Приозерск

Міндет – мінсіз қызмет

Мемлекеттік қызметшілер күні кеше кәсіби мерекесін атап өтті. Елбасы ұсынған игілікті идея мен алға қойған маңызды міндетті жүзеге асыруда олар тиянақты іс тындыруда. Осы орайда Приозерск қаласы әкімі аппаратының басшысы Алтай Исатаевқа бірнеше сауал қоюдың сәті түскен еді.

– Алтай Нәсіпбекұлы, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті не? – Егер қысқа қайырсам, біздің басты міндет

 — Мемлекеттік қызмет тұжырымдамасының жаңа үлгісі аясында мінсіз қызмет көрсету. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қызмет жөніндегі Заңды мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік құрылым қызметкерінің кәсіби қарым-қабілетін арттыруға, мемлекеттік қызметші мүддесін қорғауға бағытталған.

 Ал, әріден қозғасам, Елбасы міндеттеген мақсатқа жету үшін қабылданған “100 нақты қадам” Ұлттық жоспарына келіп тіреледі. Міне, елді ортақ мүддеге жұмылдыру көзделген осы құнды құжаттың бастапқы 15 қадамы кәсіби, дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыруға арналған. Демек, бұл салада мемлекеттік қызметтің қағидасын қатаң сақтап, адал әрі талантты, өз ісін жетік білетін азамат қызмет етуі керек.

 – Ендеше қазір қалада жауапкершілігі жоғары, талабы тегеуірінді бұл салада қанша қызметкер тер төгіп жүр?

– Кез келген қоғамды өкілетті билік басқарады, ел сеніміне сызат түспеуі осы органның жұмыс сапасына байланысты. Қазір қалада он сегіз мемлекеттік орган бар. Оның ішінде жергілікті атқарушы орган — 11, орталық мемлекеттік органның ау мақтық құрылымы – 7. Ал, жергілікті атқарушы органдағы мемлекеттік қызметшінің штаттық саны – 56 бірлік, нақты саны – 50 адам.

– Кез келген ортада бетке ұстар, үлгі тұтар тұлға болады…

– Бұл сауалдың сыңайын түсіндім. Айтайын. Қоғамның, қаланың дамуына елеулі үлесін қосып, мінсіз тәртіп пен зор жауапкершілікті ұштастырып, елдің ойынан шығып, қарапайым халықпен етене араласып, өз еңбегінің нәтижесін көріп келе жатқан мемлекеттік қызметші баршылық.

Бірнеше әріптестің есімін мақтанышпен атасам, артық болмайды деп ойлаймын. Олар: қала әкімінің орынбасары Ботагөз Қазиева, мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау және ақпараттық технологияны дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Рахымбаева, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Наталья Михайловна Струментова, білім бөлімінің басшысы Гуля Қасымова мен сектор меңгерушісі Алма Медетбекова, экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Динара Әбжанова, жер қатынасы, сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы Серікбай Бұқпантаев.

Үкілеген үмітті ақтап жүрген жастар жағы да жеткілікті. Соның бірі — қалалық мәслихат депутаты, талантты ақын Ұлан Алмас. Былтыр облыстық байқауда екінші жүлдені қанжығасына байлады, қашанда қаладағы тәрбиелік мәні бар іс-шараның басықасында жүреді. Өзінің еңбекқорлығы, біліктілігі, белсенділігі арқылы көзге түскен ол биыл жастар орталығына басшылыққа тағайындалды. Үнемі жаңалықтың жаршысы болып жүретін Ұланды қаладағы жастарға үлгі етуден жалыққан емеспін.

– Еңбекқорлық, белсенділік пен біліктілік туралы айтып қалдыңыз. Уақыты жетпей, сүрнігіп жүретін екі адам болса, біреуі – мемлекеттік қызметші. Соған қарамастан, қоғамдық жұмыстың бел ортасынан жиі көреміз…

 – Онсыз бола ма?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, мемлекеттік қызметші халықтың сеніміне сай, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп, кез келген қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүруі қажет. Мемлекеттік қызметкер көптеген ісшараға және қоғамдық жұмысқа қатысуды өзіне міндет санайды.

ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған автовелошеру акциясына мемлекеттік мекемелер, таксопарк қызметкерлері, қала тұрғындары және белсенді жастар қатысты. 26 жылдықты бейнелеген 26 автокөліктен құрылған автокеруен мен 26 велоспортшы қаланың кіре берісінен бастап, орталық көшенің бойымен “Достық” балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығына дейін жүріп өтті.

Жуырда денешынықтыру және спорт бөлімі “Алға басу – движение вперед” қайырымдылық шарасын өткізді. Оған 30 мемлекеттік кызметкер қатысты. Сондай-ақ, 9-10 маусымда “Достық” балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында Астана қаласының 20-жылдығына орай қыз-келіншек арасында волейболдан қалалық турнир ұйымдастырды. Оған 5 команда, 58 спортшы қатысты. Соның екі командасы мемлекеттік қызметкерден жасақталды.

21-23 маусым аралығында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекеттік қызметтің 20 жылдығы құрметіне “Сенің жаңа қырың” атты бұқаралық спорт бастамасы аясында мемлекеттік қызметкер мен штаттан тыс қызметкер командалары арасында футболдан жолдастық кездесу өткізіліп, оған 100 адам қатысты. Бірінші орын штаттан тыс қызметкерлердің “Бетпақдала” командасына бұйырды. Екінші орынды мемлекеттік қызметкерлердің “Сарыарқа” командасы иеленді.

Жалпы Мемлекеттік қызметшілер күні қаланың орталық алаңында аталып өтті. Жиынға жергілікті халықпен қатар қала қонақтары да қатысты. Ел игілігі жолында 15-20 жыл адал қызмет атқарып, абыройға бөленген 15 мемлекеттік қызметкер облыс әкімі мен қала әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 Қазақта “Екі дүниең — абат, екі тойың қабат болсын” деген тамаша тілек бар емес пе?! Биылғы төл мерекенің Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі осыған саяды. Баршаның өз кәсібінің жемісін көріп, жеңісін бағалағанын қалаймын. Қаланың қарқынды дамуына күш салып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген әріптес әулеттің өз саласында биікке көтеріліп, алға қойған мақсатына жете беруіне тілектеспін.

 Сұхбаттасқан Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button