Міндет – індетті таратпау және ошағын анықтау
Нұра ауданының екі елді мекенінде ірі қараның ауруы тіркелді. Мыңбаев ауылында 21 ірі қара, соның ішінде, 7 бұзау өлген. Алдын ала мәліметтер бойынша, мал пастереллезбен ауырған.
Жағдай туралы Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов түсініктеме берді.
«Мыңбаев ауылында 1 маусымда бір бұзау ауырып, сол күні өлді. Болған жағдай туралы облысқа хабарладық. 2 маусымда ветеринария инспекциясы және ветеринария басқармасы басшыларымен мамандар оқиға орнына келді. Сонымен қатар, жануарларды тексеру үшін жергілікті ветеринария қызметінің мамандарынан құралған топты ауылға жібердік. Қан талдамалары және патматериалдар зертханалық сараптамаға жөнелтілді. Сондай-ақ, қорытынды келгенше малды алдын алу мақсатында антибиотиктермен емдеуді бастадық. Сонымен бірге, малды ветериналық препараттармен, залалсыздандыру құралдарымен залалсыздандыру жүргізілді», – дейді аудан басшысы.
Аудан әкімінің мәліметінше, бүгінгі таңда ауданда індет жұқтырған белгісі бар 52 ірі қара екі елді мекенде анықталған. «Мыңбаев ауылында 21 бас өлді, оның ішінде 7 бұзау бар. Көршілес Заречное ауылында сиырларда ауру белгілері бар, бірақ өлген мал тіркелген жоқ», – деп нақтылайды Ниқанбай Омарханов.
Әкім дереу әрекет етудің нәтижесінде індет өршуінің алды алынғанын атап өтті. Осыдан кейін індеттің белең алмауы үшін шаралар қабылданған.
«Жылдам әрекет еттік. Жағдай бақылауда. Өзім ауылға барып, үйлерді аралап, мал иелерімен сөйлесіп, көңілдеріндегі алаңды бастым. Тұрғындарды түсінуге болады – олар мал арқылы күн көріп отыр, мал – олардың табысы», – дейді әкім.
Әкім малы өлген тұрғындардың барлығы өтемақы алатындығына сендіреді. «Әуелі індетті тоқтатайық. Содан соң шығынды есептейміз. Бірде-бір адам өтемақысыз қалмайды. Тұрғындардың өтінішін-тілегін ескереміз. Біреу ақшалай, біреу малдай алғысы келеді. Қазіргі таңда екі міндет бар – індетке дұрыс диагноз қойып, оны тоқтату және ошағын анықтап, оқшаулау» – дейді Ниқанбай Омарханов.
Мамандардың айтуынша, аурудың көзі сан алуан болуы мүмкін – су, улы шөптер, ауа, топырақ.
Ауылдарда қазір 16 ветинспектор жұмыс істеуде. Өлген мал қоршалған өлекселер көметін орынға жеткізілген. Мыңбаев ауылына кіре беріс, шыға берісте дезбөгеттер қойылған. Көлік қозғалысын жергілікті полиция қызметі бақылауда.
«Зертханалық сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Сонда нақты диагноз белгілі болады», – дейді аудан әкімі.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.