Қарағандыда Наурыз мерекесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтті. Облыс қалаларындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының қатысуымен ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Пришахтинск, Майқұдық, Оңтүстік-Шығыс аудандарында да жалғасты. Онда әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларымен бірге бал, балық сияқты өзге де сұраныс бар өнімдер саудаланды.
Сол күндері жәрмеңкеге ағылған ағайынның көңіл күйлері аса көтеріңкі болды. Оған күн шуағы молынан төгілген көктемнің жағымды ауа райы да әсер еткен болуы тиіс. Қалай десек те, жаңарған күн мен жаңғырған маусым лебі сатушылар мен сатып алушылардың арасында өзара түсіністік пен ымыраның орнығуына сеп болғандай әсер қалдырды.
Сондай-ақ, мереке күні Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандарында да халыққа төмен бағамен азықтүлік сатып алуға мүмкіндік берілді. Қолжетімді бағаға азықтүлік алып, жәрмеңкеге көңілдері толған тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Жәрмеңке кезінде тұтынушылардың жекелеген азықтүліктердің дәмін татып көруіне де қолайлы жағдай жасалған.
– Жәрмеңке маған ұнады. Баға арзан. Жұмыртқа алдым. Осындай сауда-саттық жиі ұйымдастырылса деймін. Картоп, сәбіз, жұмыртқа барлық жерде қымбат. Жәрмеңкенің бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін жасалғаны қуантты. Түрлі кәсіпорындар қатысқандықтан, құс фабрикалары, ет, жұмыртқа, сүт өнімдері және тұрақтандыру қорының өнімдері де бар, – дейді қала тұрғыны Дария Бақытқызы.
Жәрмеңкелерде облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 64 тоннаға жуық ет (сиыр еті, жылқы еті, қой еті) өнімдері қойылды. Сондай-ақ, қала тұрғындары 175 мың дана жұмыртқа, 15 тоннадан астам сүт өнімдері және өзге де өнімдерді орташа нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен алды.
Келесі шағын жәрмеңке 29 наурызда («Жастар» Мәдениет үйі – Пришахтинск, «Ұмай» сауда үйі – Майқұдық, «Global Cuty» – Оңтүстік-Шығыс) өтеді.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан