"Білгенге маржан"

Мешін

    Григорян күнтізбесіндегі маймылдың суретін көріп, оның астындағы «Год обезьян» деген жазуды да оқып жүрміз. Себебі, орыста «Мешін» деген сөз де, ұғым да жоқ. Мысалы, «Мешін» деген сөз де, жыл да өзбекте де жоқ. Өзбек Мешін жылын «Маймун ийли» дейді. Яғни, «Маймыл жылы» дегені. Тағы да өзбекте «Балық жылы» деген де бар. Ол — біздегі Ұлу жылы. Алматыдан 2013 жылы шыққан «Қазақ сөздігінің» («Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі») 927-бетінде «Мешін 1.Маймыл. 2. Астр. Ескіше жыл қайырудағы тоғызыншы жылдың аты. Мешін — суда жүретін қоңыз» деп нақты тұжырым жасамай, екіұштылау етіп қалдырған. Мешінді суда жүретін қоңыз деуі сәл шындыққа жанасып, ақиқаттыққа жақындайды. Шын мәнінде, мешін хайуанатқа жатпайды, жәндіктер тобына кіреді. Себебі, мешін маймыл емес – балық.

    «Парасат» журналының бас редакторы Серік Әбікен: «қазақ мүшелге киелі жануарларды енгізген. Жылсанақ алты арам, алты адалдан есептеледі. Қой, жылқы, сиыр, қоян, тауық — адал, тышқан, жылан, ұлу, доңыз, ит, барыс — арам. Оған мешінді қоссақ, арам жетеу болады. Адалдықты арамдыққа бастыру қазақы түсінікке жат. Балық десек, тепе-теңдік сақталады».

    Мешін деп түркілер Үркерді (Шоқжұлдыз) айтады екен. Оларда «Мечин Улу» – таудың аты. Бізше «Ұлы Үркер» тауы боп шыға келеді. Ең қызығы сол, шоқжұлдыздың суретіне қарасаң, пішіні балыққа келеді. Бұл тек сәйкестік пе? Ал, түріктің алтын бесігі болған Алтайдың тұрғындары мен Ресейдің Батыс Сібіріндегі ат төбеліндей телеуіттер мешіннің Шоқжұлдыз екеніне шүбә келтірмейді. Олар үшін мешін 8-жыл, былтыр өткізіп жіберіп, биыл қойды өткеріп отыр. Орхон-Енисей бойындағы VІІІ ғасырда қаза тапқан Күлтегін бабамыздың ескерткішінде «қой жылы қайтыс болды… мешін жылы ескерткіш қойдық» деп жазылып тұр ғой. Сондықтан, «мешіннің» түпкі егесі кім екені тіл ғалымдары жабыла зерттейтін мәселе.

Ғаламтор деректері бойынша

әзірлеген

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button