Мергендер мерейі
Қазақстан командалары бес күн бойы Дубай қаласында өткен әлемнің үздік арнайы жасақтары арасындағы UAE SWAT Challenge деп аталатын додада ел намысын абыроймен қорғап, жарысты айқын жеңіспен аяқтап келді. Команда құрамында ортақ жеңіске орасан үлес қосқан қарағандылық Әмірхан Махатов пен Ердәулет Жанғали есімді жауынгерлер де бар.

UAE SWAT Challenge – тактикалық операциялар, ғимарат пен мұнараны басып алу, кепілге алынғандарды және офицерлерді құтқару, сондай-ақ кешенді кедергілер жолағынан өту секілді бес күрделі кезеңнен тұратын халықаралық жарыс. Бұл сын алаңында тек күш пен шапшаңдық қана емес, командалық рух пен стратегиялық шешім қабылдау да қажет. Елдің намысын қорғаған арнайы жасақ әлемнің назарын өзіне осылай қаратты. Бұл – әрине, облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны, мерген Әмірхан Махатов пен Қарағанды қаласындағы 5450 әскери бөлім капитаны, мерген Ердәулет Жанғали секілді жігіттердің мығым дайындығымен, қайсар рухымен келген байрақты жеңіс.
Бұл аға инспектор Әмірхан Ерсайынұлының әлемдік деңгейдегі алғашқы додасы емес. Ол – тәжірибелік атудан спорт шеберлігіне үміткер, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Мұнымен қоса, жастайынан дзюдомен жаттығып, бұл спорт түрінен де талай бәсекеде топ жарды.
– Арнайы құрылымдар арасындағы бұл жарыс – мергендік пен жылдамдықтың ғана емес, темірдей тәртіп пен мінсіз командалық үйлесімнің сынағы. Бағдарлама бес күрделі кезеңнен тұрады, әрқайсысы шынайы операцияға барынша жақындатылған. Алғашқы жаттығуда бір мерген мен төрт шабуылдаушы көліктен түсіп, кедергілерден өтіп, ғимаратқа шабуыл жасайды. Мерген мылтықпен және тапаншамен атып, топқа белгі береді. Соңында нысаналарды әр қалыпта көздеп, шартты түрде жараланғандарды тасымалдаумен аяқталады, – дейді мерген Әмірхан Ерсайынұлы.
Жарыс бағдарламасында белгіленген бес сынақ дәлдік, төзімділік, тактикалық ойлау мен командалық бірлікті қатар тексереді. Бұл күрделі тапсырмаларды шебер орындап шыққандардың бірі қарағандылық мерген Ердәулет Жанғали еді. Әскери сала – оның бала күнгі арманы. Теледидардан әскери бағдарламаларды көріп, «осындай форма киіп, елге қызмет етемін», деп өзіне серт беріп өскен көрінеді. Бүгінде сол арманы шындыққа айналып, ол Отан алдындағы жауапты міндетін адал орындап жүр.
– Жарыстың атмосферасы ерекше болды. Ережелер қатаң, талаптар бұрынғыдан да күрделі бола түсті. Бес күн бойы әр күннің өз шарты, өз сынағы болды. Мерген ретінде мен үш қалыпта – жатып, отырып және тұрып аттым. Әр қалып дәлдік пен тұрақтылықты талап етеді. Нысаналарды орындаған соң бірден жүгіріп келіп, 80 келілік сұлбаларды көтеріп, мәреге жеткізу керек болды. Яғни мерген тек мергендікпен емес, күш пен төзімділікпен де сыналды. Екінші күні бес қабатты ғимаратқа көтеріліп, 60 метр қашықтықтағы нысананы бір оқпен құлату тапсырылды. Сол бір оқ бүкіл команданың қозғалысын шешеді – нысана құламайынша топ алға жылжымайды. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Үшінші күн ең қиын кезеңдердің бірі болды: 60 метр қашықтықта диаметрі 3 сантиметрлік қара шеңбердің дәл ортасына төрт рет тигізу керек. Аз ғана қателік командалық нәтижеге кері ықпал етеді. Төртінші күні қашықтық ұзарды: алдымен 100 метрден үш нысана, кейін бесінші қабатқа көтеріліп, 300 метрден екі нысананы ату керек болды. Шаршаған күйде дәлдік сақтау оңай емес. Бесінші күн – күш пен намыстың сынағы. Қарусыз кедергілер жолағы, жоғары жүктеме, тек командалық рухқа сүйенесің. Осы бес күнде біз жоғары нәтиже көрсетіп, барлық қиындыққа төтеп бердік. Соның арқасында жеңіске жеттік. Бұл – табандылық пен бірліктің жеңісі, – дейді Ердәулет Жанғали.
Жеңіспен оралған Қазақстан құрамасын ел айрықша құрметпен қарсы алды. Командир Ердәулет Жанғали Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал Әмірхан Ерсайынұлы Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды.
Ел командасының жеңіске жетуіне үлестерін қосқан қос қарағандылық жауынгер «Көк ту биікке көтерілгенде, көзге еріксіз жас келді», дейді. Елге деген махаббаттың ең биік көрінісі – осы. Жігерлі жігіттер мен қайратты қазақ қыздары – намыстың наркескеніндей, рухтың байрағындай. Жаса, қазақ жауынгері!
Қасымхан Бүркітұлы,
«Ortalyq Qazaqstan»



