Ресми

Металлургтер қаласы: жүктеме де, жұмыс та көп

Металлургтер шаһары шырайлана түспек. Алдағы уақытта қала аулаларында 30 ойын алаңы мен 10 футбол алаңы орнатылады. Биыл 52,5 шақырым автожол жөнделіп, жарық бағандары жаңартылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылаулар қойылады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауға барған жұмыс сапарында тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Қаладағы бірқатар нысандарды аралап, қала әкіміне тиісті тапсырма жүктеді.

Қатаң талап жүйелі жұмыс үшін

Әкім Теміртау қаласында ЖЭО-2 жетінші қазандықтың құрылысына көңілі толмайтынын жеткізіп, мердігерге жұмысшылар санын көбейтуді және жұмыс кестесін қатаң сақтауды тапсырды.

Қазіргі уақытта жетінші қазандықтағы жұмыстың 70 пайызы орындалды. Жұмысқа 200 адам жұмылдырылып отыр. Мердігер толық жұмысты қазан айында аяқтаймыз деп отыр. Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге жауапкершілікті еске салып, қазандықты мерзімінде іске қосу міндетін қойды.

– Биыл біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету. Біз жөндеуді уақытында бастап, уақытында аяқтауымыз керек. Жөндеу жұмыстары кестеден кешікпеуі керек, – дейді аймақ басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлы Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбековке энергетикалық қадағалау департаментімен және энергетика басқармасымен бірлесіп, бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалада 10 мамырдан кейін жылу желілерін ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. Ермағанбет Бөлекпаев жылу магистральдарын қайта құрумен айналысатын мердігерлермен кездесті. Биыл алты жоба жүзеге асырылуда. 29 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеу керек. Қазіргі уақытта №1 жылу магистралі учаскесі бойынша барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Амангелді көшесіндегі №2 жылу магистралінде 1,8 шақырым жөнделеді, Абай көшесінде 4,6 шақырым құбыр ауыстырылады. Республика даңғылынан Амангелді көшесіне дейін Металлургтер даңғылындағы №3 жылу магистралінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Мердігер барлық жұмыстарды қыр­күйек айында аяқтауға уәде берді.

Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласының әкіміне жылу желілерін қайта құруды қатаң қадағалауды тапсырды.

Трамвай паркі жаңарады

Облыс әкімі Теміртау трамвай паркіне де барды. Осы жылдың басынан бастап, трамвай қозғалысы тоқтатылды. «ТАА» ЖШС басшысы Нұрлан Рыспековтің айтуынша, трамвай паркін қалпына келтіру үшін көп қаражат қажет. Барлық вагон жарамсыз болып қалған. Көбісі 40-ыншы жылғы, 2 миллион шақырымнан аса жол жүріп тастаған. Трамвай жолдарын жаңарту қажет. Техникалық тексеру жүргізіліп, жоба әзірленгеннен кейін трамвай паркін Теміртау әкімдігінің балансына беру мәселесі де шешімін табатын болды. Облыс әкімі қала тұрғындары үшін трамвай көлігінің аса маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлек­паев қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді талқылады.

Жастар үйімен – жаңашылдыққа

Биыл Теміртауда Жастар үйі ашылады. Жаңа нысан қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Бұрын колледж болған, кейіннен иесіз қалған ғимаратты жөндеуден өткізіп жатыр. Аймақ басшысы мұндағы жұмыстармен де танысты.
Орталықта 150 орындық акт залы, спорт және би залдары, екі коворкинг-зал, дыбыс жазу студия­сы болады. Мұнда еріктілер мен жастар ұйымдарын көшіру, дыбыс жазу студиясын ашу жоспарлануда. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де инклюзивті үйірмелер жұмыс істейді. Ардагерлер ұйымы да осында орналасады.

Нысанды қыркүйек айында тап­сырады.

Көше көркейіп, қала түрленеді

Жоғарыда атап өткен балалар­дың ойын алаңы 6, 7 және 8-шағын­ауданның, 70-орамның, Республика, Бейбітшілік және Металлургтер даңғылының, Ш.Уәлиханов, Абай, Бәйсейітова, Чернышевский, Н.Әб­ді­ров, Теміртау және Қазақстан көшесінің ауласында орнатылады. Он футбол алаңынан басқа, үш жаңа спорт алаңын жабдықтауға уәде беріп отыр қала әкімі Ораз Тәуірбеков. Ақтау кентінде де бес ойын алаңы салынады. Мұнда көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатыры жөнделеді. Биыл осындай жұмыспен 14 үйдің қамтылатынын айтты қала басшысы. Онымен қоса, ақтаулық тұрғындар орталық жылу қазандығын салуды көптен бері көтеріп келген еді. Жобалау-сметалық құжаттары әзір. Қазір мемлекеттік сараптамада. Кенттің Шығыс, Пошта және Коллективная көшесіндегі 6,6 шақырым жолды жөндеу қарастырылып отыр.

Кездесуде тұрғындар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі, ТКШ жай-күйі мәселелерін көтеріп, бұқаралық спортпен шұғылдануға көбірек мүмкіндік беруді сұрады. Бірқатар өтініштер бойынша Ермағанбет Бөлекпаев бірден қала басшылығына тапсырма берді.

Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Ермағанбет Қабдулаұлы «Горка Дружбы» шағын ауданындағы № 2 үйдің тұрғындарымен жеке кездесті.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button