Бас тақырыпМедицина

Метапневмовирус қандай вирус?

COVID-19-дың әлегінен кейін жыл басында тағы сол Қытайдан жаңа вирустың ошағы шықты дегенде халықтың әжептәуір қорқып қалғаны рас. Алайда, мамандар метапневмовирус классикалық вирустардың бұрыннан белгілі түрі екенін айтып, алаңдаушылықты басты. Оның штамдары басқа вирустармен қатар Қазақстанда да анықталды. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық адам метапневмовирус жұқтырған. Соның үшеуі Қарағандыда тіркеліп отыр.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Сонымен, дәрігерлер мен ғалымдардың айтуынша, метапневмовирус жіті респираторлық вирустық инфекцияға жатады. Оны анықтау үшін арнайы тестілеу жүргізу керек. Елде эпидемиологиялық маусым басталғалы 8 мыңнан астам сынама жасалған. Сонда зертханалық расталғаны – 98.

Метапневмовирустың белгілері де тұмаудыкіндей. Көп жағдайда жөтел, тамақтың, бастың ауруы, мұрыннан су ағу, қалтырау, дене қызуының көтерілуі байқалады. Асқынған жағдайда адам ентігіп, әлсірейді. Бронхит, пневмониямен ауруы да мүмкін. Аурудың негізгі инкубациялық мерзімі мамандардың айтуынша, үштен алты күн.

Бұл ретте аурудың асқыну жағдайлары иммунитеті әлсіреген адамдарда, үлкен кісілерде және 5 жасқа дейінгі балаларда байқалады. Асқыну салдарынан қайтыс болу деңгейі де төмен. Осыдан екі-үш жыл бұрын Lancet Global Health журналында жарияланған зерттеулерде 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімінің себебі жіті вирустық инфекциялар ішінде, метапневмовирустың үлесі 1% ғана. Дегенмен, интернеттегі кейбір деректерде метапневмовирустан болатын өлім-жітім 43%-ға жетуі мүмкін деген ақпарат бар. Алайда, бұл деректер қосымша тексеруді және растауды талап етеді. Себебі, көп жағдайда ауру жеңіл түрде жүреді. COVID-19-дан айырмашылығы, метапневмовирусты диагностикалау үшін скринингтік тесттер жеткіліксіз әрі оны емдеуге арналған вирусқа қарсы препараттар жоқ.

– Емдік терапия ауру белгілерін жеңілдетуге бағытталады, – дейді Қарағанды қаласының №5 емханасының педиатр дәрігері Айдана Сейтжанқызы. – Көп мөлшерде су ішу, қызу түсіретін мұрынға тамызатын дәрілер пайдалануға болады. Бірақ, мұрын тамшыларын балаларға абайлап қолданған жөн. Сонымен қатар, мұрынды тұзды ерітіндімен шаю қажет болады. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар кезінде антибиотик қабылдауға болмайтынын есте ұстау керек. Ол бактериялық инфекция кезінде ғана нәтижелі.

Вирус жұқтырмау үшін алдын алып, сақтанған дұрыс. Қарағанды облысының санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау департаменті мамандары адам көп жиналған жерлерге бармауға, ауру белгілері бар адамдармен байланыс орнатпауға кеңес береді. Үй-жайларды үнемі желдетіп отырған жөн. Сондай-ақ, қолды жиі жуу немесе антисептиктермен тазарту да аурудан сақтануға сеп болады. Себебі, метапневмовирус ауа тамшылары арқылы жұғады. Оның вирустары заттардың бетінде 6 сағатқа дейін сақталады. Ресми түрде ешқандай шектеу, карантиндік шаралар қабылданбағанын да айту керек. Сонымен қатар, Қытаймен байланысын шектеп, шекарасын жапқан бірде-бір ел жоқ. Бұл ретте Мемлекет басшысы да жаңа вирусқа қатысты дүрбелең туғызбауға шақырған болатын. Жыл басында Президент Қытаймен әріптестікті одан әрі жалғастыру қажеттігін алға тартты.

Аймақтың санитариялық-эпи­демиоло­гиялық бақылау депар­та­­ментінің дерегінше, метапнев­мовирус өңірде 3 адамнан анық­талды, былтырғы эпидемиологиялық маусымда 16 адам ауырған болатын. Жалпы, өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 54 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Оның жартысынан астамы – балалар. Олардың үлес салмағы – 58%. Сондай-ақ, белгілі болғандай, биыл жіті респираторлық вирустық инфекциялармен ауырғандар саны өскен. Алайда, мамандар оны тұмау­дың маусымдық ерекшеліктерімен байланыстырады.

Десе де, «тұмаумен қатты ауырдық» деген немесе баласы пневмониямен ауруханаға жатып шыққан таныс, тума көп. Бәлкім, асқынулар себебі метапневмовирус болар. Әр жағдайды зертханалық зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button