АймақБалқаш

Металлургияның бүгінгі мұрагерлері

Металлургияның өңірімізде елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған өндірістік құрылымның бірі де бірегейі екені даусыз. Төрт мың жылдыққа жуықтайтын тарихы бар металлургия­ның бүгінгі мұрагері ретінде танылған еліміз металлургтердің жанкешті еңбегінің арқасында аймақтың тыныс-тіршілігіне қуат беріп отыр. Металлургиямен тыныс-тіршілігі қайнап жатқан Балқашта бұл мамандық иелеріне құрмет зор. Бүгінде кемеліне келіп, шартарапқа атағы жайылған мыс зауытында еселі еңбек етіп жатқан даңқты жұмысшылар аз емес. Солардың бірі 86 жылдық тарихы бар анод учаскесінің №4 ауысымның балқытушысы – Жақсыбек Құдайбергенов.

Балқыған мыстың ортасында жүру, мыс балқыту оңай емес. Мұнда металлургтер ұстаздарымен мақтанады. Жақсыбек Есбергенұлы да өзінің алғаш еңбек жолын бастаған сәтте ұстаздық еткен Қанат Сауранбековті тілге тиек етті.

– Біздің жұмыста, ең алдымен, еңбек қауіпсіздігі бірінші орында. Өйткені, адамдардың амандығы, денсаулығы маңызды. №4 ауысымда жиырмадан аса адам еңбек етеді. Балқытушылар мен конверторшылардан, слесарь-жөндеушілер, өңдеушілер, аппаратшылар мен кран машинистерінен тұратын мықты мамандар шоғыр­ланған. Мен осы жұмысқа 2019 жылы 3 желтоқсанда кірістім. Сол кезде мені осы жұмысқа баулып, тәрбиелеген Қанат Сауранбеков есімді мықты металлург. Табиғатынан сөзден гөрі еңбекке бейім азамат. Ауысым биік межелерге жетсе, осындай мықты ұстаздардың арқасы деп білемін, – дейді Жақсыбек Құдайбергенов.

Балқытушының айтуынша, жұмыстары күнделікті жоспарға сәйкес. Анодтық пеште сұйық, тазартылмаған мыс қайта өңделедi. Бұл сұйық мыс немесе мис­тер қалақшаға құйылып, аспалы кранмен анодтық пешке берiледi. Анодтық пеш мазутпен жұмыс iстейдi. Анодтық бөлiктегi жұмыс балқытылатын және құйылатын деп екi бөлiмге бөлiп, қарастырылады екен. Пеште өнім 3 жарым сағат қайнап, толықтай дайын болады. Қазіргі анод пештерінің сыйымдылығы 400 тонна сұйық мысқа дейін. Ал, пештің сыйымдылығы – 220 тонна көлемінде.

Ақтоғай ауданы Нұркен ауылында дүние есігін ашқан Жақсыбек Құдайбергенов бала күнінен көрік басып, төске балға соғуды үйренген. Өйткені, әкесі Есберген Құдайбергенұлы темірден түйін түйген ұста болған. Ат әбзелдерін жасап, ауыздық, тағаны қолдан соққан. Алғашында ол әкесінен ноқта, тартпа тіліп, кейін әбден ысылып қамшы өруді меңгерді. Бірақ, жалынды жас спортқа ынтасы ауып, Нұркен Әбдіров атындағы мектепті 2002 жылы тәмамдаған соң Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң білім ошақтарында ұстаздық етті. Бала жасында көрік басқан жігіт уақыт өте келе мысы қайнап жататын өндіріске баруға шешім қабылдайды. Жақсыбектің айтуынша, мұндағы мамандар өндірістік тағылымдамадан жиі өтеді. Соның арқасында, балқыту ісіне көзі қанығып, үйреніп, біраз жайтты ой сарабынан өткізіп, көңілге түйетін көрінеді.

Жақсыбек жары Гүлзатпен бүгінде ұрпақтарының қызығын бірге көруде. Көзінің ағы мен қарасындай Қадірхан, Айарудай балаларының қорғаны.

Айтпақшы, кейіпкеріміз жақында «КәсіпҚорған» кәсіп­одағы филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды. Біз бұны еңбегінің еленгеніне баладық.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button