Министр Марат Қарабаев өндіріс орындарын аралап, тұрғындармен кездесті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында министр өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен де кездесу өткізді.
Марат Кәрімжанұлы алдымен Saran өндірістік аймағына ат басын тіреді. Бұл жерде рекордтық мерзімде, атап айтқанда небары 16 айда тұрғызылып, іске қосылған KamaTyresKZ ЖШС зауытының жұмысымен танысты.
Одан бөлек, министр Абайдағы «Стежок» ЖШС жұмысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл жерде аталған кәсіпорын директоры Нұрхан Жұмабековтің баяндамасын тыңдап, жұмыстарына баға берді.
Өңірімізге сапары барысында Марат Қарабаев облыстағы жол мәселесін де қозғап, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбе-көз көрді. Соның бірі – «Абай-Қарабас-Жартас-Долинка» автокөлік жолының құрылысы. Аталған жолдың 17-38 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын.
«Шапағат» тұрғын-үй кешеніндегі үйдің құрылысы біраз жылдан бері тоқтап, «сақалды құрылыс» қатарына енген болатын. Бірақ, биыл сең қозғалып, құрылыс жұмыстары қайта жанданған еді. Марат Кәрімжанұлы аталған нысанда болып, құрылыс сапасына да көңіл бөлгенін айту керек.
Ал, түстен кейін Марат Қарабаев Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көтерілген мәселелер де әр түрлі. Қарағандылықтар министрге ауыз су, кәріз жүйесінен бастап, тұрғын үй, кадр мәселесі, облыстағы индустриялық аймақтарды дамыту мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды.
Марат Кәрібайұлы тұрғындарды ашық әңгімеге тартып, көкейдегі сұрақтарын бүкпесіз айтуға шақырды. Тіпті, министр көпшілік алдында айтылмайтын мәселелері болса, жеке қабылдауға да уәде берді.
Сапар соңында Марат Қарабаев «Теміртау электрметаллургия комбинаты» АҚ комбинатына соғып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Министрдің сапарынан жазылған кеңейтілген ақпаратты газеттің келесі санынан оқитын боласыздар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz