Металлург микроскопы
Қарағандылық «Политехтің» байырғы тарихы мен толағай табыстары Елбасының еңбек жолымен сабақтас. Олай дейтініміз, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1962-1965 жылдары инженерлік білімін ҚарМТУ-да меңгерген. Аталмыш оқу орны еліміздің Тұңғыш Президенті қолданған микроскопты сақтап отыр.
Сол микроскопты ҚарМТУ-дың ұжымы мақтан тұтады. Ол оқу орнындағы тәжірибе алаңына айналған орталықта сақтаулы тұр. Елбасының курстасы, ҚарМТУ-дағы энергетикалық жүйелер бөлімінің профессоры Қайрулла Қызыров: «Сол шақта аталмыш микроскоппен қара түсті металға зерттеу жүргіздік. Құрамын анықтауда өзара тыңғылықты, топ болып жұмыс жасадық. Мамандыққа қызығушылығымыз зор болғаны соншалық, микроскопиялық зерттеулер нәтижесінде, инженер кадр атанып, білікті жұмысшының қатарына дейін көтерілдік. Нұрсұлтан ортада ой-пікірін ашық талдаудағы қабілетімен ерекшеленетін. Біздің оқу топтарындағы достық атмосфера өмірлік тәжірибеге айналды», – дейді.
«Политехтегі» жылдарын еске алатын Елбасы «…Мен саналы өмірімнің 20 жылын Қарағанды мен Теміртау қалаларында өткіздім. Қарағанды политехникалық институтында оқыдым…» деп жиі айтады. Политехте оқығанда студент Нұрсұлтан қара және түсті металдар құю өндірісіне қызыққан екен. Аталмыш микроскоппен «МЧМ – 62-2» тобының студенті 1964 жылы металдар мен қорытпалардың микроқұрылымын зерттеген.
Көпке белгілі, 1958 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласына келді. Сол жылдың қараша айында жас және келешегі бар жұмысшы ретінде ол Украинаның Днепродзержинск техникалық училищесінде оқып, негізгі металлургия мамандығын игеру мақсатымен Қарағанды металлургия зауытында, домна пешінде еңбек етті. Металлургияны терең меңгеруге құштарлық Елбасын жоғары білім алуға бағыттады. Қарағанды металлургия зауыты инженер кадрдың жетіспеушілігін сезіп, жас жұмысшының ынтасын біліп, Қарағанды политехникалық институтына оқу үшін жібереді. Зауыт есебінен стипендия төлейді. Сол шақта аталмыш микроскоп, тек, Елбасына ғана емес, көп студентке көмекке келген. Жас мамандар металдың құрамын түбегейлі зерттеп, инженер болуға талпынған.
Сөйтіп, инженер кадрларды даярлау жүйесі 60-шы жылдары айтарлықтай ерекшеленген. Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауда тұратын абитуриенттерден құралған «LP-62-2» тобына (қара және түсті металдар құю өндірісі) қабылданған. Сол кезде барлық техникалық колледждер оқу-өндірістік жұмыстардың комбинациясына ауысқан. Тренинг «DV» жүйесі бойынша жүргізілді. Студент бір уақытта өндірісте жұмыс істеп, институтта 1,5 жыл білім алды. Сөйтіп, Н.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл (1962-1965) оқыды. Теміртау қаласында жаңадан құрылған «Теміртау ВТУЗ -на» ауысқанға дейін металлургиялық инженер дипломын алды. Сол жылдары Қарағанды политехникалық институты Әбілқас Сағыновтың жетекшілігімен қарқынды дамып, республиканың жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі болды. Жоғары білікті мамандарды даярлау міндетін жүйелі атқарды. Елбасының сол шақтағы үзеңгілестері қазіргі таңда өндірістің білгірі әрі республикаға белгілі профессорлар атанды.
Елбасы 2012 жылдың 1 желтоқсанында ҚарМТУ-ға арнайы ат басын бұрды. Сол жылы еліміздің Тұңғыш Президенті күні жалпыұлттық мереке ретінде алғаш рет аталып өткен. Студенттік шағы өткен байырғы білім ордасын тамашалап, бірге оқыған курстастарына қарата: «Біз қолданған осы микроскоп естеріңде ме? Еңбек жолымызға жарқын бастама берген құрал» деп еске алған. Аталмыш білім ордасына ілтипатын құрметті қонақтар кітабына жазып қалдырды.
ҚарМТУ-дың тарихи мұражайының басшысы Дәмеш Жасарованың айтуынша, «Политех» – Елбасының президенттік мансабының басталуына әсер етті. Қоғамдық өмірге белсене қатысып, спорттық жарыстарда өнер көрсетіп, жақсы боксшы болған. Әсіресе, оған «КОКП тарихы», «диалектикалық материализм», «философия», «саяси экономика» сияқты әлеуметтік пәндер ұнаған. Аудиторияда әңгіме тақырыбын мұқият меңгеріп, диалогтарға қызығушылық танытқан. Президент өмірін зерделеген мұражай басшысының айтуынша, «Бір микроскоптың өзі студентті алға жетелеп, Елбасына ұқсауға талпындырады. Президент жолын үлгі тұтар жастар өсіп келеді».
Бүгінгі таңда Елбасы қолданған микроскоптың заманауи үлгісін жасаған студенттер университетті озық технологиялы тәжірибе алаңына айналдырды. Қазір ҚарМТУ – Қазақстанда және шетелде кеңінен танымал оқу орны. Бүгінгі таңда «Робототехника. Басқару жүйелері», «Металлургиядағы нанотехнологиялар», «Кен-металлургия кешеніндегі инновациялық технологиялар. Геотехника», «Кен-металлургия өнеркәсібіндегі дәнекерлеу өндірісінің инновациялық технологиялары» және «Металлургиядағы құрылыс инжинирингі» саласын дамытуға үлес қосуда. Бұл жөнінде ҚарМТУ-дың бірінші проректоры Аристотель Исағұлов: «Микроскопқа қызығатындар көп. Кейбір студенттер іздеп келіп, көреді. Бұл бізді оқытушы ретінде қуанышқа бөлейді. Аталмыш құралды студенттеріміздің көз алдына қойдық. Олар күн сайын Елбасының өнегелі жолын жалғап, әрбірі бір-бір ғылымды меңгерген маман болғанын қалаймыз», – дейді.
Қазіргі таңда «Политехтің» жаңа буын инженерлері микроскопиялық зерттеулердің нәтижесінде, әлемдік деңгейдегі Мичиган, Гонконг, Вена, Рейн-Вестфаль, Бирмингем, Лотарингия, Нанси университеттері, Ұлы Петрдің Санкт-Петербург политехникалық университеті, Том политехникалық университеті, Мәскеу болат және балқымалар институты, Урал федералдық университетінде тәжірибеден өтеді. Алдымен, Қар-МТУ– TOTAL, ArselorMittal, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, ERSAI, Leica Geosystems, EPАМ Systems, FLUOR, CHINA KINGHO ENERGY GROUP, «Қазақмыс», «Имсталькон», KEGOC компанияларының серіктесі. Университетті бітірген түлектер трансұлттық және ұлттық компаниялардың жетекші мамандары атанған. Бәрі – білімнің бір биігін бағындырып, ғылымға бағыт алғандар. Бұған таңқалуға тиіспіз. Десек те, бар құпия – «Политехтің» жастарын шабытқа бөлейтін Елбасының микроскобында болуы мүмкін.
Аяулым СОВЕТ