Жаңалықтар

Міндетін адал атқарғандар

Апатты жағдайда азаматтық борышына адалдық танытқан бір топ қарағандылыққа Тәуелсіздік тойы қарсаңында құрмет көрсетілді. «Абай» шахтасындағы апаттың салдарын жоюға атсалысқан жерлестерге жұрт қошемет қылды. Атап айтқанда, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен 15 тау-кен құтқарушысы, шахтаның екі қызметкері марапат иеленді. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Марапаттарды Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов және «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Бас директоры Владимир Беккер тапсырды.

Сонымен, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі «Абай» шахтасының техникалық қызметінің желдету учаскесі мен қауіпсіздік техникасын газбен бақылау аппаратурасының диспетчері Наталья Денищукке, «Абай» шахтасының №1 дайындық жұмыстары жерасты учаскесінің электр слесарі Махаммадисмаил Мадмаровке, екінші әскерилендірілген авариялық-құтқару жасағы взвод командирінің медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Мұрат Әзімбаевқа, аталған жасақтың құтқарушылары – Әсет Жақан мен Талғат Нұрмағамбетовке, бөлімше командирі Арман Сақбасыновке, жасақтың взвод командирінің медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Олег Стрижаковке табысталды.

«Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі екінші әскерилендірілген авариялық-құтқару жасағының командирі Владимир Брага, құтқарушылар – Дидар Әлнұров пен Дмитрий Храмшинге берілді.

«Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен аталған жасақ құтқарушылары – Нариман Әбішев пен Әлібек Асқаров, бөлімше командирі Нұржан Әліқайдаров, жасақтың взвод командирі Ерік Ескендір, взвод командирінің орынбасары Юрий Коровин марапатталды. «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісі жоғарыда аталған жасақтың құтқарушылары – Андрей Андреев пен Қайрат Баймановқа тапсырылды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button