Жаңалықтар

МІНДЕТ – АЙҚЫН

Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 2017 жылғы 28-ші қысқы Универсиаданың «Алау эстафетасы» аймақтық кезеңінің дайындығы мен өткізілуі, жергілікті бюджетке қосымша кіріс көздерін қарастыру бойынша 2016 жылғы шаралар жоспарының қорытындылануы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекет аясындағы міндеттер, сонымен қатар, мемлекеттік сәулет пен құрылысқа бақылау жүргізу туралы маңызды үш мәселе қаралды.

«Алау эстафетасына» дайындық жұмыстары туралы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған басқарма іргесінде «Алау эстафетасының» аймақтық штабы құрылып, іс-шара жоспары бойынша жұмыс жасайтын ұйымдастыру комитеті бекітілді. Облыстың жоғары оқу орындарында факел ұстауға үміткерлердің тізімі жасалды. Комиссия құрамы 186 үміткердің арасынан 60 студентті іріктеді. Бұл тізім эстафетаға жалпы басшылық жасайтын Алматы қаласындағы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада дирекциясына жіберілді. Сонымен бірге, «Алау эстафетасының» ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына тікелей ат салысатын еріктілерді іріктеу жұмыстары да атқарылды. Олардың жалпы саны – 120 адам. Еріктілерге арнап, Саран қаласындағы тігін фабрикасында қысқы спорт киімдері тігілуде. «Алау эстафетасының» дирекциясы және Қарағанды, Теміртау қалалары әкімдіктерімен, облыстың ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, қозғалыс бағдары бекітілді. Қозғалыс ұзақтығы – 12 киллометр.

Жергілікті бюджетке қосымша кіріс көздерін қарастыру бойынша 2016 жылғы шаралар жоспарының қорытындылануы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекет аясындағы міндеттер туралы облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская мәлімет берді. Өткен жылы облыс бюджетіне 124 млрд. 419 млн.теңге қаражат келіп түсті. Жылдық жоспар 121 млрд. 482 млн.теңге екенін ескерсек, жоспар 102,4%-ға орындалғанын айта кету керек. Сонымен қатар, бюджетке қосымша кіріс көздерін қарастыру жоспары да жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде, биылғы 1 қаңтарға дейін бюджетке қосымша 4 млрд. 757 млн. теңге көлемінде қаражат құйылды. Бұл туралы облыстың кірістер департаментінің басшысы Азамат Ахметов те айтып өтті. Мәселен, мүлкін жалға беру арқылы кіріс көзін тапқан жеке тұлғаларды анықтап, оларды салық міндеттемелерін орындауға тарту кезінде жоспардағы 10,9 млн.теңгенің орнына бюджетке 12,3 млн.теңге қаражат құйылды. Жоспар – 113,1%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда бюджеттің түсімі 6,4 млн.теңгеге (52,5%-ға) артты.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – мемлекеттік сәулет пен құрылысқа бақылау жүргізуге қатысты облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Тілектес Досаев баяндады. Қазіргі күні басқарма қадағалауында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 115 нысан бар. Өткен жылы басқармаға құрылыс-жөндеу жұмыстарының басталғаны туралы бар болғаны 746 хабарлама келіп түсті. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 36,4 %-ға төмен.

Мәжіліс соңында аймақ басшысы басқарма басшылары мен облыстың қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button