Бас тақырып

Ми оталары енді роботпен жасалады

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, профессор Х. Мақажанов атындағы Қарағанды көпсалалы ауруханасында жаңа буындағы Remebot RM-200 нейрохирургиялық робот жүйесі қолданысқа енгізілуде. Құрылғы күрделі оталарды миллиметрлік дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аурухананың операциялық блогында роботтың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңарып, медициналық ұйымдар жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл аймақтарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр. Биыл 92 медициналық нысан бой көтеріп, олар заманауи жабдықтарға ие болуда. Сонымен қоса, жедел жәрдем көліктерінің паркі жаңартылып, ауруханалар жоғары технологиялы медициналық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр, – деді аймақ басшысы.

Remebot RM-200 жасанды интеллектке негізделген құралмен жабдықталған. Жүйе стереотактикалық оталар, биопсияны, ми ісіктерін анықтауды және функционалдық нейрохирургиядағы жоғары дәлдікті манипуляцияларды орындауға мүмкіндік береді. Роботтың позициялау дәлдігі – ≤1 мм.
Аурухана мәліметінше, жаңа кешен жыл сайын 300-ден астам жоғары технологиялық нейрохирургиялық операция жасауға жол ашады. Бұл аурудың асқыну қаупін төмендетеді және науқастардың ауруханада болу уақытын қысқартады. Жүйемен жұмыс істейтін нейрохирургтар шетелде арнайы даярлықтан өткен.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button