Мерекелік көңіл күй сыйлады
Бала біткен асыға күтетін Жаңа жыл мейрамы жақындап келеді. Мереке қарсаңында барлық мекеме, ұжымдарда түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы филиалы Достық үйіне балаларды шақырып, шырша тойын тойлады.
Ассамблеяның «Жомарт жан» орталығы, сондай-ақ, «Умырзая» татар-башқұрт аумақтық орталығы шараға ұйытқы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға 200-ге жуық бала шақырылған. Оның ішінде, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары да бар. Кішкентай қонақтар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларынан, Абай, Бұқар жырау аудандарынан келген. Сонымен қатар, аймақтағы этномәдени бірлестіктері өкілдерінің балалары да болды.
Жиналған үлкен-кішіні «Жомарт жан» орталығының төрағасы Шамиль Осин құттықтады.
– Жаңа жыл – әсіресе, балаларымыздың күтетін мерекесі. Оны біз, ересектер, есте қалатындай етіп ұйымдастыруымыз керек. Бүгін бәріміз Достық үйінде жиналып отырмыз. Неге оның Достық үйі екенін білесіңдер ме, балалар? Мұнда үлкендер бас қосып, сендердің болашақтарың жарқын болуы үшін ақылдасады, бірлесіп шешім қабылдайды. Сендер сабақтарыңды жақсы оқып, білім алып, үлкен азамат болыңдар. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! – деді Шамиль Осин.
Сонымен қатар, лебізін облыстың ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков жеткізді.
Балалар Аяз ата, Ақшақар, Жалмауыз кемпір және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге ән айтып, би биледі. Шырша тойы шаттық сыйлады.
Лаура Нығыманова он жастағы қызы Әминаны алып келіпті.
– Алты балам бар. Үлкені колледж студенті болса, кішім бір жарымда. Көпбалалы отбасы ретінде қосымша қолдау шаралары жасалады. Мұндай шараға бірінші рет келіп тұрмыз. Балама ұнады, – дейді ол.
Марат Бәкенов болса, осындай шараларға жиі келетінін айтты.
– Баламды алып келдім. Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда оқиды. Өзім Теміртау қаласында құтқарушы болып жұмыс істеймін. Бізге шырша өтетіні туралы жұмыста айтылды. Мұндай шаралар балаға жақсы көңіл күй сыйлайды, мерекені сезінуге әсер етеді. Балаларымды қалдырмауға тырысамын, – деді Марат Бәкенов.
Мерекелік шараға келген барлық балаға сыйлықтар үлестірілді. Олар сонымен қатар, Достық үйінің концерт залында «Disney» студиясының қазақ тіліне аударылған «Аяз атаны құтқару» мультфилімін тамашалады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz