Жаңалықтар

Межелі жұмыстар – жүйелі


           Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА Қаражал қаласында іссапармен болып, біршама маңызды кездесулер өткізді. Көшбасшы партияның қалалық филиалының конференциясына қатысып, онда ұйымдық мәселе қаралды. Енді, қалалық партия филиалына төраға ретінде қала әкімі Тілектес ДОСАЕВ басшылық жасайтын болады.

Алғашқы кезекте Қадиша Базарбайқызы қоғамдық қабылдаулар өткізіп, өздерінің көкейіндегі мәселелерін ортаға салу мақсатымен келген қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді, сауалдарына жауап берді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ және «Өркен» ЖШС «Өркен» Атасу өкілдігінде болған жүздесулер барысында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына қатысты әңгіме өрбіді.
– Бұл «Қазақстан – 2050» Стратегиясын күнделікті өмірге батыл енгізу бағытындағы бірегей қадамдар. Бүгін біздің алдымызға мерейлі міндеттер қойылып отыр. Олардың оңтайлы орындалуының айғағы – әр азаматтың, әр еңбеккердің жеке еңбегінің жемісті нәтижесі. Биік мақсаттардан туындайтын талғамды талаптарды еңсеру өзімізге, біздің бірлігімізге байланысты, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары кәсіпорындар жұмысшыларымен тілдесуі кезінде.
Қала әкімі Тілектес Досаевтың мәлімдеуінше, жоғарыда аталған кәсіпорындар өнім көлемін ұлғайту, темір кенін, полиметалл және марганец шикізатын қайта өңдеу мен байыту бағытындағы әрекеттеріне белсенді сипат бере бастаған. Олар сонымен қатар, өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін де арттыра түсуде. Мәселен, «Өркен» Атасу өкілдігі шағын шаһарды одан әрі дамыту және абаттандыру бойынша түзілген меморандум шарттылықтарын іске асырмақшы. Тындырымды тиянақталуын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен қала аумағындағы өзге де өндіріс ошақтары өз міндеттеріне алған әлеуметтік мазмұндағы жалпы қоғам үшін аса маңызды жайттар да баршылық.
Кәсіпорын жұмысшыларымен өткізілген кездесулер кезіндегі әңгіме ауаны олардың Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы және мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатты қапысыз қолдайтындарын айғақтады.
Қалалық партия конференциясы жұмысы аясында Мемлекет басшысы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы міндеттеген партияның жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі модернизациялау жоспары егжей-тегжейлі талқыланып, ілкімді іске асыру талаптары белгіленді. Қадиша Оспанова өз сөзінде мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысты ақпараттық жұмыстарды одан әрі ширату, қоғам мен азаматтардың алдында неғұрлым ашық болу, олардың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін мәселелерді терең зерделеу секілді қажеттіліктерге айрықша көңіл бөлді. Ол сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын ұдайы бақылауда ұстау мәселесін атап өтіп, партия филиалын, бастауыш партия ұйымдарын, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын өзара қарым-қатынасты нығайта түсуге шақырды.

Ахат Құрмансейітов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button