Қарағанды облысында егін жинау науқанына дайындық аяқталуға жақын. Алдын ала болжам бойынша, өңір диқандары биыл 946 мың тонна астық, соның ішінде 817 мың тонна бидай жинауы тиіс. Осакаров ауданында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында жиын-терімге дайындық пен ауыл шаруашылығын қолдаудың өзге де маңызды шаралары талқыланды.

Облыстағы ең ірі астық өндіруші өңір саналатын Осакаров ауданы биылғы маусымда 449 мың тонна дәнді дақыл, 25 мың тонна картоп және 64 мың тонна майлы дақыл жинауды жоспарлап отыр. Осы жиынның барысында білгеніміздей, егістік көлемі бойынша облыста екінші орында тұрған Нұра ауданы биыл 303 мың тонна астық, 36 мың тонна картоп және 13 мың тонна майлы дақыл жинаудан үмітті.
– Басты міндет – егін жинау науқанын сапалы және уақытылы өткізу. Көктемде ауа райының құбылмалы болғанына қарамастан, барлық жоспарланған алқаптар игерілді. Жаз бойғы жауын егін түсіміне оң ықпалын тигізуі тиіс, – деді жиын барысында Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жинаған өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 145 мың тонна болатын төрт лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны және 340,2 мың тоннаға арналған 138 картоп және көкөніс сақтау қоймалары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін астық қоймаларының сыйымдылығы тағы 18 мың тоннаға, ал көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығы 12 мың тоннаға артады.
– Биыл 265,2 мың тонна картоп, 38,5 мың тонна көкөніс жинаймыз ба деп отырмыз. Егін жинауға шамамен 2 мың астық жинайтын комбайн, 220 картоп жинайтын техника және 162 картоп қазғыш жұмылдырылады, – деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлеубеков.
Осы күндері Осакаров, Нұра, Абай және Бұқар жырау аудандарының кейбір шаруашылықтарында егін жинау жұмыстары басталып та кеткен. Қазірдің өзінде 5,3 мың гектар дәнді дақыл жиналып, 4,4 мың тонна астық бастырылды. 240 гектардан 5,4 мың тонна картоп жиналды.
Диверсификация бағдарламасы аясында майлы және мал азығы дақылдарының егіс көлемі арттырылған.
– Былтыр алғаш рет күнбағыс өсіруді бастап, жақсы өнім алдық. Биыл майлы дақылдардың егіс көлемін 3 500 гектарға дейін ұлғайттық. Бұл дақылға сұраныс бар. Өңдеу мен сақтау үшін қосымша кептіргіштер, өңдеу пункті мен қоймалар салдық. Мемлекет тарапынан қолдау бар, – дейді «Ясная Поляна» шаруашылығының басшысы Михаил Чолокиди.
– Жалпы, алдағы жиын-терім науқаны оңайға соқпайды. Егін мен өзге де өнімдерді жинау техникаларын гектарлық жүктемеге сай дайындап, астық сақтау қоймаларын, кептіргіштерді әзірлеп, алқаптардан астық тасымалын тиімді ұйымдастыру қажет. Қосымша дизель отынын дайындау керек. Ең бастысы – жұмыстың бәрі тап-тұйнақтай жасалуы тиіс. Үлкен-кіші шаруашылықтардың бәріне бірдей қолдау көрсетілсін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев жиынның қорытындысында.
Өңір басшысы аудан әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасына егінді сапалы жинау, техниканы дайындау, дизель жеткізу, 2026 жылға тұқым дайындау мәселелері бойынша көмек көрсетуді тапсырды. Картоп пен басқа да көкөністердің тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша меморандумды пысықтау, тыңайтқыштар мәселесін шешу қажеттігін еске салды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Осакаров ауданы