Бас тақырып

Метапневмовирус қаншалықты қауіпті?

«Жаңа» деп айдарлап жүрген метапневмовирус – мамандардың айтуынша, жаңа емес, бұрыннан белгілі классикалық вирустардың бірі. Адам метапневмовирусы – әлемнің көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған вирус түрі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда да тіркелді. Оның арнайы емі жоқ. Ем ауру белгілеріне қарай жүргізіледі.

Сурет aif.ru

Мамандардың айтуынша, оның белгілері кәдімгі жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауға ұқсас. Респираторлық аурулар секілді жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі – инфекцияның негізгі белгілері. Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы беріледі. Кейбір жағдайларда тұрмыстық байланыс арқылы жұғуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша ел бойынша метапневмовирустың 30 жағдайы тіркелген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға 8 360 үлгі зерттеген. Оның 1 866 (22%) үлгісі оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%) деңгейінде анықталды.

Жалпы,  эпидемиологиялық маусым басталған бірінші қазаннан бастап республикада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 2 миллионнан астам жағдайы және зертханалық расталған тұмаудың 941 жағдайы, оның ішінде А(H1N1) типті тұмаудың 910 жағдайы, А-1(H3N2) жағдайы, В тұмауының 30 тіркелді. Аймақта осы эпидемиологиялық кезеңде 50 мыңға жуық адам жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырғаны белгілі болды. Сонымен қатар, тұмаудың А-1 түрінің 16 жағдайы зертханалық тұрғыда дәлелденді. Тұмау емес түрлерінен риновирус, РС-вирус, аденовирус басым. Былтыр қараша айында метапневмовирустың бір жағдайы тіркелгенін де атап өту керек. Жыл басынан бері тіркелген жаңа дерек жоқ.

Мамандар метапневмовирустың коронавирустан да қатерлі екендігі туралы алып-қашпа сөздерге сенбеуді сұрайды. Қазір елде, сонымен қатар, бүкіл әлемде жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмаудың өршіп тұрған кезі. Сондықтан, мамандар халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Мұндай шектеулер, әсіресе, созылмалы аурулары бар науқастарға қатысты. Себебі, аталған вирус осы санаттағы немесе иммунитеті әлсіреген адамдар мен балаларға қауіпті. Ауру асқынса, бронхитке немесе пневмонияға әкелуі мүмкін.  Ересектерде вирус әдетте жеңіл өтеді.

Ведомствода тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу үшін адамдармен, әсіресе, ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, қолды тазартуға арналған антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану сынды шараларды сақтауға шақырады. Бұл ретте ауру белгілері пайда болған кезде медициналық көмекке жүгінген абзал. Вирусқа байланысты қандай да бір шектеу шараларын енгізу туралы ресми қаулы шығарылмағанын да атап өткен орынды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button