Стенд атудан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль жеңіп алды
Стенд атудан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 5 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде бар. Ел қоржынына түскен олжаның басым бөлігі біздің өңір спортшыларының еншісінде.

Әйелдер арасындағы «скит» сайысында Аделя Садықбай қарсыластарын шаң қаптырып, алтын медаль иеленді. Ал, дәл осы сайыс түрінде тағы бір жерлесіміз Ольга Хайлова үшінші орынды еншілеп, қола жүлдені қоржынға салды.
Сонымен қатар, «скит» дисциплинасында әйелдер құрамасы командалық есепте де алтын медальға қол жеткізді. Жеңіс тұғырына көтерілген құрама сапында Аделя Садықбай мен Ольга Хайлова бар. Бұл нәтиже Қарағанды мергендік мектебінің әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ерлер арасындағы бәсекеде де қарағандылық спортшының мерейі үстем болды. «Скит» сайысында Эдуард Ещенко мергендігімен көзге түсіп, күміс медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, ол командалық жарыста да ел намысын қорғап, қола жүлдеге қол жеткізген ерлер құрамасының сапында өнер көрсетті.
Айта кетейік, стенд атудан Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін жалғасады. Алғашқы күндердің өзінде-ақ қарағандылық спортшылардың жоғары нәтижеге қол жеткізуі өңір спортының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатып отыр.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



