Жаңалықтар

Мергендер бақ сынасты

Қарағандыда жауынгерлік қарудан оқ атудан Қазақстан чемпионаты өтті. Ату жарысы екі бөлімнен тұрды. Бұл – мылтықтан және тапаншадан қозғалмайтын нысанаға бірнеше рет атудағы дәлдік сынағы.

 

Чемпионатқа Қазақстанның түпкір-түпкірінен Ұлттық ұланның, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан академиясының және 5573 және 6654 әскери бөлімдерінің 35 әскери қызметшісі қатысты. Бұған дейін сарбаздардың әрқайсысы әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда іріктелген болатын.

Шараны салтанатты түрде ашу мәртебесі «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Нұрбол Миртаевқа берілді.

– «Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты қалыптастырамыз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, жауынгерлік қарудан ату бойынша Ұлттық ұланның жеке-командалық чемпионаты өтті. Бауыржан Момышұлы атамыз «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген еді. Біздің қос батырымыздың ерлігі, өнегелі өмірі – жастарға бағыт-бағдар берер темірқазық екеніне мен кәміл сенемін, – деді ол.

Сондай-ақ, чемпионаттың ашылуына марқұм жауынгерлердің ата-аналары қатысты. Олар жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне өз батырларын ұмытпаған халқына алғыс білдірді.

Бұдан соң әскери қызметшілер және чемпионатқа қатысушылар, қонақтар Ұлттық ұланның батырлары марқұм Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты гүл шоқтарымен және бір минут үнсіздікпен еске алды.

Одан әрі әскери қызметшілер мен чемпионатқа қатысушылар салтанатты шерумен өтті.

Оқ ату – олимпиадалық және әскери қолданбалы спорт түрі. Шынында да, оқ ату сабақтарында мақсат, табандылық, шыдамдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттер дамиды.

Ерлер қатарындағы біріншілікте әскери қызметшілер де өздерінің ату дағдыларын көрсетті. Қатысушылар 25, 100, 300 метр қашықтыққа ату бойынша жарысты.

Жарыс командалық есепте және жеке біріншілікте сарапқа салынды. Қатысушылар Драгуновтың мергендік мылтығы мен Макаровтың тапаншасын қолданды. Сайыстың екі күндік қорытындысында қатысушылар арасында үздік командалар анықталды. Сонымен қатар, үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар да бар. Олар – А.Қайназарова, Р.Абдрахманов, О.Асқар, А.Жақсыбаев, О.Борсай, Р.Гроскоп. Ал, командалық біріншіліктің  қорытындысында I орын – «Батыс» өңірлік қолбасшылығына табысталды. II орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығы алса, үздік үштікті Ұлттық Ұлан академиясы тұйықтады.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ілияс САҒАНДЫҚОВ,

«Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button