықтай түсті. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаевтың шешімімен қаламгерге «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын сүйіншіледі. Қазақтың ән өнері мен дүниетанымының білгірі, Ерлан Төлеутай қазмойын қара домбырасын қолына алды.

– Сексен бестің сеңгірінде тұрып айтарым, алдымен жарық дүниеде осынша жасағаным үшін шүкіршілік етемін. Қазақ дейтін қарға тамырлы халқым мен Қазақстаныма риясыз ризамын! Жазушылыққа жеттім. Бұлдыраған бұлағымның, туған жерімнің маған берген қуаты орасан. Атақ пен мансап, бақ пен бедел сынды дүниелерге оншалық қызыға да қоймаппын. Жарық дүниедегі әр жалқын күнді Жаратқанның өлшеусіз сыйы деп қабылдай біліппін. Атым Өмір болған соң, өтпелі өмірдің қасиетін білуіміз керек сынды, – деп сырын ашқан абыз жазушы Өмір Кәріпұлы кеш соңында «Тәберік» атты жаңа кітабының бетін ашып, келелі кешті өзі түйіндеді. Әсері бөлек жиыннан тараған жұрттың ойы ордалы қалыпта тысқа беттеген. Күн райы май тоңғысыз еді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button