Әдебиет

Мимикрия. Маска киген өлеңдер

Әйел адамның шығармашылығы – жерасты сулары іспетті. Жер де, әйел де – Ана. Көңіл қойнауында, тұрмыс-тіршілікте сұлулық пен мейірімге қатысты сезімдер жерасты суларындай буырқанып немесе көздің жасы болып ағатындай…

Қарағандылық ақын Эльмира Сайлауқызының жуырда ғана жарық көрген «Формула» жыр жинағынан абстрактілі бояулар мен «ауыр» философия, әлеуметтік контекст көрінбейді. Автордың басты тақырыбы – ішкі жан-дүниесі мен сергек сезімдерінің трансформациялануы.

Жинақты толық оқып шығып, автор өлеңдері жеті тақырып аясында өрбігенін байқадым. Кітаптың алғашқы бөлімі «Көңіл ноталары» деп аталғаны осы ойымды нақтылай түсті.

  1. «Еркелік»

 

«…Еркелет!

Лағындай еліктің,

Мен ерке елікпін!

 

Иіске…

Өлеңге, қаламға тиіспе,

Тәп-тәтті күйге ендір,

Сүйіс те!».

 

  1. «Отағасына»

 

«Білмеймін қалайша бекігем,

Өзіңді өзгеше қызғанам.

Көз тиіп қалмасын, өтінем.

Көзмоншақ тағып ал қыздардан».

 

  1. «Ұрпағым аман-сау болсыншы»

 

«Үкілі үміт – аңсар бір әнім,

Ар менен намыс – жүректе.

Аяулым, Мөлдірім, Кәусар бұлағым –

Болғайсың лайым биікте…

 

Қызғалдақтарымның соңынан,

Мирасым келді өмірге.

Бағым мың, шүкір, сорымнан,

Ризамын, Раббым өзіңе.

 

Жүрек те, өлең – өрнекте.

Айналам құдды гүл мекен.

Мағжаным сыймай жер-көкке,

Шаттыққа толып жүр ме екен?».

 

  1. «Ауасы жұпар ауылым»

 

«Сезімдер – жалын жанған күн,

Қуандым іштей ақырын.

Алдымнан шыққан жандардың –

Барлығы туыс, жақыным…».

 

  1. «Қорғаймын, өзімді қорлатпай»

 

«Үнсіздік, кереңдік… қылығым,

Өлтірді мендегі жүректі.

Қаламым, түндерім, ұрлығым,

Көңілді көкмайса күйретті

 

Жетекке алды да намысым,

Көтердім тік ұстап басымды.

Жылусыз ақылдан жалықтым,

Көрмессің көздегі жасымды».

***

«Ашындырдың! Алқымымнан алдың да!

Бағалауды білмей жүрсің барымда!

Өзің айтар – түк келмесе қолымнан,

Неғып жүрсің жанымда?».

 

 «…Пешенеме еркін қалам жазбаған»

 

«Өлең үшін «таяқ жеуім» тамаша,

Тас қараңғы, күнім жырсыз маздаған».

                          ***

  «…Өлеңге өмір деп қарамай,

Өткізіп алыппын уақытты».

                          ***

«Қиялмен өрілер өлеңге

Қиянат жасауды бастадым…».

                          ***

«Буыным босаңсып, морт сынды барлығы,

Ұғатын жан таппай қиналдым жанымды…».

                          ***

«Қазан емес, қағаз ұстап жүргенде

Бәлкім, мен де жетер ме едім белеске…».

Кез келген шығармашыл адамның сезімталдығы мен біртүрлілігі өнерде имидж қалыптастырушы факторлардың бірі екенін жоққа шығара алмаймыз. Өлеңдерің өзара байланысып жатқанын да оқырман бірден аңғарады. Кейбір сөздерді тырнақшаға алып, кейбір жерден тырнақшаны алып тастау керек екенін өлең өзі-ақ айтып қояды. Кейбір тіркестер маска қызметін атқарып тұрғандай. Мимикрия…

Жинақтағы жырлар тұрмыстық, эмоциялық шиеленістерді дәстүрлі өлең жолдары арқылы ұтымды жеткізуімен, шынайы болмысымен құнды.

 

Салтанат ҚАЙЫРБЕК,

ақын.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 

 

 

Басқа материалдар

Back to top button