Бас тақырып

Меритократия және мемлекеттік қызмет

Еліміздің дамуына үлес қоса алатын білімді, білікті, белсенді жастарға мемлекеттік қызметтің есігі әрдайым ашық болуы тиіс. Осы орайда ел ісіне араласатын бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған.

Сурет z-taraz.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет» деп атаған. Бүгінде осы қағида аясындағы жұмыстар басталып кетті. Өңірлерде жас мамандарға қолдау көбейді. Меритократия қағидаты негізінде жастардың қызметте ілгерілеуіне жағдай жасалуда.

Кейінгі жылдары мемлекеттік қыз­метшілердің орташа жасы 39-40 жас аралығында. Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі жастар үлесінің төмендеу үрдісі байқалды. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы» Ұлттық баяндамаға сүйенсек, 2018 жылы жастар үлесі – 24,6 пайыз, 2019 жылы – 23 пайыз, 2020 жылы – 21,6 пайыз, 2021 жылы – 18,1 пайыз, 2022 жылы 17,8 пайыз болған. Осыны ескерген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кейінгі кезде жас мамандарды мемлекеттік қыз­метке тарту мақсатында өңірдегі департаменттерде «Жас мемлекеттік қызметшілер мектептерін» ашты.

Бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу үш рет өтті. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытқан. Олардың нәтижелері бойынша резервке 400 адам қабылданды. Нақтыласақ, 2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы 50 адам қабылданды.

Бүгінде резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде. Бұл олардың жалпы санының 80%-ы жұмысқа орналасты деген сөз.

Биылғы 1 маусым және 25 қазан аралығында Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті төртінші іріктеуді өткізу жоспарланған.

Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты. Үміткерлердің жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы жөніндегі талаптар сақталады. Сонымен қатар, кандидаттар резервке алты салалық бағыт бойынша іріктеледі. Оның ішінде, «әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам», «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты», «экономикалық және қаржылық саясат», «цифрландыру», «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау», «сыртқы саясат және инвестициялар» бағыттары бойынша қарастырылады.

Айта кеткен жөн, іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен тұлғалар бес жыл мерзімге резервке алынады. Бес жыл ішінде резервке енген адамдар жұмысқа орналасуы тиіс. Олардың кейбіреуі бірден жоғары лауазымдарға ие бола алады. Кейбіріне бастапқыда төмендеу, бірақ, одан әрі өсудің нақты перспективасы бар лауазым ұсынылуы мүмкін. Ұсынылған қызметтерді құп ала ма, алмай ма, резервтегі кадрлар өздері шешеді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button